Жаңалықтар

Бірқатар ірі жоба жүзеге асырылады

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов «РМК» АҚ президенті Всеволод Левинмен кездесті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, жауапты басқарма басшылары, «РМК» АҚ, «АМК» ЖШС өкілдері қатысты.

Кездесу барысында компанияның облыстың тау-кен саласын дамытуға инвестиция салу жоспарлары, сондай-ақ әлеуметтік саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

«АМК» ЖШС облыста 2004 жылдан бері жұмыс істейді, негізінен мыс және мыс-мырыш кенін өндіреді. Осы уақыт аралығында өңірдің тау-кен саласын дамытуға 281 миллиард теңге, әлеуметтік жобаларға шамамен 5,8 млрд теңге қаржы жұмсаған. «АМК» ЖШС мен оның мердігер ұйымдарында 4000-ға жуық адам жұмыс істейді.

Хромтау ауданына барған сапарында, «Ақтөбе мыс компаниясы» кәсіпорнындаболған облыс әкімі жұмыс деңгейін арттыру үшін өндіріс орындарын жаңғыртуды тапсырған болатын.

«Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы. Біз жобаларды әзірлеуде қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ қазір ірі компаниялардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруды да қолға алдық. Бұл да өте маңызды бағыт. Барлық кәсіпорындар халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыс істеу керек», — деді облыс әкімі.

«Қазіргі таңда өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе облысында бірқатар перспективалы мыс-мырыш кен орындарын игеруді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатта 2022-2031 жылдар аралығында шамамен 130 миллиард теңге жұмсалатын болады», — деді «АМК» ЖШС бас директоры Фарит Суфьянов.

Сондай-ақ «АМК» ЖШС басшылығы өңір басшысына компанияның Хромтау және Мұғалжар аудандарында орналасқан аумақтарындағы әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі бастамаларын таныстырды. Бұл бастамалар спорт алаңдарын салу, абаттандыру және инфрақұрылымды дамытуға қатысты.

Ұсынылған жобалардың қатарында Лиманное кен орнының базасында балық шаруашылығын құру жоспары да бар. Оған шамамен 15 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ.

 ­­Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button