Спорт

89-минутта гоу соққан гол

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Қызылжар» — 1:0

4-5 қыркүйек күндері 18-тур ойындары өткізілді.

«Тараз» футболшысы өз қақпасына енгізіп алған автолгол «Шахтерге» жеңіс әперді. Өз алаңында «Каспийден» 0:2 есебімен ұтылып жатқан «Атырау» қайтадан ширап, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Сырт алаңда «Ақсудан» ұтылған «Мақтааралдың» әзірге соңғы орыннан ілгері жылжи алмайтыны мәлім болып қалды. Шымкентте «Ордабасы» 13-орында келе жатқан «Тұраннан» ұтылып қалды. Өз алаңында «Қайрат» «Тобылдан» 2:3 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. «Ақжайықты» ойсырата жеңген (4:0) «Астана» 3 голды 6 минутта енгізді.

Еркебұлан Тұңғышбаев («Ақсу») бір ойында үш гол соқты.

Ал чемпионат басталғалы 125 кездесу (69%) өткізіліп, 315 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,52  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдады.

«Қызылжар» қалпақпен ұрып алатын команда емес еді. Еуропа Лигасының екінші кезеңінде, шілде айында бұларды менсінбеген хорваттық «Осиекті» қалай тақырға отырғызғаны, хорваттық футболшылардың өз жанкүйерлері алдында ақталуға сөз таба алмағандары естен кете қойған жоқ. Әсіресе қорғанысы мықты.

«Ақтөбе» бірден-ақ сол қорғаныстың осал тұсын табуға тырысты, үсті-үстіне шабуылдаумен болды.

11-минутта Рожерио Шина жақын маңайдан жасаған соққы тым әлсіздеу болды, доп сол жақ діңгектің сырт жағына тиіп кері серпілді.

20-минут шамасында әуелете тасталған қауіпті допты Мирослав Лобанцев секіре ұмтылып, кейін қайтарды.

Бұдан соң қонақтар да қарсы шабуылдар ұйымдастыра бастады. Әрине, тас мығым «Ақтөбенің» қорғанысын бұзып-жару қайдан оңай болсын. Дегенмен осындай қимылдар жерлестеріміздің пәсін қайтарып тастағандай болды. Қалай болғанда да, ақтөбеліктер бірінші таймда көзге жарқырап түсе алмады.

Екінші таймды жерлестеріміз тағы да тынымсыз шабуылдармен бастады. Тіпті 53-минутта пенальти соға жаздады. Айып алаңындағы тайталас кезінде доп «Қызылжар» футболшысы Юрий Бушманның оң жақ білегіне тигенін көрген бас төреші Денис Тевяшов бірден он бір метрлік нүктені көрсетті. Бірақ мұны әріптестерімен бірге VAR арқылы қайта тексерген соң шешімін өзгертті.

Ал 73-минутта Жерар Гоу соққан гол және есепке алынбады. Ақтөбелік футболшы қызылжарлық қақпашыны итеріп жіберді деп есептелді.

Дегенмен сол Жерар Гоу дегеніне жетті. Ойынның негізгі уақыты аяқталуға бір минут қалғанда, 89-минутта «Қызылжар» қақпасының сол жақ іргесінде жүрген Темірлан Ерланов сол жерге түскен допты қарсыластардан қақшып тартып алды да, сәл кейінде тұрған Әділхан Таңжарықовқа тастай салды. Әділхан дереу қақпаның келесі бұрышына қарай соққы жасады. Тап осы жерге зырлап келе қалған Жерар Гоу асқан ептілікпен доптың бағытын өзгертіп, қақпаға енгізді де жіберді — 1:0.

Төреші негізгі уақытқа 7 минут қосты. Дегенмен бұл кезеңде қонақтардың есепті теңестіру мүмкіндігінен гөрі алаң иелерінің жеңісті нықтай түсу мүмкіндігі артықтау болды. Мысалы, Рожерио Шинаның қақпаға теріс қарап тұрып қайшылай тепкен добы қақпашыға тіке бармағанда қайтер еді.

