Экономика

Тоғыз ауылға көгілдір отын қажет

Пресс-тур

бірақ, оған газ қысымының күші жетпей тұр

Қобда өңіріндегі 31 елді мекеннің 18-і таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Алдағы жылы аудан тұрғындарының 99 пайызы ауызсумен қамтылмақ. Бұл туралы өткен сегіз айда атқарылған іс-шараларды қорытындылаған аудан әкімі Болат Құлов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне айтып берді.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен Бұлақ, Қосөткел, Құрсай ауылдарына кешенді блок-модульдер орнатылып, облыстық бюджет есебінен  Жарсай ауылында су құбырының құрылысы жүргізілмек. Сол кезде тұрғындардың ауызсумен қамтылуы 99 пайызға жетпек.

— Мемлекет басшысықыркүйектегі Жолдауында: «Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс», — деп атап айтты. Аудан экономикасына есепті мерзімде 4 миллиард 784 миллион теңге инвестиция тартылды. Оның 1 миллиард теңгесі —  жеке қаражат үлесі. Биыл ауданда барлығы 49 үй бой көтерді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы көлемі 3,4 миллиард теңгеге жетті, — деді аудан әкімі Болат Құлов.

Бүгінде ауданның 9 елді мекені көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда облыстық бюджет қаражаты есебінен Жарсай, Жаңаталап, Терісаққан ауылдарын газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Бұлақ және Қосөткел ауылдарында газ құбыры құрылысын жүргізуге аудандық бюджет қаражаты есебінен жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

— Жиренқопа бағытына қарай тағы тоғыз ауылға көгілдір отын қажет. Олар: Құрсай, Өтек, Жарық, Ақырап, Қызылжар, Қаракемер, Жиренқопа, Қоғалы және Көкүй. Ақтөбеден шығатын магистралды газ құбырының қысымы нормаға сай келмейді. Сондықтан бізге Ойыл жақтан газ құбырын тарту қажет боп тұр, бұған 3 миллиард теңге қаражат керек. Газ қысымына қатысты мәселе облыс әкімінің қатаң бақылауында. Сондай-ақ облыс басшысы биыл ауылдарды қатты отынмен ертерек қамтамасыз етуді тапсырды. Қазірдің өзінде ауылдарға 400 тоннадай көмір жетті. Ақтөбеде бір тонна көмірдің бағасы 17 мың теңге болса, оны Жиренқопа ауылына жеткізіп бергенде тоннасы 20 мың теңгеге дейін көтеріледі. Былтыр ауылдықтар бір тонна көмірді 23-25 мың теңгеден сатып алды. Жалпы қолымыздан келгенше халықтың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру жолында жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде ауылдағы тұрмыс қаладан еш қалыспайды. Біздің ауданға сырттан көшіп келушілер де бар, — дейді Болат Құлов.

«Тұрғын үй» бағдарламасы аясында аудан орталығында жыл сайын  екі қабатты 16 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысы жүргізіледі.Сонымен бірге жеке тұрғын үй  құрылысы да қарқынды, бүгінгі таңда ауданда үй салу мақсатында жер алуға кезекте тұрған азаматтар жоқ.

— Ел Президенті Жолдаудақазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман еместігін атап айтты. Осы орайда ауданымыздың ауылшаруашылық құрылымдары  мемлекеттік қолдауды белсенді пайдаланып, жаңа жағдайда жұмыс жасауда. Биыл аудан бойынша 45055гектар жерге егіс егілді. Барлық агротехникалық шаралардың сақталуы мен қолайлы ауа райының арқасында биыл диқандар жақсы өнім алды. Қазіргі уақытта 6455 гектар жерге егілген дәнді дақылдардан 10030 тонна астық жиналды, орташа өнімділігі — гектарына15,5 центнер. Қыс мезгілінеқажетті 278 мың тонна мал азығы дайындалды, дейді Болат Құлов.

Сондай-ақол машина-трактор паркі жаңартылып, мал азығын дайындауға арналған 52техника, 6 комбайн және дәнсепкіш техника, жер өңдейтін 6 техника және 5 суару машинасы сатып алынғанын айтты.

Бүгінгі таңда Қобда ауданындағы 336 шаруа құрылымының 129-ы мал шаруашылығымен айналысады, олар мал басын көбейту және асылдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Болат Құловтың айтуынша, қазір сүт-тауарлы ферма құру бағытында 2 жоба қолға алынып жатыр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button