Спорт

Үш жүлдемен оралды

Жексенбі күні Сербияның Белград қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды.

Бұл жарыста қазақстандық балуандардың ең үлкен жетістігі — әйелдер арасында 72 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Жәмила Бақбергенованың күміс жүлдесі болды. Басқа қарсыластарына дес бермей финалға жеткен Жәмила, өкінішке қарай, ақтық сында АҚШ балуаны Амит Элордан 10:0 есебімен ұтылды.

Жәмила өткен жылғы әлем чемпионатында да күміс жүлдеге ие болған еді. Осылайша әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды және бұл қазіргі қазақ балуандарының арасындағы ең үлкен жетістік болып отыр.

Еркін күрестен Қазақстан атынан сынға түскен он балуанның ішінен жалғыз-ақ жүлдегер шықты. Ол — Азамат Дәулетбеков. 86 кг салмақ категориясында ол пуэрторикалық Итан Адриан Рамоспен қола жүлде үшін таласқан еді. Біздің балуанның техникалық басымдығына орай бұл белдесу уақытынан бұрын аяқталды. Сөйтіп, Азаматқа қола жүлде бұйырды.

Грек-рим күресінен ұлттық құрамамыз да жалғыз қоланы місе тұтты. Оны 60 кг салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғали жеңіп алды. Қола жүлде үшін болған кездесуде ол мажарстандық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен тізе бүктірді. Айта кетейік, Айдос бұған дейін 2018 жылғы әлем чемпионатында да қола жүлдегер болған еді, осымен ол да екі дүркін жүлдегер атанып отыр.

Өкінішке қарай, қазақстандық балуандар 23 жылдан бері әлемдік додада алтын жүлде ала алмай келеді: қазақтың өз күрес мектебінен соңғы рет 1998 жылы Бақтияр Байсейітов, ал келесі, 1999 жылы армениялық легионер Мхитяр Манукян алтын медаль алған екен. Әзірге олардың ізбасары шықпай отыр.

Сондай-ақ Сербияда өткен чемпионатқа ақтөбелік балуандар, ұлттық құрама мүшелері Мейрамбек Айнағұлов пен Нұрислам Санаев барған жоқ. Олардың екеуі де бұған дейін әлем біріншіліктерінде екі мәрте жүлдегер (бір күміс, бір қола жүлдеден алды) атанған еді. Ал биыл бапкерлер олардың салмақтарында басқа балуандарға мүмкіндік бергенді жөн көрсе керек.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button