Спорт

Ұжым мерейін үстем қылған үздіктер

Дәстүрлі спартакиада

Ақтөбеде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас кеңсесі ауласындағы спорт алаңында мұнай-газ кешені қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасы өтті.Аталған спорт шарасы жыл сайын қыркүйек айында, Мұнайшылар күні  кәсіби мерекесі құрметіне өткізіледі. Биыл — «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясының құрылғанына 25 жыл. Ұжымдық спартакиада соған орайластырылып отыр.

Бастау

Спорттық шара әдеттегідей Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен басталды.  Ұжымдық спартакиаданың ашылуында сөз сөйлеген «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ли Шуфен:

— Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл. Екі күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Екі елдің басшылары екі жақты қарым-қатынастың дамуына жоғары баға берді. Сонымен қатар биыл «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының құрылғанына 25 жыл және Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ ынтымақтастығына 25 жыл толып отыр. Жиырма бес жыл ішінде қазақ және қытай мұнайшылары иық тірестіре еңбек етіп, тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Біз бірлесе отырып Жібек жолы өркениетінің дамуының жаңа тарауын жаздық, екі елдің мұнай-газ ынтымақтастығының жетістіктеріне куә болып, Ақтөбе өңірі тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына зор қолдау көрсетіп келеміз. Мұнайшылар күні құтты болсын! — деп, акционерлік қоғамның еңбек ұжымдарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, дәстүрлі спартакиада қатысушыларына сәттілік тіледі.

Спорттық шараға арнайы шақырылған Қазақстан мұнай-газ салалық кәсіптік одағының төрайымы Елена Мұстафина да құттықтау сөз сөйлеп, өндірістің табыс кілті кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақтың әлеуметтік серіктестігінің жоғары деңгейінің көрсеткіші екенін атап өтті. Ашылу салтанаты патриоттық әнмен, спорттық бимен өрнектелді.

Екі жыл үзілістен соң…

Ұжымдық спартакиаданың негізгі ұйымдастырушысы — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның жергілікті кәсіподағы.

— Ұжымдық спартакиада — біздің қызметкерлер үшін дәстүрлі мейрам. Өздеріңізге белгілі, пандемияның әсерінен соңғы екі жылда ұжымдық спартакиадамыз өтпей қалды, сондықтан болар қатысушыларымыз тарапынан спортқа деген қызығушылық пен құлшыныс өте жоғары деңгейде. Бүгінгі жалғасын тауып жатқан спартакиадамыздың бастау алғанына екі айдан астам уақыт болды. Яғни, бүгінгі қатысушыларымыз —  өздерінің мекемелерінің ішінде іріктеуден өткен үздіктер, одан кейін кәсіподақ ұйымдары оларға арнайы спорт залдарын жалға алып, қызу дайындық жұмыстарын ұйымдастырды. Ендігі міне осылардың нәтижесі —  финалдық мәре үш күнге жалғасып жатыр.Төрелік етуге кәсіби төрешілер тартылды. Жалпы, жарысқа 450-ге жуық мұнайшы қатысты. Жарыстың мақсаты — компания қызметкерлері арасында ынтымақтастық орнатып, салауатты өмір салтын насихаттау, — дейді«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның жергілікті кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Самат Сәтов.

Спартакиада бағдарламасына сүйенсек, жарыс үстел теннисі, дартс, футбол, волейбол, асық ату, отбасылық старт, 60, 400 және 800 метрлерге жүгіру аралас эстафета, армрестлинг, гір спорты және арқан тарту секілді спорттың 14 түрі бойынша ұйымдастырылды.

Іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары, яғни Компанияның 13 филиалының қызметкерлері Ақтөбедегі спартакиадаға қатысып, өзара сынға түсті. Біріншілікке мұнайшылардың өздері ғана емес, отбасының басқа да мүшелері қатысты.

Үстел үстіндегі шайқас

Үстел теннисі бірін-бірі бұрыннан білетін көшбасшылар арасында тартысты өтті. Ерлер арасында өткен ойындардың жеңімпазы — Мұнайжәне мұнай өнімдерін сату басқармасының қызметкері Ғарышбек Құлыбек үздіктердің үздігі екенін тағы бір мәрте көрсете білді. Екінші орынға«Ақтөбемұнайсервис» басқармасының өкілі Мағжан Мұңайтпасов, үшінші орынғаЖаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметкері ие болды. Ал Ғабит Зирбаев пен Бақыт Есенаманов сәйкесінше төртінші-бесінші орындарды місе тұтты.

