Білім

Математика қиын пән бе?

«Математика пәнін оқыту мәселелері». Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен конференция осылай аталды. Жиынға жалпы білім беретін мектептер мен облыстық кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарындағы 207 үздік мұғалім мен әдіскер қатысты.

Алдымен облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Жәния Исатаеваның «Жалпы білім беретін орта мектептерде математика пәнін оқыту мәселелері» тақырыбында баяндамасы тыңдалды.  Одан соң облыстық физика-математика мектеп-интернатының мұғалімі Ұштап Таңатарова «Дарынды балаларды оқыту әдістері» туралы баяндады. Әйтеке би ауданынан келген Роза Байғонова «Жалпы білім беретін мектептердің орта буын сыныптарындағы математика оқулықтарының мазмұны мен сапасы» туралы мазмұнды әңгіме айтты.

Конференцияда математика пәнін оқытудағы жетістіктермен қатар, проблемалық мәселелерге көп көңіл бөлінді.  Әсіресе, басқа пәндерге қарағанда оқушылардың математика пәні бойынша білім сапасының төмен екендігі, оның себептері, оқыту сапасын арттыру мүмкіндіктері мен жетілдіру жолдарына мән берілді.

Конференция барысында «Оқу және әдістемелік әдебиет», «Математика оқыту әдістемесі» атты көрмелер ұйымдастырылды.

Айта кету керек, мамырдың 10-11-інде Астанада «Қазақстан мектептерінде математикалық білім беру ісін  дамыту: қазіргі жайы және даму болашағы» тақырыбында математика пәні мұғалімдерінің І съезі өтеді. Оған еліміз бойынша математика пәнінің ең үздік мұғалімдері, әдіскерлер мен шетел  қонақтары қатысады деп жоспарланып отыр. Конференцияда республика көлемінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған үлкен жиынға баратын делегаттар анықталды. Аталған шараға біздің облыстан 16 білім беру саласының қызметкері барады. Оның 10-ы — мектеп мұғалімдері.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button