Жаңалықтар

Тағдырынан жеңілмеген Тайбек

Еңбек адамы

Тайбек Өтегенов —  еңбекқор, табанды жігіт. Шалқар қаласында оны танымайтын адам кемде-кем. Екі қолынан айырылған жігерлі жанның осы күнге дейін жеткен жетістіктері көпке үлгі. Біз қырық жастағы қайратты да қайсар азаматтың өзімен әңгімелескен едік.

Сынақ

Тайбек21 жасында, яғни нағыз тепсе темір үзер шағында аңдаусызда байқамай екі қолынан бірдей айырылыпты.

— Әскерден келіп, еш алаңсыз ауылдағы ата-анама көмектесіп жүргенмін. Қой бағып, үйдегі тіршілікке қолғабыс ететінмін. Ол кезде Талдықұм ауылында тұрдық. 2003 жылдың8 қарашасы әлі есімде. Сол күні таңертең малға баратын атымды іздеп, ауыл сыртына шығып кеттім. Қардың астында жатқан электр сымын байқамай басып қалып, 10 мың вольттық тоққа түсіп қалдым. Ток ұрғанда талып қалыппын. Қанша уақыт жатқанымды білмеймін. Есімді жиып, көзімді ашқанымда, мұрныма оттың иісі келді. Сөйтсем, ол жанып жатқан қалың тонның ішіндегі екі қолым екен. Аласұрып жүгірдім. Үйге қалай жеткенімді білмеймін, —дейді Тайбек.

Содан аудандық ауруханаға жеткізілген Тайбекке операция жасалып, екі қолын иығынан кесіп тастауға тура келген.Көлденең болған оқыс оқиғадансоң дәрігерлер оған бірінші топ мүгедектігін берді.

Ол кезде әлі үйленіп те үлгермеген жас жігіт екі қолынан айырылған соң барлығынан баз кешіп, өзіне-өзі келе алмай, сары уайымға салынып, қатты қиналыпты. Өзінің айтуынша, бес жыл үйден шықпаған. Алтыншы жылы ғана Алматы қаласындағы протез салатын орталыққа барып, тағдырластарын көріп, шүкіршілік етті. Мұндағы көрініс көз алдынан біразға дейін кетпей қойды, ойланды. Әсіресе, Оралдан келген екі қолы жоқ жас баланың тамағын өзі ішіп, дәретханаға өзі баратынын көргенде өзінің жігерсіздігіне ұялып, намысын қайрады. Өмірде өзі секілді талай жанның қиындыққа еш мойымай, керісінше, жетістіктерге жетіп жүргенін көрген ол өзін жігерлендірді.

Жігер

Өмірден түңіліп, қатты қиналған шақтарында Тайбектің жанында анасы мен бауырлары болды, олар жылы сөздерін аямай, қолдау көрсетті. Кейіпкерім үйленіп, бөпелі болғаннан кейін өзінде бір ерекше күш пайда болғанын, жауапкершіліктің еселенгенін айтады. «Отбасым қайрат-күшімді арттырып, жігерімді жаниды», — дейді Тайбек.

Сөйлеп тұрған, аңқылдақ, ақкөңіл жігіт қыздармен тез тіл табысқаныменоның жағдайын естігенде бойжеткендердің бірі шошып, енді бірінің ата-анасы қарсы болған екен.

— Үйленетін жасқа келіп, уайымға уайым қосылып, «мен сияқты жанға ешкім қарамас» деп ауылда қой бағып жүргенмін. Бірде қасыма «УАЗ» көлігі тоқтады.Жылқы қарап жүргендер екен. Басшысы жылқы қарап келгенше, көліктің жүргізушісімен әңгімелестім. Ол жетім өсіпті, мен де өз басымнан өткен жайды айтып бердім.Жүргізуші жігіт әңгіме барысында досының апасы барын, өте жақсы қыз екенін айтып, телефон нөмірін берді,— дейді Тайбек.

Сөйтіп, тағдырдың жазуымен өзінен он бір жас кіші Арайлыммен телефон арқылы танысып, әңгімелері жарасып, отау құрды. Бүгінде Тайбек пен Арайлымның шаңырағында Нұрбақыт, Нұрғасыр есімді ұлдары өсіп келеді.

Үлкен ұлының аутизм дерті бар. Әке-шешесінің ұлын емдету үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

— Менің екі қолымның жоқтығы түк те емес, он екі мүшесі сау бола тұра, ақыл-ойында жетіспеушілігі бар баламның ауруы жаныма қатты батады. Шүкір, балаларымның несібесі мол. Отбасымды асырау үшін, балаларымды аяққа нық қою үшін жанымды салып еңбек етемін. Мені осы қалпымда қабылдаған келіншегімеризамын, — дейді Тайбек.

