Жаңалықтар

Интернет дауы…

ЖАҚЫНДА ШЕШІЛУІ МҮМКІН

Облыста ауылдық мектептер мен медицина мекемелерін жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту жылдам жүргізілуі керек. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын жүзеге асыруды талқылау барысында осындай тапсырма берді.

Жиынға бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев баяндама жасады.

Ақтөбе облысында 281 ауылдық мектеп бар, оның 262-сі (93,2 пайызы) жылдамдығы 8 Мбит/с және одан жоғары интернетпен қамтылған. Ал 19-ының бүкіләлемдік желіге қосылу жылдамдығы секундына 4 мегабиттен аспайды. Осы мектептердегі интернет жылдамдығын көтеру жұмыстарын тездету тапсырылды.

— Білім басқармасы цифрлық технологиялар басқармасымен және байланыс операторларымен бірге осы аптада техникалық мүмкіндіктерді саралап, мектептердегі байланыс сапасын жақсарту жолдарын ұсынуы керек,— деді Е.Тоғжанов.

Бұдан бөлек шалғай елді мекендердегі медициналық мекемелерді кеңжолақты интернет желілеріне қосу және жыл соңына дейін Ақтөбе қаласы аумағындағы 5 мың гектар жерді цифрландыру тапсырылды.

Жалпы «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы 44 көрсеткіштен тұрады, оның 12-сі 2021-2025 жылдарға арналған Ақтөбе облысын дамыту бағдарламасына енгізілген. Әсет Отарбаев ұлттық жоба қойған міндеттерді жүзеге асыруда проблема жоқ екеніне және бәрі кесте бойынша жүріп жатқанына сендірді.

Өңір басшысы бұл сұрақты үнемі бақылауда ұстап, барлық бағыт бойынша мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз етуді, сонымен қатар онлайн форматтағы мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру және ІТ мамандарды даярлау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Н.ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button