Жаңалықтар

Жол-көлік оқиғалары қайтсе азаяды?

Мәслихат

Облыс жолдарында орын алған жол көлік оқиғалары себептері — жүргізушілердің қозғалыс жылдамдығын асыруы және жаяу жүргіншілердің жүріс бөлігінен өту ережелерін сақтамауы.

Балалар түрлі жарақат алған 39 көлік оқиғасының тоғызы жаяу жүргіншілер өткелінде болған.Бұл туралы облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысындаАқтөбе облысы бойынша полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев айтты. Аталған іс-шараға облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Қанат Әлиевтің айтуынша, облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері — жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығуы, сондай-ақ жүріс бөлігінен өту ережелерінің орындалмауы.

Депутаттар қоғамдық орындарда бейнекамералар орнатуға, Ресейден, Армениядан және ТМД-ның басқа елдерінен әкелінген автомобильдерге техникалық байқау жүргізуге қатысты кейбір ұсыныстарды айтты.

— Шешілуі тиіс проблемалар мен мәселелер әлі де өзекті. Автомобильдерге арнайы бөлінген орындарда тұрақ қоюға қатысты мәселені шешу қажет. Рулі оң жақтағы автомобильдер туралы мәселе дұрыс көтерілді, рулі оң жақтағы көліктерді сол жаққа қайта жабдықтау сапасын тексеру қажет, әйтпесе бұл жол апаттарына әкелуі мүмкін, —  деді облыстық мәслихат хатшысы.

Облыстық мәслихат депутаттары бақылау бейнекамераларын, соның ішінде «Сергек» деп аталатын бақылау камераларын сатып алуға және орнатуға кететін бюджет қаражатының қалай жұмсалатынын, Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасының іске асырылуына бақылау жүргізу қажеттігін, халыққа берілген уәделер толық және мерзімінде орындалуға тиіс екендігін айтты.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button