Жаңалықтар

Ел жағдайын жақсарту үшін

Жолдау: ел пікірі

Amanat партиясының облыстық филиалында өткен партия активінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

Іс-шараға Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова мен Гүлдара Нұрымова арнайы қатысты.

— Еліміздің саяси жаңғыруында Amanat партиясының рөлі өте зор. Партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Және қазіргі таңда ең басты міндеттердің бірі — сайлауалды уәделердің сапалы және уақтылы орындалуын бақылау, — деді Эльдар Жұмағазиев.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Президенттің мемлекеттік әлеуметтік саясатты күшейтіп жатқанын мәлімдеп, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға кеңірек тоқталды.

— Жолдауда біз адам өмірінің тұтас циклінің әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру мәселесін көрдік. Адамның дүниеге келгеннен бастап зейнетке шыққанға дейінгі кезеңінің барлығы тұтастай қарастырылған. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру үшін біз, депутаттық корпус, аянбай еңбек етеміз, — деді Гүлдара Нұрымова.

Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасова Жолдаудағы үлкен блок білім беру мәселелеріне  арналғанын айтты.  

— Орта білімге,  бастауыш білімге, балабақша тәрбиешілеріне қатысты ойлар айтылғанымен, мұның барлығы жоғары білім беруге барып тіреледі. Себебі біздің университет — өңірдегі педагог кадрларды даярлаушы аса ірі оқу орны.

Нақты жоғары оқу орнына қатысты идеяларға келетін болсам, ең біріншіден, дифференцалды гранттардың болуы. Бұл жөнінде қазір Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Мен осы жұмыс тобының мүшесімін. Екінші — жатақхана мәселесі. Жұбанов университеті — өңірдегі ірі оқу орны. Студенттерге арналған 2200 орындық жатақханамыз бар. Алдағы уақытта тұрғын жағдайын жақсарту жұмыстарын жалғастыра беретін боламыз. Ең негізгі мәселе — педагогикалық білімнің сапасын арттыру. Әсіресе жоғары білімді беретін оқу орындарын аккредитациялау мәселесі айтылды. Жұбанов университеті өңірдегі жоғары білім берудің хабына айналуы керек, — деді Лаура Қарабасова.

Жиынды ашып жүргізген партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов партия төрағасы Ерлан Қошанов партияның өңірлік филиалдарының алдына Жолдауды халық арасында кеңінен насихаттау, онда айтылған Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру үшін барлық партия мүшелерін жұмылдыру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойылғанын айтты.

— Біз Президенттің қоғамдық қолдаушы күші ретінде төңірегіне топтасып, бәсекеге анағұрлым қабілетті болу үшін еліміздің игілігі жолында аянбай еңбек етуіміз қажет, — деді ол.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button