Басты жаңалықтар

Жолдың «жыры» бітер емес

Облыс әкімі Ырғыз ауданында болды

Өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен, жол құрылысымен танысты.
Биыл ауданда Құрылыс ауылына кіреберіс 6,9 шақырымдық жолды орташа жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда да басқа аудандардағы секілді «Абай Б» ЖШС мердігер мекемесі битум тапшылғын алға тартып, жұмысты кешіктірген.
Бұл компания осы уақытқа дейін ең кемі асфальтқа негіз дайындауы керек болатын. Алайда, бір уақытта бірнеше активті жобаларды алып қойып, мойнындағы жұмыс көлемін игере алмай қалған. Бұдан бөлек, бір жоба бойынша алынған қаражат анағұрлым келешегі бар басқа нысандарға жіберіліп отырған. Нәтижесінде ауылдардың жолдары қалған қаражатпен жөнделген. Бұл мәселе облыстың басқа аудандарында да бар.
Облыс әкімі бұл тәжірибені доғаруды тапсырды.
Е.Тоғжанов: «Бұл аудан әкімі мен сіздің (мердігер) жеке жауапкершілігіңіз. Мониторинг жүргізіліп, нақты бақылау болсын. Егер міндеттерін орындамаса, мерзімі бар ғой, талап қою керек. Барлық ауданда солай, бірнеше нысанды алады да үлгермей жатады. Бұлай болмау керек. Материалдық-техникалық базасының, жұмыс күшінің бар-жоғына қарап, үтір-нүктесіне дейін тексеру керек»,- деді.
«Ырғыз-Құтикөл» автокөлік жолы мен Ырғыз ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстарына да осындай талап қойылды.

Ырғыз ауылындағы гимназияның жаңа ғимараты 2019 жылы пайдалануға берілген. Дегенмен, мердігер 60 миллинондай теңгенің жұмыс көлемін аяқтамапты, бұл сот шешімімен расталған. Е.Тоғжанов педагогтер ұжымына барлық проблемалық сұрақтарды шешуге қолдау көрсетемін деп уәде етті.
Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов жеті ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамудың аралық көрсеткіштері жайын баяндады. Есептік кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі өсіп, өнеркәсіптік өндіріс жоспары орындалған. Бұған қоса, құрылыс жұмыстарының, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі айтарлықтай төмендеп кеткен.
Облыс басшысы барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
Аталмыш ауданға қызметтік сапары соңында облыс басшысы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи қорығының жұмысымен танысып, «Жармола» жәрмеңкесіне қатысты. Екі күндік шара ауданның туристік әлеуеті мен халқымыздың ұлттық-рухани құндылықтарын дамыту аясында ұйымдастырылған. Шараға өзге өңірлер мен облыстың барлық аудандарынан келген қонақтар қатысуда, олардың ішінде танымал мәдениет және ғылым қайраткерлері де бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button