Басты жаңалықтар

«Жастар ауылдан кетпеуі үшін жағдай жасауымыз керек»

Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Хромтау және Әйтеке би аудандарында болды.

Өңір басшысы Хромтау ауданындағы сапарын «Ақжар Агро» шаруа қожалығынан бастады. Осы жерде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы облыстағы орақ науқанының алдын ала қорытындысымен таныстырды. Биыл дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 15,3 центнерді құрап отыр.

Ауыл тұрғындарымен тілдесу барысында Ералы Тоғжанов ең алдымен қордаланған мәселелерді білді. Шаруа қожалықтарының басшылары ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге шығаруға тыйым салынғаны туралы айтты. Ералы Лұқпанұлы сол бойда Ауыл шаруашылығы министріне хабарласып, одан 10 қыркүйектен бастап астық экспортына тыйым алынып тасталатынын, ал 16 қыркүйектен бастап малды экспорттауға қатысты квотаның енгізілетінін білді. Артынша облыс әкімі «Ақжар Агро» басшысының шағын қожалықтарды мал азығымен қамтамасыз етуде көрсетіп жатқан көмегін құптап, бұл істі жалғастыруды ұсынды.

— Біз бір-бірімізге көмектесейік. Жастардың ауылдан ешқайда кетпеуі үшін жағдай жасауымыз керек, — деді Е.Тоғжанов.

Облыс әкіміне тазартылмаған күнбағыс майы мен азықтық ұн шығарумен айналысатын «АКМЭЗ» ЖШС-ның өндіріс орны мен алдағы жоспары да таныстырылды.  Кәсіпорын құрылтайшыларының бірі, Тәжікстан азаматы Негматулло Корижумаев алдағы жылы май өңдеу және құю цехтарын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Бірақ экологиялық талаптарға сәйкес, инновацияларды енгізу үшін кәріздік тазарту қондырғысын салу қажет. Барлық мәселелер шешілсе, кәсіпорында күнбағыс өсіруден бастап оның майын құюға дейін маманданған шағын кластер құрылмақ.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовке мәселені шешуді кейінге қалдырмай, дүйсенбі күні экологтармен ақылдасуды тапсырды. Сонымен қатар ол Ақтөбеге Шортандыдан мамандарды шақыруды ұсынды.

— Жақында сол жердегі үлкен форумда болдым. Онда бізге дәнді дақылдар сорттарының сынақтан өткендегі нәтижелері көрсетілді. Жеті сорттың бесеуі гектарына 40 центнерге дейін өнім береді, ал бізде небәрі — 15 центнер.

Орақ науқаны аяқталған соң шаруашылықтарымызға семинар ұйымдастыруды тапсырамын, — деді Ералы Тоғжанов.

Биылғы өнім әуелі жергілікті тұрғындардың дастарқанынан табылуға тиіс. Берекелі өнімнің ел ырысы екенін ұмытпаған жөн.

— Экспортқа басымдық береміз деп, өз жұртымызды ұмытып кетпейік. Әуелі жергілікті нарықты биылғы өніммен қамтамасыз етуіміз керек, — деді облыс әкімі.

Өңір басшысы тарапынан Хромтау қаласында бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын бірнеше жылдан бері бітіре алмай келе жатқан «КСМК-АФ» ЖШС-ның жұмысы сынға алынды. Ол мердігерден құрылыстың аяқталатын нақты мерзімін сұрады:

 — Сіз бөлінген қаражатты өз бетіңізбен игере алатын жағдайда емессіз. Сізге қанша уақыт қажет? Жыл соңына дейін тым ұзақ. Құрылыстың кестесін беріңіз. Ал құрылыс басқармасына дүйсенбіге дейін келісімшарт дайындауды тапсырамын, — деді облыс әкімі.   

Құрылысқа қажетті 50-60 адамның орнына 15 адам ғана жұмыс істейді. Бұл — мердігер берген мәлімет. Расында, облыс әкімі келген кезде жұмыс істеп жатқан ешкім жоқ еді. Жұмысшылардың бәрі шатырда жүрді. Ал Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекет пен құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев тиісті бақылаудың жоқтығы үшін сынға ілікті. Техникалық қадағалауды жүргізетін фирма да ескерту алды.

Облыс әкімі құрылысы ұзаққа созылған тағы бір нысан — денешынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды. Бастапқыда «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның демеушілік жобасы ретінде жарияланғанымен, қаржы тапшылығына және құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыстар тоқтап қалған. Енді нысан бюджеттік қаржыландыруға беріледі. Облыс әкімі құрылыс басқармасына кешеннің құрылысын аяқтау бойынша тапсырмалар берді.

Ералы Тоғжанов Хромтаудағы аулаларды абаттандыру жұмыстарымен танысып, Кеншілер саябағын аралады. Ол Фуд-корт жобасына оң баға берді. Көзге қораш көрініп тұрған «Балдәурен» балалар кешенінің қараусыз қалған бөлігін ретке келтіруді тапсырды. Бұл туралы Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Азамат Бектібаевпен өзара әңгімелесу барысында айтылды. Компания аудан әкімдігімен бірлесе отырып, демалыс аумағын қалыпқа келтіретін болды.

Сондай-ақ зауыт басшылығына қызмет көрсетуде  шағын және орта бизнес өкілдерін тарту міндеті жүктелді. Бұл істе облыс әкімі «Қазақмыс» АҚ-ын үлгі етті.

Сондай-ақ «Восход Ориел» ЖШС мен «Ақтөбе мыс компаниясы» кәсіпорнының жұмысы, Самара-Шымкент халықаралық тасжолынан Қопа ауылына апаратын жолдың орташа жөндеу жұмыстары таныстырылды. Және Құдықсай ауылына тартылып жатқан газ құбырының құрылыс барысы көрсетілді.

Өңір басшысы аудан әкіміне мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, ауыл шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпкерлерді ауылдың жағдайына қарасып тұруды тапсырды.— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға барлығы белсенді атсалысуы керек. Бағдарламаның басты мақсаты — ауылдағы әрбір отбасыны қамту, тұрақты табыс көздерін құру, елдің әл-ауқатын арттыру. Бұл жерде екі жақты жауапкершілік болуы керек. Ауылдың тұрмыс жағдайын жақсартуға ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері де атсалысуға тиіс. Сонда ғана ауыл көркейеді, — деді ол.

Сол күні Ералы Тоғжанов Әйтеке би ауданында болды. Ол ауылдық округтердің жай-күйі, егін орағы науқаны мен құрылыс нысандарының барысымен танысты.

Бұл туралы газеттің алдағы санынан толығырақ оқи аласыздар.

 Асхат ҚАЛЖАНОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button