Жаңалықтар

Өнегелі ошақ, текті ұрпақ

ХХ ғасырдың басында дүниеге келген ұрпақ тағдырдың сан сынағынан өтті: олардың балалық шағы 16-жыл, қазан төңкерісі, азамат соғысы кезіндегі дүрбелеңдермен тұспа-тұс келді, ал одан әрі— алапат аштық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы…

Салмағанбет Көзденбаев — сол буынның өкілі. Ол 1907 жылы Алға ауданында туған.

Өзі жазып қалдырған өмірбаянында ол кедей-шаруа отбасынан шыққанын, 1919-1924 жылдар аралығында байдың қарамағында еңбек еткенін айтады. Одан соң Қазалыдағы балалар үйінде оқып, білім алған. 1928 жылы Шымкент қаласындағы кеңес-партия мектебін бітіргеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облысының Келес, Созақ аудандарында комсомол ұйымының жауапты хатшысы болып қызмет атқарады.

Бұл тұста қазақ зиялыларының, қазақ жастарының үлкен бір тобы, түрлі аласапырандарға, қоғамдағы қайшылықтарға қарамастан, өзінің, халқының болашағын кеңес өкіметімен байланыстырды. Заманға сай білім алып, партия қатарында еңбек ете жүріп, жақсы өмірге, жарқын күндерге жетуді ойлады. Өздері көрген қиындықтың, төзген қиянаттың түбі бір игілігі болмай қоймайды деп сенді. Ол игілік — келешек ұрпақтың қамы, несібесі, басқалармен терезесі тең ғұмыр кешуі еді. Салмағанбет Көзденбаев сол топтың қатарында болды, 1930 жылы коммунистік партияға мүшелікке өтіп, жауапты қызметтердің тізгінін ұстады.

1939 жылы қазіргі ферроқорытпа зауыты құрылысының қолға алынуына байланысты оны туған өңірі Ақтөбеге жаңа қызметке жібереді. Мұнда ол зауыттың партия кабинетінің меңгерушісі болып тағайындалған.

Егер зауыт тарихына көз жүгіртсек, сол кездегі қым-қиғаш күрестің іздерін мұннан да көреміз. Біріншіден, мұндай өндіріс орнын ашу үшін қажетті бай кен қоры Ақтөбе жерінен табылғанымен, зауыттың өзін көрші Орынбор облысының Орск қаласында немесе Домбар ауданының аумағында салу туралы ұсыныстар да болған. Ақтөбе қаласы тек үш нұсқаның бірі ретінде ғана қаралды және таразы басы Орск қаласына қарай ауып та тұрған. Алайда көне Мұғалжар қойнауындағы кен орнынан Орскіге дейінгі аралық Ақтөбемен екі арадағы жолдан екі есе қашық еді. Осы және басқа да жағдайлар ескерілген болуы керек, 1939 жылдың қараша айында КСРО-ның қара металлургия халық комиссариаты Ақтөбеде зауыт құрылысы мен жылу-электр орталығын салу жөніндегі тапсырманың жобасын бекіткен.

Екіншіден, бұл жобамен одан әрі айналысу қара металлургия халкомы емес, ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) құзырына өтті. Сондықтан кәсіпорын бастапқыда НКВД-ның Ақтөбе құрылыс комбинаты атанып, зауыт құрылысын ұйымдастыру ісіне кеңес, партия қызметкерлері тартылған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда зауыттың бірқатар партия, комсомол қызметкерлері бірден-ақмайданға сұраныпты:

Әкем соғысқа ерікті болып аттанды. Соғыс басталған күні ертесіне, яғни 23 маусымда зауыт ұжымы митинг өткізген.Осы жиында ол Қызыл армия қатарына сұраныпты, — деп еске алды қызы Раиса Көзденбаева.

Раиса Көзденбаеваның есімі ақтөбеліктер үшін жақсы таныс. Ол — медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, клиникалық фармакологтар мен фармацевтердің республикалық кәсіби қауымдастығының президенті. Міне, кейіпкеріміз — Ақтөбе аймағы ғана емес, барша халқымыз мақтан тұтуға лайық осындай асыл перзент тәрбиелеп-өсірген адам. Бірақ бұл жөнінде кейінірек…

Салмағанбет Көзденбаев 1941 жылдың маусым айында соғысқа аттанып, Кеңес Одағының аумағын азат еткеннен кейін Румыния, Венгрия, Австрия жеріндегі ұрыстарға да қатысты. Майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Будапешті азат еткені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін»медальдарымен марапатталған. Майданда ол саяси жетекші, батарея комиссары, соңынан батарея командирі болды, сөйтіп, Кеңес армиясының қатарынан 1946 жылдың қаңтарында запастағы аға лейтенант шенінде босатылған.

Елге келгеннен кейін алғашқы жылдары «Ақтөбеқұрылыс» тресі басқарушысының орынбасары қызметін атқарған. Сонымен бірге жоғары білім алу үшін Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. Ал 1949 жылы сауда саласына ауысып, зейнеттік демалысқа шыққанға дейін осы салада басшылық қызметтер атқарған.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда қай саланы да аяғынан тік тұрғызу оңайға соқпағаны сөзсіз. Қалыпты ырғағынан жаңылған тіршілікті қайта жандандыру, жолға қою үшінаянбай еңбек еткендердің қатарында біздің кейіпкеріміз де болды. Бұған оның сол жылдардағы еңбек жолы да дәлел: облыстық сауда бөлімінің басшысы, облыстық атқару комитетінің сауда жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, Ақтөбе қалалық азық-түлік саудасы бөлімі директорының орынбасары, т.б. Салмағанбет Көзденбаев осы салаға қажетті мамандар даярлау, жастарды тарту ісіне де көп көңіл бөліпті. Еңбектегі жетістіктері үшін ол 1950, 1957 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен наградталған. Сол кезеңде аталмыш жоғарғы органның хатшысы болып сайланған қазақтың батыр қызы, кейіннен Халық Қаһарманы атағына ие болған Хиуаз Доспанованың қолы қойылған грамота көзімізге оттай басылды. Балалары әлі де құрметпен сақтап келе жатқан бұл марапат қағаздарын біз құнды жәдігерге баладық.

