Жаңалықтар

Қайтарымсыз қаржының көмегі

Газет бетінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлік нысанын ашқандар туралы аз жазылып жүрген жоқ. Жеңілдікпен несие рәсімдеп, мүлдем жаңа саланы игеріп жатқандар да біршама. Олардың дені — жастар.

Бұл жолы біз Темір мен Байғанин аудандарында жүріп-ақ мемлекеттік жобаның шарапатын көрген бірнеше кәсіпкерге тоқталмақпыз.

Табыс әрі тәрбие

Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелді ауылында Гүлнұр Боранбаеваны көпшілігі таниды. Өйткені ол — бірнеше жылдан бері отбасылық кәсіпті табысты жүргізіп отырғандардың бірі. Кейіпкеріміз сол арқылы ауылдастарының алғысын да алып жүр.

Тамыз айында ғана «Айханым» балабақшасын ашқан кәсіпкер қазірден-ақ тәрбиеленушілердің лық толы екенін айтады. Кезегін күткендер әлі де аз емес.  

— Ауданда балабақша кезегінде тұрғандар көп. Шүкір, демографиямыз жыл өткен сайын жақсарып келе жатыр. Осыны қаперге алып, жолдасым екеумізде балабақша ашуды ойладық. Содан ғимаратты тұрғызып, керек-жарағын алып, жаз мезгілінің соңғы айында балабақшамыздың салтанатты ашылу рәсімін жасадық.

Мұнда бірден балабақша кезегінде тұрған 64 бала қабылданды. Өзі сонша балақайға шақталған. Қазіргі уақытта 18 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Оның 8-і — тәрбиеші. 2-5 жас аралығындағы ұл-қыздар келіп жүр. Барлығы 3 топ бар.

Ақысына келсек, әр баладан тек ас-ауқатына айына шамамен 9 мың теңге алынады. Қалғанын мемлекеттік тапсырыс бойынша аудандық әкімдік өтейді. Жалпы, әр тәрбиеленушіге 42 мың теңгеден шығады. Осылайша ауылдағы көпшілік ата-ана мемлекет қолдауын тікелей сезініп отыр деуге болады, — дейді Гүлнұр Боранбаева.

Аудандағы қоғамдық тамақтану орнының да иесі болашақта балабақшасын кеңейтуді, тиісінше бала санын арттыруды көздеп отыр. Оның ойынша, Балалар жылында мектепке дейінгі ұйым ашу — табыс әрі сауапты кәсіп.

«Тапсырыстар өзге аудандардан да түседі»

Тағы бір байғаниндік Жеңіс Мапуов ауданда «тыңнан түрен салып», бұрын-соңды ешкім айналыспаған кәсіпке ден қойған. Кілем жуу цехын ашқан жігіт бизнес-жоспарының сәтті шыққаны, соның әсерінен мемлекеттік грант алғаны турасында:

— Былтыр осы шағын кәсіпкерлік нысанының жұмысын бастадым. Өңірлік кәсіпкерлік палатасында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқығанымның әрі кейіннен түрлі жобалардан тәжірибе жинағанымның пайдасы тиді. Өз ісін жаңадан бастағандарға берілетін гранттың конкурстық комиссиясында жобам үздік шықты. Мемлекеттің 583 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз сыйақысының иегері атандым. Соған бірден кілем жууға қажетті аппарат сатып алдым. Сондай-ақ өзімнің жинаған қаражатыма да елімізде жасалған керекті жабдықтар алынды. Оның әрқайсысы қомақты қаржыны талап етеді. Мысалы, кілемді сығып, жуатын, кейін кептіретін бір техниканың өзі 1 миллион 600 мың теңге тұрады. Цехта жалғыз аппараттың аздық ететіні айтпаса да түсінікті.

Сұраныс жақсы. Күніне 50-70 мың теңгеге тапсырыс түседі. Келушілердің арасында жерлестерім ғана емес, көрші ауданның тұрғындары да бар. Алдағы уақытта цехымды кеңейтіп, басқа да қызмет түрін ұсынғым келеді, — деп алдағы ой-жоспарымен бөлісті.

