Жаңалықтар

Түзету мекемесіндегі кемшіліктер

Мәслихат

Тергеу жүргізіліп жатқан адамдарды уақытша ұстауға арналған режимдік корпустардың  жағдайы қанағаттанарлықсыз. Түзету мекемесінің аумағында жұмыс істейтін кәсіпорын шығарған өнімін өткізе алмай отыр.

Облыстық мәслихат депутаттары халық аузында 5 және 6-түрме деп аталатын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін аралау барысында осындай  жайларға куә болды.

Депутаттар облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысын 6-түрменің әкімшілік ғимаратында өткізуді ұйғарды. Отырыс алдында депутаттар түзету мекемесінің ішін аралады.

— Қамауға алынған азаматтарды ұстау жағдайымен танысу барысында Сельмаш ауданындағы 5-түрме ғимаратының жағдайы қанағаттанарлықсыз екені белгілі болды. Чекалин көшесіндегі түзету мекемесінің аумағында жұмыс істейтін кәсіпорын өз өнімін сата алмайтыны анықталды, — дейді Amanat партиясы фракциясының депутаты Сұлупан Шынтасова.

Отырыс барысында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Руслан Оразбаев депутаттарға қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы егжей-тегжейлі айтып, шешілуі қажет проблемаларды атап өтті.

— Мекеме ғимараттарының одан әрі пайдалануға жарамдылығына техникалық тексеру жүргізу қажет. Тергеу жүргізіліп жатқан адамдарды уақытша ұстауға арналған режимдік корпустардың камералары шұғыл жөндеуді қажет етеді, — деді ол.

Руслан Оразбаевтың айтуынша, мекемеде қамаудағылардың туыстарынан тамақ өнімдерін қабылдау бөлмесі және келушілерді күту бөлмесі жоқ және сотталғандарды жұмысқа орналастыру да қиындықтар бар.

Баяндаманы талқылаған депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, тиісті қаулы қабылдады.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button