Рас, бір гол артықшылығымен жеңіске жету цифрлық тұрғыдан қарағанда аса ірі жетістік болып көрінбеуі де мүмкін. Бірақ «Астана» мен»Тобыл» желкеден дем алып тұрған қазіргі жағдайда сол 1 гол арқылы келген 3 ұпайдың бағасы тым жоғары екендігіне дау да жоқ. Оның үстіне біздің футболшылар қарсыластар қақпасын торуылдаудан, қақпаға қарата соққылар жасаудан (7:3) аса кенде болған жоқ. Ойын уақытының 63 пайызында доп біздің жігіттердің аяғында жүрді. Әттең, дәл қақпа маңына келгенде мүмкіндікті пайдалану жағы кемшін бола берді.

Тағы бір факт, «Ақтөбе» қарсыластарын осымен үшінші рет 1:0 есебімен жеңді.

«Ақтөбе»-«Қызылжар» — 1:0

Гол авторы: Жерар Гоу, 89-минут (1:0).

Ескерту қағазын алғандар: Дмитрий Шомко, 50-минут («Ақтөбе») — Павел Яковлев, 50-минут, Еркін Тапалов, 90+1 минут («Қызылжар»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов, Артурас Жулпа, капитан, (Юрий Логвиненко, 46-минут), Руслан Камболов (Рамазан Оразов, 65-минут), Бауыржан Байтана (Максим Самородов, 88-минут), Виталий Балашов (Эрнест, 65-минут), Рожерио Шина, Сердер Сердеров (Жерар Гоу, 65-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Владимир Гинаитис, Йоахим Адукор, Арман Кеңесов, Әлібек Жәрдемов.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

5 қыркүйек 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 12 400 адам.

Бірінші айналымда жерлестеріміз сырт алаңда «Қызылжармен» тең (1:1) ойнаған болатын.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 18 кездесу өткізіп, 12 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 38. Доп айырмашылығы — 27:18.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 4 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 3 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 3 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қайрат»-«Тобыл» — 2:3

«Ордабасы»-«Тұран» — 1:2

47-минутта дөрекі ойнаған Олег Евдокимовке («Тұран») «қызыл қағаз» көрсетіліп, алаңнан қуылды. 78-минутта Эльхан Астанов («Ордабасы») он бір метрлік айып добын қақпаға енгізе алмады.

«Астана»-«Ақжайық» — 4:0

87-минутта Рафаэль Сабино («Ақжайық») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін алаңнан қуылды.

«Ақсу»-«Мақтаарал» — 4:2

90-минутта Одилжан Абдурахманов («Мақтаарал») ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін алаңнан қуылды.

«Атырау»-«Каспий» — 3:2

«Шахтер»-«Тараз» — 1:0

16-минутта Нұрлан Дайыров («Тараз») өз қақпасына автогол соғып алды.

*   *   *

18-турда жанкүйерлер ең көп келген кездесу Ақтөбеде өтті — 12 400 адам.

Алғашқы үштікті талдап көрсек, «Ордабасы»-«Тұран» ойынына 8000 адам, «Қайрат»-«Тобыл» кездесуіне 6200 адам келген.

Жанкүйерлер ең аз жиналған кездесу Астанада («Астана»-«Ақжайық») өтті — 1500 адам.

*   *   *

18-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 38 ұпай
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 34 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 32 ұпай
  4. «Шахтер» (Қарағанды) — 27 ұпай
  5. «Қайрат» (Алматы) — 27 ұпай
  6. «Ордабасы» (Шымкент) — 26 ұпай
  7. «Тараз» (Тараз) — 25 ұпай
  8. «Атырау» (Атырау) — 25 ұпай
  9. «Каспий» (Ақтау) — 23 ұпай
  10. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 20 ұпай
  11. «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай
  12. «Қызылжар» (Петропавл) — 18 ұпай
  13. «Ақжайық» (Орал) — 18 ұпай
  14. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 13 ұпай

«Тұран» мен «Ақжайықтың» басқалардан бір кездесуі кем екендігін еске саламыз.

*   *   *

19-тур ойындары 10-11 қыркүйек күндері өтеді.

10 қыркүйек, сенбі

«МАҚТААРАЛ» — «АҚТӨБЕ»

«Каспий» — «Астана»

«Ақжайық» — «Шахтер»

«Тараз» — «Ақсу»

11 қыркүйек, жексенбі

«Тобыл» — «Атырау»

«Тұран» — «Қайрат»

«Қызылжар» — «Ордабасы»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button