Жаңалықтар

Оқырман

Өнеге

ШАЛҚАРЛЫҚТАРДЫ КІТАП ОҚУҒА ҮНДЕП ЖҮРГЕН ҰСТАЗ

Рухани кемелденіп, ой-сананы жетілдірудің қайнар көзі — кітап оқуда, білім жолындағы ізденісте жатқаны бәрімізге аян. Осы тұрғыда көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Мен үшін кітап оқу — «кислородты жастықпен» бірдей» деп ой түйіндепті.

Әлемді індет қысқан өткен жылдары дүйім жұрт үйге қамалса да, қоғамда небір тың идеялар пайда болып, жақсы бастамалар көтерілген еді. Соның бірі — әйгілі ақын, жазушылардың шығармаларын насихаттауға арналған челендждер болатын. Сол уақытта шалқарлық Салтанат Тұралинаның да ойына жұрттың назарын кітап оқуға аударсам деген ой келеді. Ұстаздық жолда жүрген оны қазіргі жастардың әлеуметтік желінің жетегінде жүріп, құндылықтардан алшақтап бара жатқаны қынжылтады. Қалта телефонға үйірсек балапандар өзінде де бар. Бірде оларға «Гарри Поттер» атты кітапты сатып әкеліп, балаларынан шытырман шығармалардың баяндалу желісін сұрап, бірте-бірте қызығушылығын оятады. Кітаптағы сиқыр әлемі, мәңгілік өмір сүру ұстанымы, адам қиялы жетпейтін алып мақсаттар мен биік мұраттар кішкентайларға бірден әсер етіп, қызығушылығын оята бастайды. Балалары оқитын кітаптарды сатып алған сайын, өзіне де ұнайтын мазмұнды еңбектерді қоса алдырады. Кітап құнын жоймас деп, түрлі жанрдағы көркем еңбектерді әкеліп, әлеуметтік желіден арнайы парақша ашып, оларды сатылымға шығарып отырады. Аз ғана уақыттың ішінде Салтанаттың кітаптарын жарнамалайтын желідегі @shaikar.kitap instagram парақшасы оқырмандарға тез танылады. Бүгінде кітап сату бұл үйдің отбасылық кәсібі десек те болады. Жолдасының атынан заңды жеке кәсіпкерлік ашқан Салтанат желідегі кітап сату жарнамаларын көбіне өзі қадағалайды, ұл-қыздары сабақтарынан тыс уақытта жаңадан келген кітап мұқабаларын суретке түсіріп, instagram желісі парақшасына салуға әзірлеп қояды. Көпшілікке ұнайтын кітаптарды таңдар кезде енесі Маруся Жансүгірованың көмегіне де ара-тұра жүгінеді. Маруся апай қаламыздағы І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінің кітапханасында 37 жыл кітапханашы болып жұмыс істеген. Оқырман талғамын дөп басып, кітапты аса қадірлейтін зейнеткер кітапханашының ақыл-кеңесі келініне қашанда құнды.
Салтанат Әлімқұлқызы бүгінде қаламыздағы 2 мектеп-гимназияда ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. «Ұстаздық — менің сүйікті мамандығым, ол қашанда бірінші орында, кітап сату — менің хоббиім», — дейді ол.
Қазір ол кітаптарды Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалалардан тапсырыс бойынша алдырады. Құнды еңбектерді ыждағаттылықпен табуда едәуір тәжірибе жинақтаған. Оқырман талғамында шекара жоқ. Оның жарнамалаған кітаптарына бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер де бар. 18-30 жас аралығындағы жастардан көбіне мотивациялық кітаптарға сұраныс берсе, көп ата-аналар ертегі кітаптардың бала тәрбиесінде маңызы зор деп бағалайды екен. Ал көркем әдебиетке сұраныс қашанда жоғары.
— Шалқарда кітапты жоғары бағалап, оған көп ақшасын жұмсайтындар жетерлік. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын, Д.Қонаевтың естеліктерін, Ш.Мұртазаның шығармаларын үзбей оқитын ауданымыздағы іргелі бір шаруа қожалықтың төрағасы құны 80 мың теңге тұратын кітапқа тапсырыс беріп, сатып алды. Бұл менің кәсібімдегі ең қымбат бағаға әкелінген кітап деп айта аламын. 8 орта мектептің мұғалімі Элеонора Басмағамбетованың жыл бойы кітаптар сатып алып, жеке кітапханасын толықтырып отыратын, үлгі боларлық қадамын айрықша айтқым келеді. Әріптесіміз соңғы уақытта оқушыларына да кітап сыйлауды үрдіске айналдырып келеді. Қазір кітап сыйлық ретінде де жақсы бағаланады, — дейді.
Иә, кітап — биік белестерге жетелейтін тәрбиелік құрал. Абай атамыз «Артық ғылым — кітапта, ерінбе оқып көруге» дейді. Кітап сөзіне жанасқан тағылымды теңеулер өте көптеп кездеседі. Бірақ бәрінің де мәні біреу, ол — адамзатты кітап оқуға баулу. Осы мақсаттағы Салтанат Әлімқұлқызының сауапты ісіне сәттілік тілейміз.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.

