Басты жаңалықтар

Қаламы мен қаруын тең ұстаған

Облыстық газеттің тарихына көз салғанда журналистердің де қолына қару ұстап, оқ пен оттың қақ ортасынан табылғанын анық аңғарамыз. Солардың бірі Ахмет Ескендіров еді. Ол 1901 жылы Орынбор губерниясының Екінші Бөрте өңірінде дүниеге келген. Сегіз жасынан ауылдағы орыс-қазақ мектебіне оқуға барады. Он сегіз жасында өзі мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеуге кіріседі. Бұқара арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізумен бірге, осы тұста өлең де шығара бастайды.

Ахмет Сейітұлы 1933 жылы облыстық «Социалистік жол» газетіне қызметке келеді. Мұнда редакцияның мәдениет бөлімінің меңгерушісі болады. 1939 жылы ол халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің әдеби хатшысы болып тағайындалады және Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбедегі өкілі қызметін қоса атқарады.

Ахмет Ескендіров 1940 жылы Нұрпейіс ақын жырлаған «Қобыланды» туындысын латын әрпімен қағазға түсірген. Жырдың машинкаға басылған нұсқасы Ғылым Академиясында қорда сақтаулы.

Соғыс басталған тұста Ахмет тылдағы еңбекшілер арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, елді майданға көмектесуге шақырады. Ол басқаратын топ құрамында Нұрпейіс ақын да жүреді.

Жеңімпаз батыр халық ұлдарымыз,

Соғыста қалтылдамас қолдарымыз.

Бұрынғы ерлік іске тарих айғақ,

Жеңісті болған талай жолдарымыз, —

деп жалынды сөз сөйлеген Ахметтің өзі де 1942 жылы бронын бұзғызып, өз еркімен майданға аттанады. Қан майданның ортасында жүріп те қолынан қаламын тастамайды. Сол кездері оның «Алып анадан туады», «Туған ауыл көрінді», «Алып батыр», «Майданда» деген өлеңдері «Социалистік жол» газетінің беттерінде жарияланады.

Майдангер журналистің:

Ұлыңды майдандағы мыңға бала,

Бір мыңын жер қайысқан қолға сана.

Болғанда ұл сенікі, ер елдікі,

Осыны жадыңызда сақта, ана, —

деген өлең жолдары елдегі талай аналарға қуат бергені сөзсіз.

Майданнан жазылған хат жауынгердің жан сезімін білдіреді.

«Жаным балам, жарым Нәсіл, мен қазір ақсап қалған құландай болып госпитальда жатырмын. 31 март күні жарақаттандым. Тез хат салыңыз.

Ахмет.

13.04.44.

Новогород-Волынск».

Ол бұл жарақатынан жазылып, қайтадан майданға аттанады. 1944 жылдың 12 қазанында Чехословакия жеріндегі қанды соғыста қаза табады. Прешув қаласының солтүстігінде отыз бес шақырым қашықтықтағы Вапеник селосында жерленеді.

Ахметтің артында қалған балалары Қуат, Темірболат әкелерінің есімін мақтан тұтып,  кейінгі жас буынға журналист-жауынгер аталарының  ерлік істерін өнеге етіп өсірді.

Журналист-майдангер 1942 жылы жазған «Ант етемін» деген өлеңінде:

Жаудың үні өшкенінше,

Көрге түгел түскенінше,

Қаннан кере ішкенінше,

Қауіп бұлты сейілгенше,

Қимылдаймын ел ерінше,

Деп жүректен ант етемін, —

деп тебірене жырлаған екен.

…Ахмет Ескендіров есімі бүгінде облыстық «Ақтөбе» газетінің алдыңғы буындағы аяулы тұлғаларының бірі ретінде аталады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button