Пікір

Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр…

Баянды СӘРСЕНБИНА,              

«Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі,

облыстық мәслихаттың депутаты

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауында әлеуметтік салаға және экономиканы дамытудың нақты секторына ерекше назар аударылды. Мемлекеттік органдардың жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру және цифрландыруды күшейту, Ұлттық қор қаржысын тиімсіз жұмсауды тоқтату, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етусөз болды. Бұл — қоғамның көптен күткен мәселесі. Өйткені осы кезге дейінквазимемлекеттік секторларда жасырылған «кей жобалар шенеуніктердің майшелпегіне айналғаны» анық. Жолдауда «Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл —өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды  дамытуға және еліміз үшін маңызды зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз. Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы  олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады», — деп анық айтылған. Бұл әрбір ел тұрғыны үшін түсінікті. Енді оны орындаудың нақты механизмдерін әзірлеу керек. Бұл мәселеде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенділігі өте қажет. Біздің азаматтық ұстанымымыз осы жерден көрініс тапқаны жөн.

Президент ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа платформасын әзірлеуге нақты  тапсырма берді. Өйткені,Жолдауда айтылғандай, қазір«бидай мен мал сатып отыратын заман емес». Сондай-ақ ұзақмерзімдік мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермеу, мемлекеттік субсидияларды беру ашықтығын қамтамасыз етуді басты назарға алу керек. Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін мемлекеттік бағдарламалар бойынша субсидия алушылардың мәліметтері ашық емес. Осы мәселе туралы ел ішіндегі шаруа қожалықтарының иелері де ауылдарға барған сапарымызда әрдайым сұрайды.  Енді субсидия ашықтығын қамтамасыз ететін механизмдер әзірленуге тиіс. Президент еліміз үшін қауіпсіздік мәселесіне айналып бара жатқан су ресурстарын үнемді пайдалану мәселесін  көтерді. Бүгінде ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға су тапшылығы қатты кедергі. Жолдауда айтылғандай,«елімізде судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр». Су желілері мен инфрақұрылым әбден тозған, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Сол үшін елімізде Су кеңесін жандандырып,  оған білімді мамандар тарту мүмкіндігі туды. Бұл елімізде су ресурстарын бақылау және ретке келтіруді ұсыныс еткен  жанашыр азаматтардың ойынан шықты деп ойлаймын. Осы ретте өңіріміздегі стратегиялық су қоры Көкжиде құм массивін  сақтауды тез арада қолға алу керек. Шынына келгенде, отыз жылдан бері еліміздің су шаруашылығын дамытуға, су ресурстарын қорғауға мән берілген жоқ. Тоғандар мен су қоймалары, шағын көлдер заңсыз түрде жекешелендірілді. Ендігі жерде еліміздегі ірілі-ұсақты су қоймалары, бөгеттер, көпірлер, тоғандар есепке алынып, ортақ картасы әзірленуге тиіс. Президент су мамандарын даярлайтын еліміздегі іргелі жоғары оқу орнын анықтауды тапсырды. Бұл шөл және шөлейтті аймақта орналасқан мемлекеттің даму  стратегиясы үшін өте маңызды.

Жолдауда елімізде екі жыл ішінде  650 елдімекенде медицина мекемесі салынып, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіндігі белгілі болды. Алдағы үш жылда 800 мың бала соңғы үлгідегі заманауи мектепте білім алады. Президент Жолдауында  жемқорлықпен сотталған шенеуніктерден өндірілген қаражаттың  мектеп құрылысына жіберілетіндігі өте сәтті ұсыныс деп ойлаймын. Мен депутат ретінде қылмысы дәлелденіп,  сотталған жемқордан өндірілген қаржы сол өңірде қалуы керек деген ұсыныс білдіремін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button