Басты жаңалықтар

Партизанның немересімін

Менің майдангер атам Арық Есентаев бала кезінен өр, батыл, жігерлі болып өскен деседі. Ол жиырма жасында фин соғысына қатысады. Ал одан кейінгі жорық жолдары неміс фашистеріне қарсы шайқаста жалғасады. Қанды соғыстың қызған кезінде 1943 жылдың басында бұларды жау тұтқынға түсіреді. Содан 1944 жылдың ақпанында кеңестік жауынгерлер жиырма сегіз фашисті өлтіріп, өздері жеті жолдасынан айырылып, бұғаудан қашып шығады. Сөйтіп, кеңестік солдаттар Югославиядағы Броз Титоның партизандар қозғалысына қосылады. Жасақталған кеңестік батальонға жиырма үш жасар Бейсен Райысов командир болып тағайындалады. Партизандар көпірлерді бұзады, телефон-телеграф байланыстарының жұмысын тоқтатып, неміс жасақтарына шабуыл жасайды. Сөйтіп, соғыстың соңғы күніне дейін қолдарынан қаруларын тастамайды.

Атамның ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, бірнеше медальдары болды.

Югославиядан берілген Жоғарғы ордені мен «Ерлігі үшін» медалі Алматыдағы Қарулы күштер мұражайына қойылған. Атам өмірден өтіп кетсе де, ауылдастары күні бүгінге дейін оны «Арық партизан» деп атайды.

Гүлназ ЕСЕНТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button