Жаңалықтар

Екінші автокеруен аттанды

Күшіміз — бірлікте

Сейсенбі күні Ақтөбеден Қостанай облысына дәрі-дәрмек, киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиеналық заттар тиелген екінші гуманитарлық автокеруен аттанды. Бұл жолы игі бастамаға қала мен аудандардың тұрғындары да қосылды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен көршілес облыстағы зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша жедел штаб құрылды. Аmanat партиясының филиалдарында 13 көмек қабылдау пункті ашылып, партия мүшелері, студенттер, еріктілер және «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелерінен волонтерлер тобы жасақталды. Көрші облыстың зардап шеккен аудандарына алғашқы гуманитарлық керуен 4 қыркүйекте жеткізілді.

Аmanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтың айтуынша, қайырымдылық акциясы ақтөбеліктердің, облыстық әкімдік пен жергілікті бизнес өкілдерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

—4 қыркүйек күні таңғы сағат 9-дан бастап партияның қалалық филиалында гуманитарлық көмекті қабылдау пункті іске қосылды. Алғашқы көмек Ақтөбеден Қостанай облысына сол күні кешке жөнелтілді. Бүгін 35 тоннаға жуық қосымша заттар жөнелтеміз. Бұл жолы аудан тұрғындары өз үлестерін қосты, — деді Е.Данағұлов.

Қостанай облысына Жастар қанатының волонтерлері де аттанды, олар қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, гуманитарлық көмекті түсіруге, таратуға көмектеседі. «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әнуар Искариннің айтуынша, гуманитарлық көмекті жинауға,  тиеуге 150-ден астам адам қатысқан.

— Көмек қолын созған Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қазақ-орыс халықаралық университеті жанынан құрылған волонтерлер тобына,  басқа да 150-ден астам ерікті жасқа алғыс білдіреміз. Олар азық-түлікті тиесуге дер кезінде бір адамдай жұмыла көмектесті, — дедіӘнуар Искарин.

Ақтөбе облысының жан-жақты көмек көрсетуге қосқан үлесі мұнымен шектелмейді. Алдағы күндері Аmanat партиясы арқылы ұйымдар мен тұрғындардан түскен қайырымдылық қаражаты арнайы шотқа аударылмақ. Берілген ақпаратқа сай, зардап шеккендерге кемінде 20 миллион теңгеден астам қаржылай көмек беріледі.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button