Басты жаңалықтар

«Ауыл аманаты» жобасы ел еңсесін көтереді

Жұма күні облыс әкімі Ералы Тоғжановтың кезекті жұмыс сапары Әйтеке би ауданында жалғасты.

Өңір басшысы алдымен Қарабұтақ ауылында болып, ауданның даму жоспарымен және негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты.

Осы жылдың жеті айы ішінде Әйтеке би ауданында 9,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 14,6 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бері 6,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 7,1 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліпті. 756 жаңа жұмыс орны құрылған.

Ауданда биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жеті көше жөнделіп жатыр.

Облыс әкімі Қарабұтақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,1 шақырым болатын 3 көшедегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мердігерлер асфальт төсеу жұмыстары жуырда Ақтөбе облысына әкелінген битумның арқасында қысқа мерзім ішінде аяқталатынын жеткізді.

Сапар аясында Ералы Тоғжанов тұрғындармен тілдесіп, алдағы уақытта ауылдың елді мекендерді көркейту бағытында мемлекеттік бағдарламалар күшейтілетінін атап өтті.

— Келер жылы  «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары басталады. Жоба ауыл тұрмысын жақсартуға, халықтың табысы мен тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған. Аталған бағдарлама бұған дейін Жамбыл облысында жүзеге асырылып, жоғары нәтижесін берген, — деді облыс әкімі.

Сапар аясында облыс әкімі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Жоспар бойынша нысан 2023 жылдың басында пайдалануға берілмек.

Астықты өлке Әйтеке би ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов «Комсомол» ЖШС алқабында болып,  ауыл шаруашылығы құрылымдарының және қожалықтардың басшыларымен кездесті. Шаруалармен өткен кездесуде  ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, егін жинау науқаны төңірегінде әңгіме өрбіді. Ералы Тоғжанов шаруаларды туған ауылдарының тұрмыс сапасын жақсартуға, халықтың жұмысқа орналасуына жан-жақты қолдау көрсетуге, жеке қосалқы қожалықтарын дамытуға шақырды.

Жұмыс сапары аудан орталығы — Т.Жүргенов атындағы ауылда жалғасты. Облыс әкімі жол жөндеу жұмыстарымен, 16 пәтерлі екі қабатты жалдамалы-коммуналды үйлердің құрылысымен танысып, құрылысы 2018 жылы басталған денешынықтыру-сауықтыру кешенін қысқа мерзім ішінде салып бітіруді тапсырды. «АСТ-Технология» мердігер мекемесіне жұмысты уақтылы орындамағаны үшін қатаң ескерту берілді.

Жұмыс сапарын түйіндеген Ералы Тоғжанов аудан әкіміне мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына басты назар аударуды тапсырып, бірқатар нақты тапсырма берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button