Спорт

Қайта жалғасқан жеңіс

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:0

14-15 қыркүйек күндері 20-тур ойындары өтті.

Бұл тур алаң иелерінің бір ғана жеңіске жетуімен ерекшеленді.

Елордада «Астана» өзімен құйрық тістесіп келе жатқан «Тобылдан» ұтылып, мықтап бармақ тістеп қалды. Алматыда «Қайрат» Шымкенттің «Ордабасы» командасына үш ұпай ұстатып жіберді. Қарағандылық «Шахтер» өз алаңында «Каспийден» жеңілсе, өз алаңында «Атырау» да «Тұраннан» ұтылып қалды. «Мақтаарал» мен «Қызылжар» тең ойнаса, бір ғана кездесуде («Ақсу»-«Ақжайық») алаң иелері жеңіске жетті.

Ал чемпионат басталғалы 139 кездесу (76%) өткізіліп, 353 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,54  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тараз» командасын қабылдады.

Сонау мамыр айынан бері, қатарынан сегіз ойында жеңіске жете алмай келе жатқан «Тараздың» бұл кездесуге жалғыз ғана тастүйін мақсатпен келгені белгілі еді. Оның үстіне бұл аралықта тараздықтардың «Астана», «Тобыл» «Қайрат» тәрізді мығым командалармен тең ойнағанын да есептен шығарып тастауға болмайтын.

Бәлкім, жерлестеріміз бұл деректерді есте ұстаған шығар-ақ. Сақтықты ұмытпады, бірақ күллі ойынды дерлік шабуылмен өткізді. Әсіресе, бірінші таймда тараздықтарды барынша тықсырып бақты. Әттең, гол соғылмады. Қонақтардың алаңына емін-еркін жетіп барған футболшыларымыз қақпаға шүйілер шақта абдырайды да қалады. Әсіресе, жанкүйерлер көп үміт күткен шабуылшы Эрнестің допты еркіне бағындыра алмай, құр күйбеңдей беретіні көбірек көрініп тұрды. Айта кетелік, мұны бас бапкер де байқаған болуы керек, Эрнест бірінші таймнан соң қайтып алаңға шыққан жоқ, оны Виталий Балашов алмастырды.

Екінші таймды да жерлестеріміз шабуылдармен бастады-ақ. Бірақ қонақтар да азу көрсетті. Сөйтіп жүргенде қақпамызға гол кіргізіп ала жаздадық. Тараздық футболшы Нұрлан Дайыров тепкен доп Стас Покатилов қорғаған қақпаның сол жақ діңгегіне тиіп кері серпілді. Біздің команда бұдан былай мұндай қателік жібермеуге тырысқанымен, ойын сарыны аса өзгере қойған жоқ. Мысалы, оңды-солды ойқастап жүруге тиіс шабуылшы Жерар Гоудың әбден шаршағаны байқалды. «Тараздың» бойшаң жігіттері әуедегі допқа таласта басымдық бермей қойды. Осының барлығын есепке алған бас бапкер 64-минутта алаңға тың ойыншыларды шығарды: Сердер Сердеров пен Рамазан Оразов. Әрине, ойын өрнегі бірден өзгеріп сала берген жоқ. Дегенмен қуатқа қуат, күшке күш қосылды.

Ақыры үміт үзілер тұс тақағанда, 73-минутта «Ақтөбе» гол соқты. Алаң ортасынан келе жатқан допты іліп түсіп, қақпаға қарай құйғыта зулаған Рамазан Оразов допты өзінен сәл оза жүгірген Артурас Жулпаға тастады. Артурас допты қақпаның дәл алдына қарай сырғытты. Қонақтардың жартылай қорғаушысы Абзал Таубай тоқтата алмай қалған доп сөйтіп Рожерио Шинаның дәл алдына келді де, ол сол аяқпен алас-қапас әлсіздеу соққы жасады. Әлсіздеу домаланған сол допты орта жолдан дерліктей іліп түскен Сердер Сердеров және бір соққы жасады. Доп қорғаушының аяғына тиіп кері серпілгені сол еді, Сердер екінші рет теуіп, жібек торды бүлк еткізді — 1:0.