Әйелдер арасындағы үстел теннисі бойынша да бұған дейінгі чемпиондар жүлделі орындардан көрінді. Жүлдегерлер тек үстел теннисінен ғана емес, басқа да спорт түрлерінен де сынға түсті. Мұнда Октябрь мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметкері Ақтілек Алиева бірінші орынды жеңіп алды. Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының қызметкері Света Қазбекова мен Кеңқияқ мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметкері Мерует Мұқанова жүлделі орындарды иеленді. Үстел теннисі бәсекесінде басқарма аппаратының қызметкері Ләззат Ермешева мен «КМК-Мұнай» АҚ өкілі Айгерім Иманова жақсы ойын көрсетіп, үздік бестіктен көріне білді.

Дартс ойынындағы тартыс

Дартс бойынша командалық жарыс өте қызықты өтті. Себебі, ереже талаптары бойыншақатысушылардың біреуі міндетті түрде кәсіподақ комитетінің төрағасы болуы тиіс. Ойын сонысымен де ерекшеленіп, кәсіподақ комитетінің төрағалары өз командаларының мерейі үшін бар күш-жігерін аямады.

Нәтижесінде «СНПС-АТК» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Дархан Қаналин мергендігін танытып, жеңімпаз атанды. Одан соң жақсы нәтижеге қол жеткізген басқарма аппаратының қызметкері Қазбек Ғабдрахманов екінші орынға ие болды. Үшінші орынға таласқан үш команда арасында тартысты бәсеке болып, «Ақтөбемұнайсервис» басқармасының кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмат Түксібаев үздік үштіктен көрінді.

Дартс ойынындағы тартысты қыздыра білген Кеңқияқ мұнай-газ өңдеу кешені кәсіподақ комитетінің төрағасы Батырбек Қанбаев пен Жаңажол мұнай-газ кешені кәсіподақ комитетінің төрағасы Ібайдолла Кішкенебайдың табандылығын атап өтпеуге болмас, олардың әрқайсысы нысанаға ондығына дәл тигізгенін ел көрді.

Футболшылар мен волейболшылар

Командалық ойындар әрқашан қызыққа толы өтеді. Волейболдан ерлер арасындағы жарыс мамыр айындағы мерекелер құрметіне алдын ала өтіп қойған болатын. Бірінші орынды Жаңажол мұнайгаз өңдеу кешені сенімді түрде алса, екінші орынды Өндірістік техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен қамту басқармасы жеңіп алды. «Кенкиякмұнай» Мұнайгаз өндіру басқармасы мен СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы үшінші орынды бөлісті.

Волейболдан қыздар арасындағы жарыс өте тартысты өтті. Барлық командалар тыңғылықты дайындықпен келгендері білініп тұрды. Бұдан бұрынғы жарыстарда негізгі тартыс Өндірістік техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен қамту басқармасы мен «Ақтобеэнергонефть» басқармалары арасында өтетін. Бұл жолы «Ақтөбеэенргонефть» командасының негізгі ойыншылары Гүлзат Сыдықова жарақат алуына байланысты, Үміт Серікқызы отбасылық жағдайына байланысты қатыса алмады. Оның орнына «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы мықты дайындықпен келді, аталған команданың үздік ойыншысы АрайлымБалымбетованың қасына Айдана Таңатарова қосылып команданы айтарлықтай күшейтіп жіберді. Финалдық ойын осы екі командалардың арасында өтті. Нағыз чемпиондыққа лайық ойын болды, бірінші бөлігінде «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы басым түссе, екінші және үшінші бөліктерде тәжірибелі ойыншылар Света Қазбекова Света мен Ұлмекен Ажгерееваның арқасында Өндірістік техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен қамту басқармасы командасы бірнеше жыл бойы сақтап келе жатқан чемпиондық титулын ешкімге оңайлықпен бере салмайтынын көрсетіп, аса шеберлік пен төзімділіктің арқасында жеңіске жетті.

Үшінші орынды «СНПС-Ақтөбе көлік» ЖШС командасы жеңіп алды, бұл команданың ішінен Көркем Асауованың жақсы ойнағанын атап өтуге болады.

Төртінші орынға ие болған Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының командасының да белсенділігі ерекше болды. Команданың құрамы салыстырмалы түрде акционерлік қоғамның ардагерлерінен құралған, әрқайсысының еңбек өтілдері кемінде он бес жылды құрайтынына қарамастан өңкей жастардан құралған мықты командаларға қарсы нағыз ерлік көрсетті.

Футболдан ерлер арасындағы жарыста тартысқа толы болды. Барлық ойындарды сенімді жеңіспен аяқтаған «Кенкиякмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының командасы жеңімпаз атанды. Ақтөбе мұнайының бастауы саналатын Кенқияктан келген футболшыларымыз соңғы әртүрлі жарыстардың барлығында жеңімпаз болып жүр, осы жолы да ең мықты екенін дәлелдеді. Футболдан екінші орынды спортқа құмар командалардың бірі — Өндірістік техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен қамту басқармасы жеңіп алса, үшінші орынды Басқару аппаратының командасы иеленді.