Тек төзімділер ғана төтеп берер төтенше жағдайға тап болған Тайбек осылайша табандылығының арқасында тағдырдың сынағына қарсы тұра білді. Қайсарлық танытып, еңсесін көтерді.

Кәсіп

Тайбек ұзақ ойланып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тренерлерімен ақылдаса келе, өзіне ыңғайлы табыс көзін табады. Бүгінде ол тек өзінің отбасын асырап қана қоймай, айналасына да көмектесіп отыр.

Еңбекқор, ізденімпаз жігіттің кәсібі 2018 жылы құрылысшыларғақуаты 280 вольттық генератор мен бетон айналдырғышты жалға беруден басталды. Ол бұл құрылғыларды «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы курстан өтіп, 250 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант қаражатына сатып алған.

— Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма төрт-бесжылдай уақыт болды. Көлемі үлкен бетон айналдырғыштың нарықтағы бағасы 800 мың теңгеге жуықтайды. Бұған сәйкес қуаты жоғары генератордың бағасы да сол шамалас. Іске өнімді бұл құралды құрылыста пайдалансаң, бір мезетте 10 қап цементті езуге мүмкіндік бар.Менің құралдарым ескірді. Оның үстіне құрылысшылар қуаты 380 вольттық генератор мен көлемі үлкен бетон айналдырғышты жиі сұрайды. Алдағы уақытта осы құрылғыларды жаңарту жоспарымда бар. Болашақта құрылыс компанияларымен келісімшартқа отырғым келеді, әзірге менің құрал-құрылғыларымды ауыл тұрғындарыүй салғанда жалға алады,— дейді кәсіпкер.

Қазір ол көлемі кіші бетон айналдырғыштан күніне 5-6 мың теңге табыс табады. Жарық жүргізілмеген жерде құрылыс жүргізушілер көп жағдайда одан генераторды қоса жалға алып жатады.

Тайбек ойлана келе тек бір кәсіппен шектеліп қалуға болмайтынын түсініп, кәсіп аясын кеңейтеді. Ол қазіргі уақытта құрылысқа қажетті құралдарды жалға бергеннен гөрі, тауық баққанның пайдасы жақсы екенін айтады.

— Қорамда 100 шақты тауық бар. Негізі инкубаторым бар, сол аппаратта балапанды жұмыртқадан өсіріп шығарамын. Биыл жаздай өсірген балапандарымды саттым, тұрғындар балапанның әрқайсысын 600-800 теңгеден сатып алды. Халықтың сұранысына қарай, жұмыртқа, балапан, тауық — бәрін де сата беремін. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейткім келеді. Бұйырғанын көрерміз, — дейді азға қанағат, барға шүкіршілік ететін Тайбек.

Үлгі

Мемлекеттің қолдауымен іс бастап, бизнес жүргізіп отырған кәсіпкер жігіттің өмірге

деген құлшынысы ерекше. «Екі қолдан айырылғаныма 20 жылдан асты. Осы кезде мені тығырықтан отбасым мен жанашыр ел ағалары алып шықты. Аллаға шүкір, мені қолдайтын елім, отбасым барда мен бақыттымын! Мен де отбасымды, бауырларымды, Отанымды, қазақ халқын жақсы көремін!» — дейдіпатриот жігіт.

Бүгінде Тайбекті ешкім мүгедек деп айта алмайды. Себебі ол тіршілікке қажет шаруалардың бәрін ешкімнің көмегінсіз өзі атқара береді. Құдықтан қауғамен су тартады, үйдегі тауықтарына жем-суын береді, қажет болса, көлік те жүргізеді. Тіпті смартфонындағы клавиатураны да өзі тере береді, әлеуметтік желіде де белсенді.

— Бір кездері жасанды қолмен де жүріп көрдім. Бірақ қазір маған протездің қажеті жоқ. Барлық жұмысты протезсіз-ақ атқара беремін. Бір қолым қолтық тұсынан кесілген. Сол бар шаруама жарап тұр, — дейді қайсар азамат.

Еңбекқор Тайбектіңмақсат-тілектері шетінен біртіндеп орындалып жатыр.Оның үлкен армандарының бірі — аяқ-қолсыз туса да, қиындық-кедергілердің бәрін жеңіп, жетістіктерімен жұртшылыққа үлгі боп жүрген қоғам тұлғасы, америкалық Ник Вуйчичпен кездесу.

— Мүмкін, мен де біреулерді жігерлендіретін болармын. Ал мені Ник Вуйчичтің қанатты сөздері мен оның өмірі жайлы деректеррухтандырды. Онымен кездескім келеді, — дейді Тайбек.

Ізденімпаздығы мен тынымсыздығының арқасында еңбекқорТайбектүрлі табыс көзін тауып, өз елінде-ақ көп адамға үлгі болып жүр.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button