Жаңалықтар

Емханадағы қызметке көңіліңіз тола ма?

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі емхана жағалап, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Науқастардың бірі невропатологқа, тағы бірі эндокринологқа барып көрінгісі келеді. Алайда ем іздеп, емханаға барғанның кейбіріқызмет көрсету сапасына наразы.

Көктемде көлік қағып, аяғын жарақаттаған танысым травматолог дәрігерге көріну үшін емханаға барған, тіркеу бөлімінде отыратын мамандар әуелі терапевтке жіберіпті. Терапевт «бүгін-ертеңге травматологта орын жоқ» деп, келесі аптаның бір күніне жазып қойыпты. Абырой болғанда, соққыдан аяғы іскенімен, жарақаты асқынбапты. Кейін қабылдауына барып, он күннен бері өзіне кіре алмай жүргенін айтқан танысыма травматолог «егер терапевт алдына келген науқастың жағдайын зерделеп, шұғыл көмекке шақырса, өзінің дереу жетіп келуге міндетті екенін»айтыпты. Сонда дәрігерлер бір-бірінің міндетін білмей ме?

Қашан барсаң да, терапевт дәрігердің алдында ұзын-сонар кезек. Жылжымайды.

Сағаттап кезекке тұрмау үшін DamuMed мобильді қосымшасы арқылы тіркеліп барсаң да, терапевке өзің жазылған уақытта кіру қиын. Учаскелік терапевтер алдына барған пациентке көңіл бөле алмайды, себебі таңнан кешке дейін жұртқа жолдама жазып, пациент туралы мәліметті компьютерге енгізіп отырады. Сонда денсаулық сақтаудағы жаңа жүйе бойынша терапевке «компьютерге тіркеуші» деген қосымша жүктеме берілген бе?

Жақында балам ауырып емханаға барғанымда терапевт алдымдағы кірген адамды 40 минут қабылдады. Осы кезде шыдамсыздық таныта бастап едім, қасымдағы отырған адамдардың бәрі маған таңдана қарап: «Неге балаңызды терапевке әкеліп тұрсыз?» деді. «Жүйе сондай, алты жасқа толған баланы балалар бөлімі қарамайды» дедім. Бір сағаттан соң, кабинетке кіруге оқталғанымда, қызумен келіп тұрған қызымды терапевт қабылдамай, балалар бөліміндегі кезекші дәрігерге жіберді. Түсінбейтінім, балаларды онсыз да үлгере алмай жатқан терапевтке қосып берудің қажеттілігі қандай?

Ал процедура кабинетінің алдында әлі күнге дейін тұрғындар көп жиналады. Кезектің соңын сұраған адамдардың көптігінен шошып, кетіп қалғың келеді, алайда бас-аяғы екі сағат ішінде, сағат сегізден онға дейінгі аралықта адам қарасы азаяды. Себебі қан алатын екі маманнан бөлек, тіркелгенді тексеріп отыратын тағы екі қызметкер бар. Сосын да болар, бұл жердегі кезек легі ың-шыңсыз өтетін болып жүр. Мүмкін, терапевтке де осындай көмекшілердің көмегіне жүгіну керек шығар?..

Емханаға барған сайын тұрғындардан «Маман дәрігерлерге неге терапевт жолдама беруі керек? Сол жолдаманы тіркеу бөліміндегі мамандар бере салса болмай ма? Терапевт емдік нұсқау беруге тиіс, сол үшін де компьютер жұмыстарына медбике жауап бер?» деген пікірлерді жиі естиміз.

Ал сіз қалай ойлайсыз? Емхана қызметіне көңіліңіз тола ма?

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button