Асық ату, гір көтеру, арқан тарту

Спорттық доданы қыздырған тағы бір ойын —асық ату. Соңғы жылдары халық арасында ұлттық спорт түрі — асық атуға қызығушылар көбейіп келеді. Бұл сайыста асықтары алшысынан түскен мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі ғылыми зерттеу институты командасы жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарға сәйкесінше Жаңажол мұнай-газ кешені мен Құрылыс басқармасының командасы ие болды.

Енді гір спорты мен арқан тартысқа тоқталайық. «Ақтөбемұнайсервис» басқармасының команда ойыншысы Д.Қуанов 24 келілік гір тастарын екі қолымен 51 рет қатар көтеріп, чемпион атанды. Құрылыс басқармасы командасынан шыққан Д.Мұқанов 49 рет көтеріп, екінші орынды иеленді. Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасы командасының ойыншысы С.Жалғасбаев үшінші орынға жайғасты.

Арқан тартысқа үнемі қызығушылар көп болатыны анық. Бұл жолы акционерлік қоғамның күші көп, мықты деген қызметкерлері мен жанкүйерлер арасында ерекше тартыс болды. Біреулер білек күшіне сенсе, енді бірі өздері білетін әдіс-тәсілдерін команда мүшелеріне айтты. Сөйтіп, Кеңқияқ мұнай-газ өңдеу кешенінің мықтылары бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасы, үшінші орынды Жаңажол мұнай-газ кешені иеленді.

Отбасылық жеңіс — ерекше оқиға

Бәсекеге толы жарыстың үшінші күні отбасылық жүгіруден басталды. Мұнда жарыс жолына қызметкерлердің балалары да шықты.

Әуелі әкесі, кейін анасы, сосын баласы жүгірген эстфателық сайыста 28,17 секунд нәтиже көрсеткен Руслан Сағидың отбасы жеңімпаз атанды. Руслан Сағи —акционерлік қоғамның жастар арасындағы көшбасшыларының бірі, кәсіподақ белсендісі.

— Мұндай дәстүрлі шара жыл сайын өткізіліп тұрады. Он жылдан бері қатысып келемін. Биыл бірінші рет отбасылық жүгіруге қатыстық. Ол үшін триатлон саябағына барып дайындалдық. Біздің кәсіподақ ұйымы қызметкерлерге ерекше қолдау білдірді, спорт кешенін жалға алып берді. Жүгірдік, доп ойнадық, дайындалдық. Жарыс болған соң, бәрі жеңістен дәмеленеді ғой. Отбасылық жүгіруге ата-ана мен бір бала қатысты. Барлық ата-аналар балаларға үлгі болып, отбасының намысын қолдан бермеуге тырысты. Бұл додада жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Отбасы жеңісі есте қаларлық ерекше оқиға ғой, — дейдіЖаңажол мұнай-газ кешенінің инженері Руслан Сағи.

Екінші орынға «АктобеЭнергонефт» басқармасының қызметкері О.Жауғашаровтың отбасы ие болды. Үшінші орынды Алиевтер отбасы иеленді. Октябрь мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметкері Ақтілек Алиева отбасылық жүгіруге ғана қатысып қоймады, үстел теннисі жарысында әйелдер арасында көш бастап тұр.

— Қандыағаш қаласынан келіп тұрмыз. Отағасы — тәртіп сақшысы. Жарысқа бізді қолдап келді. Бірінші рет қатыссақ та, отбасымыздың мерейі үшін тырысып бақтық. Ауызбіршілікті, отбасы жарасымдылығын насихаттайтын мұндай жарыс балаларымызға да үлгі. Спорттың — денсаулық кепілі екенін де білеміз, — дейді Ақтілек Алиева. Айтпақшы, ол ойнаған волейбол командасы әйелдер арасында екінші орынға ие болды.

Спорт төресі — жеңіл атлетика

Енді спорттың төресі — жеңіл атлетикаға тоқталайық. Жүгіруден 60 метр қашықтық бойынша үздік нәтиже көрсеткен Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының қызметкері Станислав Сайченко чемпион болды. Ал оның соңынан келген А.Сәбит (АТК) пен Октябрьмұнай мұнай және газ өндіру басқармасының қызметкері Н.Қоңырбай жүлделі орындардан көрінді.

— Осы компанияда 15 жылдан бері жұмыс істеймін. Пандемияны есепке алмағанда мұндай спорттық шара жыл сайын өткізіледі. Ұжымдық спартакиада ауызбіршілікті нығайтып, қызметкерлердің бір-бірімен араласуына мүмкіндік береді. Осы спартакиадада футбол ойнадым, қақпада тұрдым, сосын эстафетаға қатыстым. Аптасына үш-төрт спорт залына барып тұрамын. Спорт кешенін жалға алып, қызметкерлерге жағдай жасап отырған кәсіподаққа, басшылыққа рақмет айтамын, — дейдіМұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасыныңжетекші инженері Станислав Сайченко.