 

 

Бәрі өз қолыңда

кітап — жан азығы

Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Несломленная трость»  жобасы аясында кітапхананың тұрақты оқырманы  Әлібек Жанасыловпен  «Кітап — жан азығы» атты оқырман бенефисі өтті. Үздік оқырмандарға құрмет көрсете отырып, көркем әдебиетті насихаттау, оқырмандарды өлкелік ақын-жазушылармен таныстыру, көпшілік оқырмандардың кітапқа, кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту мақсатында өткен шараның басты кейіпкері Әлібек Жанасылов Шалқар қаласында дүниеге келген.

— 1994 жылы мектеп бітіріп, 1997 жылы Ақтөбе қаласына көшіп, вахталық әдіспен түрлі мекемелерде күзетші болып жұмыс істедім. 2008 жылы Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе  университеті жанындағы колледжге «Іс-қағаздарды жүргізу және мұрағаттау» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, 2010 жылы ойдағыдай бітіріп шықтым. Сол жылы көз көру қабілетім нашарлап, операция жасалды. 2013 жылдан бастап 1-топ көз мүгедегімін, — деп өткен өмірін еске алған Әлібек бос уақытында кітап оқу, өлең шығару, футбол ойнауды ұнататынын айтты.

Мектепте оқып жүргенінде «Жігіт сұлтаны», «Сері жігіт»  байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Жастайынан кітапты жанына серік еткен Әлібек бүгінде кітапхананың тұрақты оқырманы, көптеген іс-шараларға қатысады. Хоббиі — кітап оқу, спортпен шуғылдану, өлең шығару.

— 14 жасымда алғашқы жазған өлеңдерім анаға, әкеге, туған жерге арналды. Кейін махаббат тақырыбына жаза бастадым, — деген ол оқырман қауымына жырларын оқып берді. Сонымен қатар оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісіп, түрлі басылымдарға шыққан өлеңдері туралы айтып, Мұхтар Шахановтың «Отырар» поэмасын жатқа оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Шара соңында кітапхана директоры Гүлстан Хамзина мен зағип оқырманымыз Кенжебай Үмбетияров  жылы лебіздерін білдіріп, естелікке сыйлық табыс етті.

Рысжан ҚАРАҒҰЛОВА,

Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының

қызметкері.

 

Бәрекелді!

 

СУДА ЖҮЗГІШ СОФИЯ — ИСЛАМИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ

Жақында Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастығы ойындарында 15 жастағы ақтөбелік София Әбубәкірова жүзуден чемпион атанды. Жеңімпазға саябақта жолықтық.

— Менің спорттағы мансабым енді басталып жатыр. Исламиадада 50 метр қашықтыққа баттерфляй әдісімен жүзуде 27,17 секунд көрсеткішпен мәреге қарсыластарымнан бұрын жетіп, еліміздің көк Туын желбіреттім. Негізі, жүзумен үш жастан бастап айналысамын. Қазір он бес жастамын. Бұған дейін Азия чемпионатында екі күміс, бір қола жүлде алдым. «Шаңырақ» жеке мектебінде оқимын. Тоғызыншы сыныпты үздік бітірдім. Осы уақытқа дейін спорттың арқасында Катар, Үндістан, Словения, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде болдым. Суда жүзгенді ерекше жақсы көремін. Ендігі мақсат — Олимпиада чемпионы атану, —
дейді суда жүзуден спорт шебері София Әбубәкірова.

