Жаңалықтар

Валерийдің үлгісі

Мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге барлық жағдай жасалған

 Соңғы жылдары корей жігіті Валерий Сим сияқты аптасына 3 рет қазақ тілін үйрететін курсқа баруды әдетке айналдырғандар көп. Олардың ұлты да, жасы да, мамандығы да әртүрлі. Тек мақсаты бір — мемлекеттік тілді жетік меңгеру. Бұл полиглот болуға ұмтылғандықтан ба, әлде қажеттіліктен туған іс пе?..

5 қыркүйек — Қазақстан халқы тілдері күніне орай біз Ақтөбедегі ақысыз тілдік курстардың аужайын, үйренемін деушілерге жасалған жағдай, жалпы оқу үдерісінің қалай жүргізілетінін анықтауға тырысқан едік.

«Мемлекеттік тілді білу керек!»

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенті Валерий Сим Қызылорда облысында туып-өскенімен, қазақ тілін жақсы білмейтінін мойындайды. Тек ауызекі тілде сөйлей алатын кәріс ұлтының өкілі сабақтан тыс уақытын тиімді пайдаланып, 3 аптадан бері тіл курсына барып жүр. Оның айтуынша, оған бұл келешекте емделушілерімен емін-еркін түсіну үшін қажет.

— Ғаламтор арқылы осындай тегін курстың барын біліп, бірден жазылдым. Алдағы өмірімде де, достармен өзара байланысқанда да тіл білудің пайдасы зор. Өйткені мемлекеттік тілді білу керек. Болашақ дәрігер болғандықтан, маған келген науқастармен сөйлескенде бұның маңызы зор.

Қазақ тілін білмеймін деп айта алмаймын. Жеңіл, күнделікті қолданылатын сөздерді түсінемін. Енді грамматиканы меңгеру — мұратым. Сондықтан 3 айлық курсқа қуана қатысып жүрмін. Өзім секілді мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндермен аптасына 3 рет жиналамыз, — дейді 27 жастағы жігіт.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Уикипедия ашық энциклопедиясының дерегінше, екі тілді меңгерген адамды били́нгв, үшеуді — полили́нгв, ал үш тілден артық білетінді полиглот деп атайды.

Өзімен бірге қазақ тілінің түсіндірме сөздігін алып жүруге тырысатын Валерий Ақтөбе қаласындағы курсқа барса, украин қызы Ольга Кефер ауданда жүріп-ақ мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың бағдарламасының шапағатын көргенін айтады. Ол республикалық «Мен қазақша сөйлеймін» акциясына да белсенді қатысқан.

— Қобда ауданына қарасты Қызылжар елді мекенінде медбике болып жұмыс істеймін. Мемлекеттік тілді тегін оқытатын курстың бізде де бар екенін білген бойда тіркелдім. Сондағы оқытушылар қазақ тілін жақсы деңгейде үйренуіме өз үлесін қосты. Тіпті республикалық, облыстық байқауларға қатыстырып, үлкен сенім артты. Тіл байқауларының бірнеше мәрте жүлдегерімін. Қазақша сөйлей алатыныма мақтанамын әрі бұны азаматтық міндетім деп санаймын, — дейді Ольга.

Валерий мен Ольга сынды тіл үйренушілерге облыс орталығынан бөлек, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған Хромтау, Мәртөк, Қарғалы аудандарында да ақысыз негіздегі осындай курстар барын айта кету керек.

Үйренушілердің ынтасы жоғары

Облыс әкімшілігі жанынан құрылған тілдерді оқыту орталығы2007 жылы ашылған. Мұнда бүгінге дейін 22 мыңға жуық адам тілді оқыту курстарымен қамтылыпты. Онлайн және офлайн режимдерде өтетін оқу үдерісіне өзге ұлт өкілдері ғана қызығушылық танытпайды. Мемлекеттік тілді білмейтін, бірақ меңгергісі келетін қазақтар да бар…

— Ұжымымыз әдістемелік жұмыстарға ерекше назар аударып келеді. Бүгінге дейін орталық оқытушыларының құрастыруымен тілдерді оқытуға, әдістемелік мәселелерге арналған  81 еңбек жарық көрді. Сондай-ақ тілдерді оқытудағы жаңашылдықты, озық іс-тәжірибені көпшілікке насихаттау үшін 2014 жылдан бері «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журнал шығарып жүрміз. Авторлардың басым көпшілігі — облыс педагогтері.

Жалпы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен тілді үйретудің әдістемелік мәселелеріне қатысты дөңгелек үстелдер, көшпелі әдістемелік семинарлар, байқаулар, шеберлік сағаттарын жиі ұйымдастырамыз. Сонымен қатар қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстарын жүргізу бағытында биылғы 8 айда 4140 адамды қамтыған 36 іс-шара өтті, — дейді Ақтөбе қаласындағы тілдерді оқыту орталығының әдіскеріГүлсайран Төлегенова.

АЙТПАҚШЫ…

Қазақстан халқы тілдері күні 2017 жылдан бері 5 қыркүйекте тойланып келеді. Себебі бұл күні тіл білімінің атасыАхмет Байтұрсынұлы дүние есігін ашқан. Мерекелік датаның 22 қыркүйектен осы күнге ауыстырылуы — ұлт зиялысының еңбегіне жасалған құрметтің бір белгісі.

Тегін үйретеді

Мекеме қызметкерлері қатысушылардың ынта-ықыласын арттыру үшін түрлі байқаулар, диктанттар циклы, тіпті караоке-жобалардың өтуіне де ұйытқы болып жүр. Сондай шараларға куә болып, кейіннен қызығушылық танытқандардың арасында ұжымымен келетіндер де кездеседі екен. Айталық, мемлекеттік тілді үйрену үшін 10-15 әріптестің белгілі бір уақытты таңдап, курсқа арнайы жазылған кезі болыпты.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы тілдерді оқыту орталығында 5 филолог маман сабақ береді.

— Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі — әлемдегі 6 мыңға жуық тілдің ішінде қолдану өрісі жағынан 70-ші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ ол дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан 600 тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие 200 тілдің қатарында тұр. Бұл — ана тіліміздің біз мақтанышпен айта алатын орасан зор мерейі.

Қазақ тілін одан сайын дамыту үшін біздің орталықта 4 оқытушы сабақ береді. Ал ағылшын тілінен 1 маман бар. Олар мекемеде және курсқа қатысушылардың жұмыс орнында да сабақ жүргізе алады. Мысалы, қазіргі уақытта облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлер біздегі ғимаратта оқып жүрсе, шекарашыларға өзіміз барып-келіп жүрміз. Егер қатысушылар саны 15 адамға жетсе, әлгіндей жағдай жасай аламыз, — дейді орталық оқытушысы Ақмарал Нұржанова.

Осы орайда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін ақысыз негізде үйренемін деушілерге тілдерді оқыту орталығының мекенжайын ұсынамыз: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 20 «А», №102 кабинет. Байланыс телефоны: 8(7132)41-69-34.

P.S.Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру — бәріміздің міндетіміз. Осы орайда қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, Ақтөбедегі қоғамдық орындарда, көпшілік жиналатын жерлерде қате жазылған жарнамаларды, жалпы көзге қораш көрінетін көрнекі құралдарды түзеуден бастасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Айталық, Сәтпаев (дұрысы — Сәтбаев), Уалиханов (дұрысы — Уәлиханов) сынды қате жазылған көше атаулары аз емес. Тіл туралы Заңның сақталуын бірге талап етейік! Сол кезде қазақ тіліне құрмет те артады…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button