Жаңалықтар

Елге сыйлы Есен

Еңбек адамы

Адамды көркейтетін — еңбегі. Бүгінде алпыстың асқар биігіне көтеріліп, заманауи тілмен айтсақ, құрметті зейнет жасына жетіп отырған Есен Бұрхановтың қашаннан өмірлік қағидасы — осы.

Негізінде Есен Бисембайұлы үшін зейнеткерлік қалыпты өмір белесінің бір белгісі іспеттес, әйтпесе кейбір бойкүйездеу қатарластары сияқты «ал, жеттім бе зейнеткерлікке?» деп қолынан күрегін тастап, жантая кететін азаматың бұл емес.

Ол Ор өзенінің бойындағы Жамбыл атағын алған ауылда туып-өсті. Бала кезден арынды ағыспен алысып, жігерін жанып, жалындап жетілді.

Әкесі Бисембай мен анасы Қадиша дүниеге бес ұл мен үш қыз әкеліп, оларды қатарынан кем қылмай тәрбиелеп, өсірді. Ата-аналық парызын орындап, әрқайсысының шаңырағын көтеріп берді.

Есен отбасындағы балалардың үлкені болған соң жастайынан мол жауапкершілікті мойнына алды, әке-шешесінің оң жағынан табылып, армия қатарындағы жауынгерлік борышын өтеп келген соң «Темір» кеңшарында автокөлік жүргізушісі болып еңбек етті. Шаруашылықтың науқандық жұмыстары кезінде уақытпен санаспай, күні-түні дерлік ат үстінен түспей, жұмыс істеді. Осылайша кеңшардың экономикасының көтерілуіне айтарлықтай үлесін қосты. Ауыл адамдары, әсіресе малшы-шопандар Есенге көп арқа сүйейтін. Өйткені оның қол жәрдемі тимейтін жағдай болмайтын.

Нарықтық қатынастар өмірге еніп, кеңшар тараған сәтте де Есен қол қусырып отырып қалмады. Заман ыңғайын тез түсініп, бастапқыда Құмсай ауылынан халыққа күнделікті қажеттілігін жеткізіп тұратын жақсы дүкен ашты.

Уақыт өте келе бұдан да маңыздырақ тірлік жасау керектігін ұғынды. Сөйтіп, «Мерген» деп аталатын шаруа қожалығын қолға алып, мал шаруашылығын өркендетуге кірісті.

Бүгінгі күні бағымындағы қой басын еділбай тұқымына ауыстыру жұмыстарымен шұғылдануда. Одан басқа қазақтың ақ бас сиырын өсіруге де көңіл бөлуде.

Өзен бойында өскен бала қашанда су жағалайды. Есен де сол дағдысымен Айнақарасу деп аталатын тоғанды ұзақ жылға меншіктеп алып, балықтың бірнеше түрін өсіруде. Балық та бабын тапқанға оң ыңғайын береді. Есен мұның бәрін ескеріп жүреді, су түбіне үңіліп, көзге көрінбейтін тіршілікті көңіл айнасымен бағдарлайды. Сондықтан да Айнақарасу аумағы қазір берекелі мекенге айналғалы отыр.

Мал өсіріп, төрт түліктің өнімін өндіріп отырған соң оны өз қолымен халық игілігіне ұсынғанды жөн көретін Есен Ембі қаласының орталығынан «Қырмызы» деп аталатын асхана ашты. Ауылдың дәмін аңсағандар осында жиі келеді.

Бүгінде Есеннің айналасынан жұмыс тауып, еңбегінің жемісін жеп жүрген жүргендер аз емес. Оларға қойылатын талап біреу: «Адал қызмет істе, тапсырылған жұмысты да атқар, өз тірлігіңді де түзе!».

Ауылдың қызы Гүлбағдамен шаңырақ көтергелі де қырық жылдан асыпты. Екеуінің ортасынан Нұрболат есімді ұл, Асылай, Гүлдана атты қызғалдақтары көктеп, өнуде. Осы балапандарының арқасында құда-жекжат молайып, жан-жақтағы өрісі ұзарды. Балаларынан сүйіп отырған тоғыз немересі — ата-әжесінің кеңінен алып отыратын тынысы.

«Есеннің басты еңбегі — туған ауылына тұғырын нық бекітіп, сол қадірлі мекеннің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүргендігінде. Сондықтан да ол айналасына сыйлы», — дейді ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, жоғары басшылықтың Құрмет грамоталарымен марапатталған Есен Бисембайұлы үшін Құмсайдың қыры малға толып, өзен-көлінде балық шоршып жатқаны — нағыз береке көзі. Оның басты мақсаты да осы берекені молайта түсу.

Сұңғыла сөз шебері Бейімбет Майлиннің осыдан бір ғасырға жуық бұрын айтылған «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз!» деген ұран іспетті жалынды жырын шын жүрегімен қолдап, іске асырып жүрген Есен Бұрхановтың алғы күндерге белгілеген есебі бүгінгіден де биік. Оның орындалуын уақыт көрсетеді.

Нұрмұханбет ӘБДІЛДАҰЛЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button