Мәдениет

Мұқанның ән кеші

Өнер

Ел ішінде Мұқан атымен танылған әнші, баяншы Мұқамбетқали Сатыбаев 70 жасқа толды. Ғұмырының отыз жылға жуық уақытын Ойылдың мәдениетін дамытуға арнаған өнер иесі өзінің мерейтойына орай туған жер жұртшылығына «Жәрмеңкелі Көкжардың түлегімін» атты жеке шығармашылық ән кешін ұсынды.

Аудандық Мәдениет үйін қоңыр үнімен тербеген кешті оның өнерде де, өмірде де үзеңгілес жолдасы ақын Нұрлыбек Қалауов жүргізді. Айтулы кеште «Мұқанның әндерін сағына келдік», — деген тыңдармандар көп болды.

Ойылда мәдениет саласында ұзақ жыл еңбек еткен Мұқамбетқали Сатыбаев кейін Ақтөбе қаласындағы №21 мектеп-гимназияда музыка пәнінің мұғалімі болып, үйірме жұмысын жүргізді. Жиырма жылдың ішінде өнер саласында жеті жүзге жуық шәкірт тәрбиелеген. Олардың ішінде аймақтық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері де аз емес.

Ол өнердегі шығармашылық жолын он жеті жасында бастаған. Сол кезде алғаш рет Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әкеме» деген әнін орындаған. Жұртшылықпен кездесу кешінде де сахна шымылдығын өмірлік темірқазық жұлдызы болған осы әнмен ашты. Мағынасы терең, халықтың жадында мәңгі өлместей сақталып қалған жүрек тебірентер әндерге сусаған жұртшылық әншіге деген құрметін, ыстық ілтипатын тоқтаусыз соғылған шапалақтарымен жеткізді. Әрі қарай кеш «Ойыл толқыны», «Қаздар қайтқанда» әндерімен жалғасып, қоңыр дауыс пен баян үні тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды. Ұстазының мерейін асырып, шашпауын көтеріп келген шәкірті Медет Оразаев екеуі бірге де, жекелей де бірнеше халық әндерін тамаша орындады.

«Көкжар бойында үлкен мәдениет қалыптасқан. Ол — осы ән мен өнердің мәдениеті. Осы жерде кешегі Мұхит, Ғарифолла мен жәрмеңке тұсында Қызылдың ән мектебі қалыптасты. Көкжардың киелі топырағынан қаншама ақын, әнші, күйші, жыршылар шықты. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш», — деп Ойылды өнердің ордасы екенін ақтарыла айтқан Нұрлыбек Қалауов әріптесі Мұқан Сатыбаевтың өнер жолындағы қызықты сәттері мен жетістіктерін мақтанышпен жеткізді.

Кеш соңында Мұқамбетқали Сатыбаевты мерейлі жасымен құттықтаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев сый-сияпатын ұсынып, кеудесіне «Ойыл ауданына 100 жыл» медалін тақты. Сонымен қатар көрермен қатарынан арнайы ыстық лебізін білдіріп, өткен шақтағы қызықты сәттерімен бөліскен ағайын әншіге шапан жауып, шексіз құрмет көрсетті.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button