Суда жүзуді еркін меңгерген ол спорт ардагері, үздік жаттықтырушылардың бірі Степан Валюстің жетекшілігімен «Шағала» бассейнінде, яғни қазіргі суға жүзуден олимпиада резервін даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Бұл жердің басқа жүзу мектептерінен артықшылығы — әдіскерлері мен жаттықтырушылары  өздері даярлаған бағдарлама негізінде жұмыс істейді. Яғни балаларды арнайы жасалған әдістемемен жүзуге үйретеді. Су спортынан облыс құрамасының дені осы мектептің жүзгіштерінен жасақталған. Ал аталған спорт мектебінің директоры Болат Еңсепбаевтың айтуынша, София Әбубәкірова — келесі Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысып, бағын сынайтын үміткердің бірі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Пікір

РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ИМАНСЫЗДЫҚ

Көптен көрмеген Ғалия құрбым, мен, көрші апай үшеуміз жаңадан ашылған тамақтану орнына шай ішуге бардық. Бұрын көрші тұрғанда әңгімеміз таусылмайтын еді, талай қызықты күндерді бірге өткізген құрбымыздың енді Алматыға қоныс аударатынын естіп, апай екеуміз шайға шақырған бетіміз. Ғалия — келбеті келіскен, жұқалтақ өңді, сұңғақ бойлы, жайдары адам. Үстіне киген көйлегіне сәйкес әшекейлердің түр-түрін түсіне сәйкес тағатын. Бүгінгі таққан екі сақинасының бірінің көзі жасыл, бірі қызыл, ал құлағындағы сырғасының түр-тұрпаты  сақиналарынан  мүлде бөлек.

— Әй, қыз, бағанадан бері қолыма қарап отырсың ғой, — деп сықылықтап күлді ол бір кезде.

Қапелімде сасып қалып: «Жоға! Тек бұрын көйлегіңе сәйкес тағушы едің, бүгінгі «аксессуарың» бөлектеу екен, соған қарағаным ғой», —  дедім ұялған тек тұрмастың кейпімен.

—  Ойбай, баяғы бір уыс сақинадан қалғаны осы екеуі, — деп, ол әңгімесінің тиегін ағыта жөнелді…

— Оразаның кезі еді. Жоғарғы қабаттағы бір бөлменің алақандай жерінің сылағы кетіп, соны жөндетуге сылақшы шақырғанмын. Ерлі-зайыпты екеу келді де, іске кірісіп кетті. Қолдары епті, ұстаған-тұтқаны таза, жүріс-тұрыстары ширақ олар   жөндеу жұмыстарын тап-тұйнақтай жасап жатты. Көшетін болғасын үйдегі бар мүлікті сатып, аз-мұз киім мен менің әшекейлерім сол жөнделіп жатқан бөлмеде болған-ды. Әлсін-әлі үйдегі бала-шағаның шай-суларын әзірлеп төменде жүргенімде, әлгілер соны пайдаланып,  алтындарыма да қол салса керек. Сол күні шаруаларын бітіріп, есеп айырысып  ылдым-жылдым кетіп қалды.  Бірнеше күннен соң, тойға баратын болып әшекейлерімді іздесем, жоқ! Жақында келіп-кеткен   жөндеушілерден басқа бейсеуіт адамның жуық арада үйге келмегені өзіме аян. Жалма-жан телефондағы нөмірлерін іздей бастадым.

—  Ойбай, апа,  о не дегеніңіз! Құдай сақтасын, оразаның кезі, оллаһи-билляһи алған жоқпыз, — деген  олар  ант-суларын ішсін. Көзің көріп, қолың ұстамағасын, амал қайсы? Шаң тимесін деп үстін бүркей салған жиһаздың тартпасында тұрған  жалпы құны  бір миллион теңгелік алтын мен қүміс сөйтіп қолды болып кете барды.

Бір күні Орталық базардағы ломбардтарда арзан алтын болады дегенге барып қарап жүрсем, көзіме бір жасыл көзді сақина жылы ұшырай кетті. Сатушыдан сұрап, саусағыма тағып көрдім. Менікі де сияқты, менікі де емес сияқты. «Менің осындай сақинам бар еді, ұрлатып алдым» дегенімде, сатушы қыз жалма-жан «ой, бұл сақинаны өзім сатып алғанмын, ақша керек болып сатып отырмын» демесі бар ма?

«Әттеген-ай, олай айтпауым керек еді, білдірмеуім керек еді!» деп келесі киоскілерге жағалап бара жатқан болып, балама телефон соғып үлгердім. Соның арасынша келесі киоскіде рубин көзді ірі алтын жүзік тағы да назарымды аудара берді. Сатушы қыздан сақинаны көруге сұрағанымда, рубин көздің шетіндегі екі жерінің ұшқан кетігі көзіме түсті. Дәл сол! Менің сақинам. Енемнің көзі тірісінде маған сыйлаған 583 сынамалы баяғы «советский» сақина. Жалма-жан ішкі істер бөліміне телефон соғып, ұрланған сақинамды ломбард киоскісінен тауып тұрғанымды айттым. Бұған дейін үйден ұрланған заттарым жайлы, күдікті жөндеушілер жайлы жазып арыз берген едім.  Іле-шала жеткен полиция қызметкерлері тиісті рәсімдерін жүргізіп, әлгі сақинаны алып берді.

