Жаңалықтар

Битум жеткізу мәселесі шешіледі

«Өңірде битум жеткізу мәселесі шешілетін болды. Бұл туралы облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өңірде жол жөндеумен және салумен айналысатын 20 мердігер мекеменің өкілдерімен өткізген жиналысында мәлім болды», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері қатысты.

​Өңір басшысы Шымкент қаласындағы битум зауытымен келісім жасалғанын, кәсіпорынның облыс сұранысын толық қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз — барынша қысқа уақытта облыс орталығындағы жол мәселесін реттеу. Қазір жұмысты сапалы әрі көрсетілген мерзімде орындауға қай мердігер дайын екенін шешу үшін олардың әрбірімен сөйлесу керек», — деп атап өтті облыс әкімі.

Ақтөбедегі  ерекше бақылаудағы жобаларының қатарында Оңтүстік айналма жолы, Ақтөбе-Орск тасжолын, Тәуелсіздік даңғылы мен Мұстафа Шоқай көшесін жөндеу және құрылысын жүргізу жұмыстары бар.

«Бір жарым ай қалды, қарқынды жұмыс істеу керек. Мен өз тарапымнан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын», —  деген Ералы Тоғжанов республикалық жолдарды салуға және жөндеуге қажет битуммен қамтамасыз етуде проблема болмайтынын айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button