Пікір

Сапалы қызмет қолжетімді болады

Болатбек ШАҒАЛБАЕВ,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт ТоқаевҚазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлт саулығына, денсаулық саласындағы реформаларға арнайы тоқталды. Бұл салада біраз реформа жүргізілгенімен, әлі де халықтың көңілінен шықпайтын тұстар бар.

Әсіресе ауылдағы медициналық қызмет деңгейі жөнінде орынды айтылды.

Еліміз бойынша 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ екен. Бұл мыңдаған адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмекке уақытылы қол жеткізе алмайтынын көрсетеді. Бұл — үлкен олқылық. Дегенмен оның орнын толтыру үшін жедел шаралар алынып, алдағы екі жыл ішінде бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынбақ.

Шалғай елді мекендердегі халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің тағы бір жолы ретінде телемедицинаны дамыту да өз нәтижесін берері сөзсіз.

Еліміздегі үлкен қалаларда түрлі заманауи медициналық мекемелер, озық үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықтар ашылып жатыр. Енді осы үрдіспен аудан орталықтары да қамтылады. Бұл жөнінде Жолдауда: «Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.  Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады», — деп атап көрсетілген. Өз кезегінде бұл шаралар ұлт денсаулығын іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді деп үміттенеміз.

Сондай-ақ реформаларды түбегейлі жүзеге асыру үшін мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту керектігі көкейге қонымды.Жолдауда айтылған бастамалар алда бізді өзгерістер күтіп тұрғанын көрсетеді. Ол өзгерістердің ашықтық, әділдік және өзара қолдау мен сенім арқылы жүзеге асуы өте маңызды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button