Ұрланған затты әкелген толық әйел дейді сатушы келіншек. Айтып-саптауына қарағанда, түр-сипаты үйімді жөндеген әйелге келеді. Не керек, әупірімдеп жүріп, полицейлердің көмегімен әйтеуір осы жасыл көзді сақинамды да қайтарып алдым. Қалғаны ақыры табылған жоқ. Қазір жүрген жерде айта жүремін, үй жөндеушіге, үй тазалаушыға сеніп дүние-мүліктеріңді ашық-тесік тастап жүре бермеңдер, — деп Ғалия басынан өткен оқиғаны аяқтады.

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА.

Кездесу

ОТЫЗ ЖЫЛДАН СОҢ…

Жақында Әйтеке би ауданы Басқұдық ауылдық округіне қарасты Сарбұлақтағы Мамыт мектебінде оқыған 1975 жылғы 20 шақты қыз-жігіт 30 жылдан соң Ақтөбе қаласында кездесті.

Осыдан отыз жыл бұрын кішкентай ауылда бірге ойнап, бірге оқыған түлектер облыс орталығына жан-жақтан жиналып, емен-жарқын жүздесті. Кластастар бір-бірімен құшақтасып, қауқылдасып, қалжыңдасып жатты. Сағыныса көріскен 20 шақты сыныптас кездесуге ерекше дайындалып, бір түсті көйлек киіп келіпті.

Кластастар әуелі бастауыш сыныпта сабақ берген мұғалім Клара Ерғалиеваны қарсы алып, бәрі бірге «Нұр Ғасыр» мешітіне барып, алдымен өмірден озған ұстаздары мен құрдастарын еске алып, Құран бағыштады.

Кездесуді кластың белсенділері Қобылан Жұрмағамбетов, Бағдагүл Абдуалиева ұйымдастырды. Әрине, мұндайда құрдастардың барлығы қолдайды ғой, ауызбіршілік танытып, кездесуге де тез жинала қойды.

Бастамашыл топтың есебіне қарағанда, кластастардың кейбірі болмаса, дені Ақтөбе қаласында тұрады. Екі-үшеуі ғана әртүрлі себептермен кездесуге келе алмай қалды.

Қалжыңы жарасқан құрдастар мейрамханада дастарқан басында жиналды.

Кеш барысында әліппе оқытып, қалам ұстатқан бастауыш сынып мұғалімі Клара Ерғалиеваға сыйлықтарын табыстап, ұстаз алдында өздерін бала сезініп, мектептегі қызықты сәттерді айтып, балалық шаққа да саяхат жасады.

Кездесуге осы кластан шыққан жұп — Төрегелді мен оның келіншегі Гүлманаттың ауылдан арнайы келіп қатысуы құрдастардың бала кезін еске түсірді. Бүгінде Төрегелді Көшкібаев — Талдысай орта мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, сондай-ақ ол шахмат, футбол үйірмелеріне жетекшілік етеді. Ал Гүлманат Әбдіханова — Талдысай мектебінің кітапхана меңгерушісі. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Бүгінгі таңда түлектердің бірі — ұстаз, бірі — дәрігер, тағы бірі мал шаруашылығымен айналысады. Тарас Толыбеков пен Бек Өтеулин — туған ауылды көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтар. Екеуі де жеке кәсіппен айналысады.

Еліміздің әлеуметтік және экономикалық саласына өз үлестерін қосып жүрген құрдастар кездесу барысында қаланың көрікті жерлерін аралап, мұғалімдерімен бірге естелікке суретке түсті. Осындай есте қаларлық кездесу кеші алды ата-әже болып жатқан кластастарды бір сәт балалық шаққа оралтты, бірін-бірі көптен көрмегендер өзара мәре-сәре болды.

Манарбек БҰХАРБАЕВ,

Ақтөбе қаласы.

 

Өнер

ӘЖЕЛЕР САЛҒАН ӘН ҚАНДАЙ!..

«Сазды» мәдениет үйінің  2012 жылы құрылған «Ақмаржан» әжелер ансамблі — өз аудиториясын қалыптастырған өнер ұжымы. Облыстық, қалалық  мерекелік, мәдени іс-шараларға белсене қатысады.

— «Ақмаржан» әжелер ансамблін құрудағы мақсатым —  қазақтың ұлттық қазынасын — салт-дәстүрін, әдет-әдебін насихаттау, ұлттық өнерді дамыту, қорғау, —
дейді ансамбльдің алғашқы көркемдік жетекшісі Светлана Қабыланова.

