Жаңалықтар

Көкжидені сақтау — келер күннің қамы

Брифинг

Өңірлік коммуникациялар орталығында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зүлфухар Жолдасовтың қатысуымен брифинг өтті.

Комитет төрағасы облысымызға экологиялық проблемалар мен оларды шешу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде кен игерушілермен кездесулер өткізу, сондай-ақ Темір ауданындағы жерасты ауызсу қорының бірегей кен орны саналатын Көкжидеге барып, сол жердегі мұнай өндірушілермен кездесу, жағдайды көру үшін келген.

Жиындағы әңгіме, негізінен, Көкжиде қоры жөнінде өрбіді. Бұл жерде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК Мұнай», «Қазақойл-Ақтөбе», «Урихтау Оперитейнг», «Ада Ойл» компаниялары жұмыс істеп жатыр. 2019 жылы «КМК Мұнай» АҚ мен «Ада Ойл» ЖШС ұңғымалары тұрған аумақтарда бақылау жүргізіліп, жерасты суының құрамында мұнай өнімдерінің мөлшері рұқсат етілген шектен жоғары екені анықталған еді. Ал былтырғы зерттеулер кезінде ондай ластану деректері тіркелмеген.

Зұлфухар​ Жолдасов әзірге су қорына қауіп төндіруі мүмкін ұңғымалардың бақылауға алынып, мониторинг жасалып отырғанын, ал болашақта бұл мәселені түбегейлі шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

Көкжиде кен орны тәулігіне 173 мың текше метр ағыспен су беруге қауқарлы. Мұндағы қор бүкіл Батыс аймақты тұщы ауызсумен қамтуға жетеді деген болжам жасалған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Энергетика министрлігі бірлесіп, Көкжиде жерасты сулары кен орнын сақтап қалуға бағытталған  шаралар жоспарын даярлаған. Бүгінде осы бірлескен жоспарға сай бақылау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жиында Ақтөбе қаласындағы ауаның ластану мәселесі де сөз болды. Қалада кәріз-тазалау жүйелерінің тозығы жетуі, тиімді жұмыс істемеуі салдарынан ауаның күкіртсутегімен ластануы үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл жүйені жаңғырту 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Қала ауасының ластануына себепкер ірі кәсіпорындардың бірі — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. Мұнда өндіріс барысындағы зиянды шаң мен газ қалдықтарын ауаға жібермей, ұстап қалу үшін №1 және №2 цехтардың пештерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың қорытындысында ауаға шығатын қалдықтың мөлшері жылына 2 мың тоннаға дейін азаймақ, ал қазіргі мөлшер — жылына 14 мың тонна…

Сондай-ақ жиынға облыстық экология департаментінің жаңа басшысы Ербол Қуанов қатысты. Соңынан комитет төрағасы мен департамент басшысы журналистердің бірқатар сауалына жауап берді.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button