60 метр қашықтыққа жүгірген әйелдер арасында АТК қызметкері Көркем Асауова жеңімпаз атанды. Ол ұжымдық спартакиадаға бірінші рет қатысып отыр. Екінші орынға ұжымының үздік спортшыларының бірі — Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының қызметкері С.Қазбекова ие болып, үшінші орынды Мұнай және мұнай өнімдерін сату басқармасының қызметкері А.Өсербаева иеленді.

Ал 400 метр қашықтыққа жүгірген әйелдер арасында С.Қуатқан алдына жан салмай мәреге бірінші жетті. Одан соң Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының қызметкері Ұ.Әжігереева менОктябрь мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметкері А.Балымбетова келіп, жүлделі орындарға ілікті.

800 метр қашықтықты тек ер азаматтар ғана бағындырды. Бірнеше жыл қатарынан үздік көрініп жүрген Октябрь мұнай-газ өңдеу кешенінің қызметкері Н.Қоңырбай тағы да топ жарды. Екінші және үшінші орындарды сәйкесінше Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының қызметкері Н.Қабдеш пен Кеңқияқ мұнай-газ өңдеу кешенінің өкілі Р.Сүндетқалииеленді.

Жеңіл атлетика жарысын әр командадан төрт қатысушыдан қатысқан аралас эстафета түйіндеді. Спорттың бұл түрінде Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешені командасына тең келер ешкім болмады. Ал екінші орынға Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының командасы ие болса, үшінші орынды «Кенқияқмұнай» мұнай-газ өңдеу кешенінің командасы місе тұтты.

Осылай тартысқа толы, қызықты ұжымдық спартакиадамыздың қорытындысы бойынша Өндірістік техникалық қызмет көрсету және жабдықтармен қамту басқармасы жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленсе, екінші және үшінші орындарға сәйкесінше Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешені мен «Кенкиякмұнай» Мұнай-газ өндіру басқармаларының командалары жайғасты. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға қомақты қаржылай сыйақылар табысталды.

1997 жылдың маусым айында Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (СNPS) Қазақстан Үкіметінен «Ақтөбемұнайгаз» АҚ акцияларын сатып алды, бұл мұнай-газ саласындағы ұзақ мерзімді Қазақстан-Қытай ынтымақтастығына тарихи бастама берді.

Дәстүрлі дода — араласуға мүмкіндік

Ұжымдық спартакиадада жалпыкомандалық есепте Өндірістік-техникалық қамту және жабдықтармен жинақтау басқармасының командасы чемпион атанды. Екінші орынды Жаңажол мұнай-газ кешені командасы, үшінші орынды Кеңқияқ мұнай-газ өңдеу кешенінің командасы иеленді.

Еңбек ұжымдары қатысқан дәстүрлі жарыс қызметкерлердің жауапкершілігі мен тынымсыз дайындығының арқасында ойдағыдай өтті. Спартакиада тек қана қызметкерлердің ғана емес, олардың отбасыларының, сондай-ақ жақын достарының да мейрамына айналып отыр.

Бұл жерде ең әуелі кәсіподақ комитеттері төрағаларының еңбегі зор, олар барлық еңбек ұжымдарын қолдап, жағдайларын жасап, әр команданы ұйымдастырып, дайындықтарын пысықтап, тіпті, жарыс жолына шыққанда бірге уайымдап отырды.

Командалық спорттық костюмдер мен қатысушыларға сыйлықтар басшылық тарапынан ұйымдастырылды. Жеңімпаздар бен жүлдегерлерге қомақты сыйақы да бар.

Спартакиаданың ашылу салтанатын К.Тұрғанбаева ұйымдастырса, қатысушыларды жедел жәрдем қызметімен қамтамасыз ету Д.Ғұмаровтың жетекшілігімен жүзеге асты. Қатысушылардың түскі асын қоғамдық тамақтандыру басқармасыдәмді етіп әзірледі. Барлық қара жұмысты «ХуаЮ» ЖШС мамандары жасады.

Ал ұжымдағы мәдениет бөліміне жауапты Антон Пережогин дәстүрлі доданың

бұқаралық ақпарат құралдарына жан-жақты, кәсіби түрде шығуына жағдай жасаса, жастар кеңесі дәстүрлі доданың ұйымдастыру бөліміне көмектесті.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің спартакиадасы спортқа әркімнің-ақ таласы барын көрсетіп қана қоймай, салауатты өмір салтын кез келген уақытта, қай жаста да қолға алуға болатынының дәлелі болып отыр.

Жеңіске деген құлшыныс әріптестік қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, ұжымдық көңіл күйді жақсартады. Осындай ұжымдық іс-шаралар қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта да бірін-бірі танып, араласуына мүмкіндік береді.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button