Бүгінде бұл ұжымға Қаракөз Сағынова жетекшілік етеді.

«Ақмаржан» әжелер ансамблі көптеген ауылдық, аудандық, облыстық сахналарда халық әндерін, қазақ композиторларының әндерін шырқап жүр. Репертуарында «Бүлдірген», «Еркем-ай», «Аппақ сенің тамағың», «Дүние-ай», «Ақтолғай» секілді халық  әндерін, І.Жақанов-
тың «Еділ мен Жайық», Ш.Қалдаяқовтың «Тамаша»,
Т.Молдағалиевтің «Жайлаукөл кештері», Кенен Әзірбаевтың «Көк  шолақ», т.б. әндері бар.

Ансамбль құрамында 50-77 жас аралығындағы ауыл әжелері бар. Ауыл ішіндегі жиын-тойда сахнаға шығып, әндерін әуелетіп жүрген әжелер Сазды ауылының мақтанышына айналды. Аудандарға шығып, концерттер де ұйымдастырады. Өнер ұжымының жетістіктері де баршылық. Ән байқауларына қатысып, жүлдемен оралып жүрген әнші әжелердің қоржыны Алғыс хаттарға, марапаттарға толы.

Ансамбльдің алдағы жоспарлары өте көп. Олар ән айтып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауды да ұмытпайды. Ұршықтарын иіріп, тоқымаларын тоқып, сырмақтарын сырып отырып, құлақтан кіріп, бойды алар әсем әнімен көпшіліктің көзі мен көңіліне әсемдік сыйлайды.

Қазіргі таңда «Ақмаржан» әжелер ансамблі халықтық атағын алуға қызу дайындық жұмысын жүргізіп жатыр.

Жансәуле ТЕМІРОВА,

«Сазды» мәдениет үйінің  директоры.

Салт пен сана

 

ЖЕТІ АТА ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Жақында қолыма Сәкен Алдашбаевтың «Салт пен сана» атты кітабы түсті. Оқып шықтым. Замандастарым мен ізімізді қуып келе жатқан іні-қарындастарымыз білсін деген ниетпен баспасөз бетінде бөлісуді жөн көрдім.

Қазақта «жеті атасын білмеген жетесіз» деп тегін білмегенді тексіздікке жатқызып, баласына қаршадайынан руын, жеті атасын жаттатады. Аталары жеті атадан аспайынша некелестірмейді. Бұл қағиданы бұзғандар елден аластатылып, оларға теріс бата беріледі. Мұндайды біздің халық «қан тазалығын бұзды, сүйекке таңба басты» деп түсінеді.

Мұны дініміз де қуаттайды. Мұхаммед пайғамбардың «Алыстан некелесіңдер» деген өсиеті осының мысалы. Ал соның ішінде жеті атадан асыру қазақ халқының ғұламалығы болса керек. Себебі…

Көнекөз ақсақалдардың айтуынша, 950 жылдай өмір сүрген Адам ата әуелі Қабыл және оның сыңары Ақлима атты қызын көрді. Одан соң Абыл және сыңары Лабуда дүниеге келді. Сөйтіп, Алла әмірі бойынша ұрпақ жаю үшін балиғаттық жасқа толған соң Абылдың сыңары Лабуданы Қабылға, ал Қабылдың сыңары Ақлиманы Абылға қосуға бұйрық беріледі.

Осылайша Қабыл мен Абылдан кейін де туған егіздердің сыңарлары бір-біріне ауыстырылып қосылып, ұрпақ тарайды. Адам ата дүниеден өтерінің алдында барлық ұрпағын жинап алып, жеті атадан асқан ұл, қызды бір-біріне некелестіріп қосып, қолын көкке жайып тұрып ақ батасын беріпті-міс. Осы некені Жәбірейіл періште қиды деген аңыз бар. Бұл қиссаны білетін қазақ осы қағидаға сүйеніп, жеті атаға дейін қыз алыспайды.

Жеті ата былай таратылады: бала, әке, ата, үлкен ата, баба, түп ата, тек ата. Төмен қарай: ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене. Мұнан соң туыс-
тың атаулары әрі қарай: жүрежат, туажат, жұрағат, жат жұрағат, жегжат, жамағайын, ағайын болып кете береді.

Жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың бабалар рухы алдында іштей жауапкершілік сезімін оятатын күшке ие.

Айтуған ТӘЖІМҰРАТОВ,

«Аңсар-Байғанин» қоғамдық бірлестігінің

төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button