Әкем 1967 жылы зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін, өкінішке қарай, ортамызда аз ғана жүріп, 1972 жылы өмірден өтті. Ауыр жылдардағы бейнетті еңбек, соғыс кезіндегі жарақаттар із-түзсіз кетсін бе? Әкем білдірмеуге тырысқанмен, денсаулығы сыр беруші еді. Содан ба, әрдайым дәрігер мамандығын мақтап отырушы еді. Әкемді емдеген Нұржамал Ахметова есімді дәрігер апайымыз қазір Ақтөбеде тұрады, жасы 90-нан асты. Үйде әкем майданда өзін ажалдан арашалап қалған есімі белгісіз медбикенің, Нұржамал Шәріпқызының жұртқа сіңірген еңбегін мақтап, құрметпен айтып отыратын болған соң ба, балаларының жартысы дәрігер мамандығын таңдаппыз, — дейді Раиса Көзденбаева.

Салмағанбет Көзденбаев жары Сара Сапарғалиқызымен бірге жеті бала тәрбиелеп-өсірген. Олардың үшеуі — еліміздің медицина саласына зор үлес қосқан мамандар. Академик Раиса Көзденбаеваның ғылыми жетекшілігімен зерттеліп және әзірленіп, өндіріске енгізілген «Қызыл май», «Шүкір май», «Мия майы», «Қалақай майы» сынды отандық препараттар бүгінде кең қолданысқа ие. Раиса Салмағанбетқызы 34 жылдан астам уақыт бойы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының фармакология кафедрасын басқарды. Оның жетекшілігімен 6 адам докторлық, 40 адам кандидаттық диссертация қорғаған.

Сондай-ақ оның сіңлісі Роза да медицина ғылымдарының докторы, профессор, Валеология академиясының академигі; ал інісі Марат — Ақтөбе өңіріне белгілі хирург-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент.

Көзденбаевтар әулетінің тұңғышы Еркін Мәскеуде жоғары білім алып, сол жақта қызмет еткен. Ал Серік Салмағанбетұлы — кеңестік заманда республиканың азаматтық қорғаныс саласында жоғары қызметтер атқарған әскери маман, полковник.Берік пен Маргарита — құрылыс саласының мамандары. Маргарита Көзбендаева бүгінде «Мелиоратор» ЖШС-ның бас директоры болып қызмет етеді.

Салмағанбет Көзденбаев пен жары Сара Сапарғалиқызы өз балаларын ғана емес, соғыс пен одан кейінгі қиын кезде тағыүш жетім баланы қанатының астына алып, қамқорлап өсірген.

Ауыр жылдарда ауылда ата-анасыз қалған үш баланы жетімдер үйіне тапсыруға шешім қабылданған. Анам оларды қимай, түнімен ойланып, таңертеңгілік «өзім асырап, бағамын» деген кесімді сөзін айтыпты. Кейін олардың екеуінің туыстары табылды. Ал Жаңыл апамыз біздің үйімізде өсті, Хакима апамыз да мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбеге оқу іздеп келіп, біздің үйге қайта оралды. Анам оларды өз қолынан ұзатты. Сонымен бірге, әкемнің туған апасының немересі Мекен ағамыз да біздің үйде өсті. Анам ешқашан: «Өзімнің жеті балам да жетеді», — деген сөзді айтпай, оларға да бар мейірімін төкті. Ата-анадан жетеу болғанмен, бір үйде он бала өстік, — дейді Раиса Салмағанбетқызы.

Адам баласы ізгілікке, жақсылыққа сусындап отырған қазіргі уақытта, міне, осындай жандардың үлгі-өнегесі біздің ұлттық құндылықтарымыздың, отбасы құндылығының қайнар көзі ретінде ұмытылмай, көпшілікке жетіп, насихаттала берсе екен дейміз.

Сара Сапарғалиқызы да белгілі әулеттен шыққан, өзі де он үш жасында жетім қалып, ағасы Мәжит Шомбаловтың қолында тәрбиеленген екен. Мәжит Шомбалов —Қазан университетін бітірген, қазақтың алғашқы жоғары білімді дәрігерлерінің бірі, ХХ ғасыр басында ел ішінде оба індетінің таралуына қарсы үлкен қайрат көрсеткен күрескер адам. Өкінішке қарай, 1937 жылдың зұлматында ұсталып кеткен. Мәжиттің баласы Тайыр Алматыда тұрған.

Мен Тайыр ағадан Мәжит атамыздың дәрігер ретіндегі ізденістерін, дәрілік шөптер туралы айтқандарын сұрап-білуге әрдайым құмартатынмын, — дейді Раиса Салмағанбетқызы.

Халқымыз замана көшіне енді ғана ілесіп, жоқтан бар жасалып жатқан кезде, әр саланың еңсе тіктеуіне зореңбек сіңірген, алаш зиялыларының соңына ілескен буынға бүгінгі ұрпақ шексіз қарыздар. Сол буын өкілдерінің бірі Салмағанбет Көзденбаевтың есімі Ақтөбеде құрылыс, сауда саласының дамуына, өңірдегі ең ірі кәсіпорын — Ақтөбе ферроқорытпа зауытын ашуды ұйымдастыру ісіне қосқан үлесімен есте қалуға тиіс.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button