Бұдан соң алаң иелері негізінен қажет есепті сақтап қалудың жайын ойлады да, тараздықтар күшке міне бастады. Қарымта шабуылдар жасаумен болды. Дегенмен біздің жігіттер қақпаны аман сақтап қала білді.

Осылайша қатарынан сегіз ұтысқа ие болған соң өткен турда бір рет тең ойнаған «Ақтөбе» тағы да үш ұпайға ие болып, тағы да қара үзіп шықты.

Бұл ретте футболшыларымызға стадионға лық толған жанкүйерлеріміздің дағдылы қызу қолдауы көмектескенін де ұмытуға болмайды. Мысалы, өз стадиондарына Елордада — 3200, Алматыда — 5000 адам келсе, біздің Ақтөбе жанкүйерлерінің саны 12 600 адам болды.

«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Сердер Сердеров, 72-минут (1:0).

Ескерту қағазын алғандар: Бауыржан Байтана, 36-минут, Темірлан Ерланов, 53-минут, Рамазан Оразов, 75-минут, Әділхан Таңжарықов, 81-минут («Ақтөбе») — Лука Гадрани, 28-минут, Абзал Таубай, 50-минут («Тараз»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Юрий Логвиненко (капитан), Руслан Камболов (Артурас Жулпа, 40-минут), Эрнест (Виталий Балашов, 46-минут), Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 64-минут), Рожерио Шина (Максим Самородов, 90+2 минут), Жерар Гоу (Сердер Сердеров, 64-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Әлішер Әжімов, Ескендір Қыбырай, Владимир Гинаитис, Йоахим Адукор, Арман Кеңесов, Әлібек Жәрдемов.

Бас бапкер Андрей Карпович.

14 қыркүйек 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 600 адам.

Бірінші айналымда жерлестеріміз сырт алаңда «Тараз» командасынан 0:3 есебімен ұтылған болатын.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 20 кездесу өткізіп, 13 рет жеңді, 3 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 42. Доп айырмашылығы — 29:19.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 4 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 4 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол;

Руслан Камболов, жартылай қорғаушы — 1 гол.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Тұран» — 0:2

85-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Сослан Такулов («Атырау») алаңнан қуылды.

«Шахтер»-«Каспий» — 0:1

«Астана»-«Тобыл» — 1:2

24-минутта пенальти орындаған Марин Томасов («Астана») қақпашыдан айласын асыра алмады.

«Қайрат»-«Ордабасы» — 1:2

«Мақтаарал»-«Қызылжар» — 1:1

«Ақсу»-«Ақжайық» — 1:0

*   *   *

20-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 42 ұпай
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 37 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 35 ұпай
  4. «Шахтер» (Қарағанды) — 30 ұпай
  5. «Қайрат» (Алматы) — 30 ұпай
  6. «Ордабасы» (Шымкент) — 29 ұпай
  7. «Атырау» (Атырау) — 28 ұпай
  8. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 26 ұпай
  9. «Каспий» (Ақтау) — 26 ұпай
  10. «Тараз» (Тараз) — 25 ұпай
  11. «Қызылжар» (Петропавл) — 22 ұпай
  12. «Тұран» (Түркістан) — 22 ұпай
  13. «Ақжайық» (Орал) — 18 ұпай
  14. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 14 ұпай

«Тұран» мен «Ақжайықтың» басқалардан бір кездесуі кем екендігін еске саламыз.

*   *

21-тур ойындары 1-2 қазан күндері өтеді.

14 қазан, сенбі

«Тараз» — «Мақтаарал»

«Каспий» — «Ақсу»

«Ордабасы» — «Атырау»

2 қазан, жексенбі

«Тұран» — «Астана»

«Қызылжар» — «Қайрат»

«АҚЖАЙЫҚ» — «АҚТӨБЕ»

«Тобыл» — «Шахтер»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button