Жаңалықтар

Берген уәде қалай орындалып жатыр?

Көшпелі отырыс

2025 жылдың соңына дейін өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 27 мектеп пен 29 медициналық мекеме салынады. Бұл туралы Amanat партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық  қоғамдық  кеңестің  көшпелі  отырысында облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов баяндады.

Партия жанындағы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру және Ақтөбе облысы бойынша Amanat партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық Жол картасының білім беру мен денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты тармақтарының орындалу барысы туралы айтылды.

— Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауы алдағы жылдардағы еліміздің дамуының басты бағыттарын айқындады. Осы маңызды мемлекеттік құжатта еліміздің ішкі-сыртқы хал-ахуалына сараптама жасалып, тікелей бағыт-бағдары жарияланды, әлемдік, еларалық қарым-қатынаста болып жатқан құбылыстарға баға, ал қоғамды мазалайтын сұрақтарға нақты жауап айтылды.

Жолдаудағы әлеуметтік-экономикалық, саяси дамудың 5 бағдарын орындау арқылы экономиканы нығайтып, қоғамымызды тұрақтандырамыз, халқымыздың әл-ауқатын көтереміз. Алда тұрған басты мәселелердің бірі – Жолдауда белгіленген тапсырмалардың дер кезінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, — деген облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов өңірдің әлеуметтік саласында атқарылып жатқан және енді жасалатын жұмыстар жайына тоқталды.

Бұдан соң облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан өңірдегі білім беру саласындағы жаңалықтар туралы айтып өтті. Өкінішке қарай, бұл сала да кемшіліксіз емес. Облыста 3 ауысымды 5 мектеп және орын тапшылығы бар 40 мектеп жұмыс істейді. Апаттық жағдайдағы мектеп саны — 4.

Жиын барысында республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Сүлейменова биыл аяқталуға тиіс мектептердің құрылысы не себепті кешеуілдеп жатқанын сұрады. Бұл сұраққа білім басқармасының басшысы мердігерлердің жауапсыздығымен қатар, құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп болғанын айтты. Облыста жоспар бойынша биыл 11 мектептің құрылысы аяқталуы керек болатын. Жоғарыда айтқан келеңсіздіктердің салдарынан 4 мектеп пайдалануға уақытынан кешіктіріліп беріледі.

Республикалық Жол картасында халықтың  денсаулығын жақсартуға бағытталған 20 тармақ белгіленген. Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев аталған тармақтар бойынша нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тармақтардың бірінде репродуктивті денсаулығына байланысты проблемалары бар отбасылар үшін экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге квоталар бөлу туралы айтылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды Ақтөбе облысы 79 пайызға орындаған.

— Биыл Ақтөбе облысына Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасын өткізуге 322 квота бөлінді. Оның ішінде облыстық перинаталдық орталық жанындағы Экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы үшін 83 квота,

1 қыркүйекке дейін 254 квота берілді. Облыстық перинаталдық орталық жанындағы Экстракорпоралды ұрықтандыру орталығында 76 бағдарлама аяқталды. Тағы 7 отбасылық жұп осы бағдарламаға қатысуда, — деді Рүстем Исаев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Ауылдық мекендерде денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасын іске асыру шеңберінде Ақтөбе облысы бойынша 29 денсаулық сақтау объектісін салуға қажеттілік барын айтты. 2023 жылға — 12, 2024 жылға — 11, 2025 жылға 6 нысанның құрылысы жоспарланған.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button