4 ауылдасын жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкер тапсырыс берушілерге ыңғайлы болу үшін жеткізіп беру қызметін де қосыпты. Кәсібінің нәсібін көріп отырған іскер азаматтың бұдан басқа да бизнес-жоспары көп. «Талаптанған адамға қаржылай қолдау ұсынған билікке алғысым шексіз. Бұл кәсіп бастаушыларға аз да болса көмек. Замандастарыма айтарым, кәсіпкер болам десеңіздер, ешкімде жоқ, ерекше бизнес түрін таңдаңыздар. Сонда бәсекелесің де болмайды, тапсырыс та мол түседі», — дейді әңгімелесушіміз.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, Байғанин ауданында 800-ден астам кәсіпкертіркелген.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасын іске асыру аясында 2022 жылы 400 АЕК (1 225 200 теңге) мөлшерінде 347 грант беру жоспарланған. Осы жылдың сәуір айында 7 грант берілді.
Гранттар 4 бағыт бойынша беріледі.
Грантқа өтініштерді қабылдау мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды.
Өтінішті қабылдау кестесі: І лек (1-14 сәуір); ІІ лек (8-19 тамыз); ІІІ лек (29 тамыз-9 қыркүйек);IV лек (19-30 қыркүйек).
Грант алу үшін өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде қабылданады.
Мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:
– тіркелген жұмыссыздар;
– жеке кәсіпкерлер (салық органында тіркелу мерзімі 3 жылдан аспайды);
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер.
Бұл ретте үміткер мынадай әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
– мүгедектігі бар адамдар;
– «қандас» мәртебесі бар тұлғалар;
– аз қамтылған отбасы мүшелері;
– көпбалалы отбасы мүшесі;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам;
– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
– жастар
Толық ақпарат алу үшін жұмыспен қамту орталықтарына жолығу қажет.

Қуандықтың шеберханасы

36 жастағы Қуандық Жаниязов біраз уақыт бұрын жұмыссыз жүрген. Бүгінде жақсы бизнес-идеясы бар адамдарға мемлекеттік грант берілетін жобаға дән риза. Өйткені өзі де сол қолдауға ие болып, кәсіпкер атанғандардың бірі. Оның шеберханасы байғаниндік автокөлік жүргізушілеріне жақсы таныс.

— Жыл басында көлік дөңгелегін жөндейтін шеберханамды аштым. Қажетті қондырғыларды сатып алуда мемлекет ұсынған қайтарымсыз гранттың — 583 мың теңгенің көп көмегі тиді. Ұзақ уақыт өтпестен, басқа да қажетті аппараттарды өз ақшама сатып алдым. Сөйтіп, кәсіпкерлік саласына бет бұрдым.

Күн сайын адамдар көп келеді деп айта алмаймын. Әр кезде әрқалай.Біздің жұмысымыз әсіресе көктем мен күз айларында қызады ғой. Тұрақты келушілер біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Шүкір, жағдайым жақсы, — деген Қуандық әзірге өзі еңбек етеді. Келешекте кәсібін дамытып, қасына жұмысшылар алғысы келеді.

Көлікке түрлі техникалық қызмет көрсететін орталық ашуды армандайтын кәсіпкер сөз соңында мемлекеттік қолдау жайы, бизнес негіздері көпшілік арасында кеңінен түсіндірілсе деген тілегін білдірді. 

Тамақ өнеркәсібінің Темірдегі өкілі

Ресми деректерге жүгінсек, биылғы 6 айда Темір ауданында шағын және орта бизнес саласында 186 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бизнесте барлығы 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Солардың бірі — Айгүл Сатаева.

2017 жылдан бері үйден тәтті тағамдар пісіріп, оны сатумен айналысатын Айгүл қазіргі таңда жеке дүкенінің жұмысын ойдағыдай жүргізіп отыр. Қасында қызметкері бар.

— Осы дүкенді жалға алып, қажетті техниканы сатып алуға, әрине, мемлекеттік қолдаудың септігі тиді. Кәсіпкерлерге берілетін 583 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттың иегерімін.

Торттардың бағасы 5 мың теңгеден басталады. Тұрақты келушілерім бар. Күніне аз дегенде 15 адамға сауда жасаймын, — дейді кәсіпкер.

Көпбалалы ана енді тәтті тағамдардың санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Жұмысшы санын арттыру да ойда бар.

Жалпы, Темір ауданында 1939 жеке кәсіпкер тіркелген.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button