Экономика

Көктемгі ылғалмен үміт ұлғайды

Өткен күз айларында жауын-шашын түспеді. Қыста қар аз жауды. Бұл тек бірер өңірге емес, облыс аумағына тегіс тән болды. Сондықтан егіншілікпен айналысатын адамдар бұған алаңдаулы еді. Бірақ көктем айының тууымен жағдай оңғарыла бастады. Наурызда біржоба ылғал түсті. Енді, міне, сәуір  айы  жарылқап тұр. Бесқонақ биыл ерекше мінез танытып, қыс бойы жауа  алмаған қардың есесін толтырды. Және ол аймақты негізінен тегіс қамтыды.  Әрине, бұл жағдай егіншілікпен айналысатын қауымның жаңа егіннен үмітін ұлғайтып, алдағы науқанға құлшындыра түсті. Бірсыпыра аудандардың егіншілік мәселесімен шұғылданатын  жауапты адамдарымен телефон арқылы әңгімелескенімізде осыны аңғардық.

Байбосын ЕШПАНОВ, Қарғалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:

– Астық мәселесі Елбасының биылғы халыққа Жолдауында түбегейлі қойылды. Әсіресе, қазіргідей дағдарыс жағдайында оны молайтудың маңызы зор. Мұны біз жақсы түсініп отырмыз.

Егіншіліктің шаруасы бір науқанмен бітпейді, жыл он екі ай қат-қабат жалғасып жатады. Жаңа егінге дайындықты біз өткен күзде-ақ қолға алдық. Ауданның өткен жылы астықтан тәуір өнім алғаны белгілі. Дәнді дақыл егісінің түсімі жоғары болды. Соның нәтижесінде ауданда алдағы егіске қажетті тұқым толық құйылып алынды. Бірен-саран тұқымсыз отырған ұсақ шаруа қожалықтары болуы мүмкін. Оларға қажетті тұқым ауылдан табылады. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мұны назарға алып отыр.

Ал енді дәнді дақыл себілетін жер мәселесіне келсек, бұл да өткен жаз, күз айларында дайын болды деуге болады. Екі жылда бір рет егістік жер аударылып, өңделеді. Өткен күзде аудан бойынша 29 мың гектер сүдігер жыртылды, 47 мың гектар пар айдалды. Сонда бізде ылғал сақталған 74 мың  гектар өңделген егістік жер қазірдің өзінде тікелей дәнді дақыл себуге дайын.

Көктемгі егіске жарақты техникалар шығады. Қазір шаруашылықтар қолда бар техниканы жөндеу жұмыстарын толық аяқтады. Бұған қоса ауданға жаңа техникалар келіп жатыр. Биылдың өзінде көктемгі егіске қатынасатын 6 кешенді аграгат алдық. «Саха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Велиховка», «Кудра» шаруа қожалықтары көктемгі егіс алдында осындай техникалармен жарақтанып отыр.

Ендігі бір маңызды мәселе – жанар-жағармай жағдайы. Бұл мәселе де оңды шешілуде. Ауданға 1780 тонна дизель отыны керек еді. Соның 58 пайызы – арзандатылған жанар-жағармай. Оның литрі 32 теңге шамасында. Жанармайдың 50 пайыз құнын шаруа қожалықтары күзде астықпен есептеседі.

Биыл 110 мың гектар жерге дәнді дақыл себіледі деп жоспарлап отырмыз. Өткен жылы 106 мың гектар алқаптан астық жинаған едік. Содан артық болмаса, биыл кем болмайды. Негізгі егілетін дақылдың түрі – бидай, арпа, сосын майлы дақылдар. Картоп, көкөніс биыл молырақ салынуға тиіс.

Күзде, қыста ылғалдың аз болғаны біраз уайым болып еді. Қар жауып жақсы болды. Тіпті, бізде үш-төрт күн боран болды. Жерде ылғалдың молайғанына қуандық.

Қайрат ҚАЗМАҒАМБЕТОВ, Алға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:

– Көктемгі далалық жұмыстарға шығарылатын техника жөндеуден өткізіліп, аяқтала келді. Тиісті жанармай алынуда. Қажеттілік – 1400 тонна шамасында. Оның 826 тоннасы жарты бағасына  арзандатылған.

Биыл «Тоқпансай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көктемгі далалық жұмыстарға 2 жаңа дән сепкіш кешенді агрегатпен шығады. Осындай қуатты техниканы «Алғабас», «Батпақты» шаруа қожалықтары да алды. Бұған «Астанаагроқаржы» мекемесі арқылы қол жетті. Ауданда бұрын да осындай қазіргі заманғы қуатты техниканың 3-еуі бар еді.

Бүгінгі таңда егіншілерді мазалап отырған мәселе – несие жайы.Әзірге несие жүйелері шаруа қожалықтарына несие беруді толық шешкен жоқ. «Ауыл» шағын несие беру жүйесі ауданға 35 млн. теңге бөлген. Шаруа қожалықтары оған бизнес-жоспарларын өткізуде. «Алға» шағын несие беру  серіктестігінің 23 құрылтайшысы бар. Несие жүйелері ірі шаруашылықтардан жоғары өтімді кепілдік талап етеді.

Өткен жылы ауданда егіннің шығымы орташа болды. Аудан бойынша астықтың түсімі гектарына 7,1 центнерден айналды. «Тоқпансай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана жоғары өнім алды.

Құрмет ЕСМАҒАМБЕТОВ, Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы:

– Биыл біздің аудан 68 мың гектар жерге егіс салуды жоспарлап отыр. Бұған дейін қамбаға 5800 тонна тұқым құйғанбыз. Өзіміздегі «Қазақстанның 30 жылдығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – жоғары сортты тұқым дайындайтын шаруашылық. Содан шаруа қожалықтарына 880 тонна тұқым сатылады. Жетіспейтін қалған тұқымды көрші Батыс Қазақстан облысынан, өзіміздің облыстың элита тұқымын сататын шаруашылықтарынан аламыз.

Үкімет тарапынан 845 тонна дизель отыны берілді. Оның 495 тоннасы жеңілдікпен, жарты құнын қазір, қалғанын күзде төлейтін шартпен беріліп отыр. Жанармайды шаруашылықтарға бөліп бердік. Оның әр литрінің құны – 54 теңге, 27 теңгесін көктемде, қалған 27 теңгесін күзде төлейді. Қазір шаруашылықтар жанар-жағармайды тасып алып жатыр.

Техника жөндеу жұмысы қалыпты жүрді. Басым көпшілік шаруашылықтар бұл істі ерте қолға алып, аяқтауға қарады. «Қазагрофирма» арқылы біздің ауданға тек биылдың өзінде көктемгі егіс жұмыстарын атқаратын 6 кешенді шетелдік агрегат алынды. «Қазақстанның 30 жылдығы», «Бестау», «Серік» серіктестіктері биыл көктемгі далалық жұмыстарды осындай қуатты техникалармен жүргізеді.

Бізден жер алып, егіс салып жатқан ірі тауар өндірушілер де аз емес. Соның бірі -«Саха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл шаруашылық біздің ауданнан 7 мың гектар егіс салады.

Биылғы жылы аудан картоп, көкөніс өсіруге ден қойды. Оның көлемі: картоп – 370 гектар, көкөніс – 350 гектар, бақша дақылдары 40 гектар болмақ.

Қазір ылғал жерге жақсы түсті. Ендігі мәселе – сол ылғалды сақтап, уақыт өткізбей көктемгі далалық жұмыстарды аяқтауда.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button