Пікір

«Кезектен тыс Президент сайлауы — еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын шешім»

Бұл — Қазақстандық қоғамды дамыту институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдиновтің пікірі

— Кезектен тыс Президент сайлауы — еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын шешім. Мұндай пікірді Қазақстандық қоғамды дамыту институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Бүгін Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды және осы бастамаға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жасады. Осы орайда бірнеше бағытты айқындап алуымыз керек. Біріншіден, 2019 жылдан бері Мемлекет басшысы әуелі саясат, одан кейін экономика қағидасы аясында саяси реформалар жүргізуді бастап кеткен еді.
Бүгінге дейін төрт саяси реформа топтамасы қабылданды. Оның логикалық нәтижесі ретінде жазда өткен конституциялық өзгерістерге қатысты жалпыұлттық референдумды атап өтуге болады.
Екіншіден, жалпыұлттық референдум Қазақстан халқының елдегі болып жатқан саяси өзгерістерді қолдайтынын көрсетті. Соның нәтижесінде аталған өзгерістерді жүзеге асырудың нақты тетігі керек болды. Бұл орайда конституциялық реформа кезінде барлық саяси билік тармағының толықтай трансформациясына қатысты өзгерістер енгізілді. Яғни бұл — сайлау туралы заңнамаға өзгеріс, саяси партияларды тіркеуге байланысты жеңілдіктер, әкімдерді тікелей сайлау және де жалпы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының орталықсыздандыруы», — деді Қазбек Майгелдинов.
Институт басшысының атап өтуінше, елімізде Парламенттегі Мәжілістің құзыретін күшейту бойынша да өзгерістер қабылданды.
Ал оны жүзеге асыру үшін ең алдымен Парламент жаңа құрамда болуға тиіс.
Өйткені Мәжіліске пропорционалды-мажоритарлық модель арқылы сайланған депутаттар келуі керек.
«Енді жаңа саяси партиялардың билікке келуіне мүмкіндіктер жасалуы қажет. Сондықтан кезектен тыс парламент сайлауының өтуі өзін ақтап отыр. Үшіншіден, Президент өзінің электоралдық циклін Тәуелсіздік тарихымызда алғаш рет алдын ала жариялады. Яғни бірінші қыркүйектегі Жолдауында атап өтті. Бұл саяси пікір алуандығы мен демократияның барлық ұстанымдарына сәйкес келеді. Өйткені саяси партияларға бірінші қыркүйектен бастап 2023 жылы өтетін парламент сайлауына, 20 қарашада өтетін Президент сайлауына алдын ала дайындалуға, кандидаттарын ұсынуға, жалпы сайлауалды науқанға дайындалуға мүмкіндік берді деуге болады», — деді ол.
Қазбек Майгелдинов қазіргі геосаяси турбулент жағдайында, көрші елдерде болып жатқан қақтығыстар кезінде еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін кезектен тыс Президент сайлауы қажет екендігіне назар аудартады.
«Өйткені 7 жылдық мерзімге сайланатын Президент, бір жағынан, қоғамдағы әртүрлі күштерді біріктіруге, екінші жағынан, бастамаларын, қандай да бір саяси-әлеуметтік, экономикалық реформаларын тиянақты аяқтауға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл жолғы кезектен тыс Президент сайлауы 2019 жылдан бергі үш жылда жасалған саяси реформалардың нақты нәтижелерін жүзеге асыруға арналған нүкте деп білеміз. Екінші жағынан, мұны еліміздің тұрақты дамуына үлес қосатын шешім ретінде қабылдаған жөн», — деді сарапшы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button