Пікір

«Біздің күшіміз — жастардың білімінде»

Айнагүл ЕСПЕНБЕТОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы

Еліміздегі саяси жаңғырулар енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс.

Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күнгі халыққа Жолдауында осыны баса айтты.

Экономикада әлі де шикізатқа тәуелділік, басқа да қордаланған мәселелердің көп екені, соған байланысты алдағы уақытта бұл саланы әртараптандыру мен цифрландырудың қарқынды түрде жалғасатыны айтылды. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға басымдық берілмек. Соның ішінде жастардың бастамаларына ерекше қолдау көрсетілетін болады. Жастарымыз осыны көкейге түйіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға сүйеніп, өз бастамаларын батыл түрде қолға алса, құба-құп.

Біздің өңір халқын алаңдататын үлкен мәселенің бірі — жолдың жайы. Сапасыз жолдар — оның құрылысы кезіндегі заңсыздықтардың көрінісі. Жол құрылысындағы заңсыздықты анықтап, соған байланысты нақты қорытындылар шығару бүгінгі күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі екені сөзсіз. Президенттің алдағы үш жыл ішінде жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсартуға тапсырма беруі көңілге үлкен үміт ұялатады.

Ұлт сапасын жақсарту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесінде білім мен ғылымның басты рөл атқаратыны белгілі. Жолдауда Президент: «Біздің күшіміз — жастардың білімінде», — деп өте орынды атап өтті. Үш ауысымдық мектептер мәселесін толығымен шешу, жоғары оқу орындарында білім сапасын арттыру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету сынды мәселелер әрдайым назарда ұсталады. Әрбір оқушының жан-жақты дамып, білім алуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Сонымен бірге жоғары білім де қабілеті, дайындық деңгейі бар әр жас адамға әлеуметтік жағдайына қарамастан, қолжетімді болуы керек. Сондықтан білім алуға жеңілдетілген несие беру де қарастырылмақ.

Білім баспалдақтары мектепке дейінгі тәрбиеден басталады. Жолдауда айтылған балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу,  тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру, жалақысын көбейту, осы саладағы мамандарға қойылатын талаптарды бекітіп, олардың жұмыс жүктемесін азайту сынды мәселелер қоғам тарапынан қолдау тауып отыр.

Жолдауда Қаңтар оқиғасына қатысты жайттар да ашық айтылды. Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жарияланып отыр. «Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де — өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын», — деді Президент. Ал осы қайғылы оқиғадан қорытынды жасау, сабақ алып, арандатушылыққа ермеу ең алдымен ел бірлігіне нұқсан келтірмеудің жолы екені баршамызға аян.

Басқа жаңалықтар

Back to top button