Мәдениет

Айгүлдің «шаттығы»

Жақында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Би ажары» атты әдемі кеш өтті. Бұл күнгі би ажары №36 орта мектеп жанындағы «Шаттық» би тобы болды.

Осыдан 10 жыл бұрын хореограф Айгүл Дүйсекова №36 орта мектепте би үйірмесін ашты. Әрине, мектеп басшылығы би залына арнайы айна, станок қойып, жағдай жасап береді. Осындай мүмкіндік пен қолдаудың арқасында өз ісін сүйетін Айгүл Мұстафақызы он жыл бойы бір орында қаншама ұл-қызға би өнерін үйретіп келеді.

Халық билеріне тың техникалық элменттер қосып, жас бишілерге үйретіп, насихаттайтын бишінің шәкірттері – «Шаттық» би тобы «Мереке», «Балбырауын», «Еркесылқым» және ұйғыр, түрікмен билерін мәнерлеп, мың бұрала биледі. Кеште сөз алған №36 орта мектептің директоры Шайзада Ахметова хореограф пен оның жас бишілер тобына алдағы уақытта жоғары жетістіктерге жетулеріне тілек білдірді. Ата-аналар да өз балаларын би өнеріне баулып жүрген хореографты құттықтап жатты.

Үйірмеге қатысатын оқушылардан құралған «Шаттық» би тобының жетістіктері де жоқ емес. Жыл сайын өтетін қалалық «Жас толқын», облыстық «Айналайын» жас таланттар байқауы, сондай-ақ қалалық Оқушылар сарайында өткізілетін «Жауқазын» бишілер байқауынан лауреат атанып, жүлделі орындар алып жүр.

Былтыр тамыз айында хореограф би өнерін жақсы көретін өзінің 10 шәкіртімен Түркіменстанда өткен «Алтын ғасырдың алтын ұрпағы» атты халықаралық фестивальға барып қайтты. 16 мемлекет қатысқан бұл сында Қазақстан атынан, оның ішінде Ақтөбеден барған біздің кішкентай бишілер дипломант атанды.

Кішкентай бишілердің «бапкері» Айгүл Дүйсекова:

– «Шаттық» би тобында 2-8 сыныптарда оқитын оқушылардан құралған ересек, орта, кіші топ бар. Барлығы 80-ге жуық бала би өнерін үйреніп жатыр. Мектепте балалардың би үйренуіне жағдай жасалған. Биыл би залының еденін жаңарту жоспарланып отыр. Өзім Оқушылар сарайындағы әріптестерімнен, әсіресе, «Еңлік» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлнар Байгелдиновадан тәжірибе алып, білімімді жетілдіріп отырамын. Сондай-ақ, Ғалида Омарханнан әдістемелік көмек аламын. Мектеп басшылығы да көмегін аямайды. Әсіресе, билейтін музыканы жаздыруда, ұлттық киімдер мен басқа да би костюмдерін тігу кезінде қиындықтар туып жатады. Бұл кезде бізді ата-аналар қолдап, қаржыландырады, – дейді.

Мың бұрала би билеп, сахна сәні болған жас бишілерден құралған «Шаттық» би тобының алар асуы әлі алда.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button