Спорт

Алда — жартылай финал

Қазақстан Кубогы

Дүйсенбі күні Қазақстан Кубогы үшін болып жатқан ойындардың ширек финалының кездесулері өтті. Бұл ширек финал бір кездесуден ғана тұратыны бұрыннан мәлім еді.

*   *   *

«Қайрат» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады.

Алматылық команданың оралдықтарды жеңетіндігіне ешкімнің де күмәні болмаған тәрізді еді. Бірақ олай болмады. Қонақтар шабуылдаудан тынбады, қақпаны Данил Устименко ғана жанкештілікпен қорғаумен болды. Оған қоса бірінші таймның соңында екінші рет ескерту қағазын алған Вячеслав Швырев алаңнан қуылып, «Қайрат» тіпті азшылықта қалды. Екінші таймда «Ақжайық» шабуылды одан әрі күшейтіп жіберді. Бірақ алаң иелерінің капитаны соншама қашықтықтан орындаған айып добы «Қайратты» алға шығарды. Дегенмен әуелі қайраттық Виктор Васин қорғаныс қимылынан қате жіберіп, өз қақпасына өзі доп соғып алды да, негізгі уақыттың соңғы минутында Оралхан Өміртаев командасына жеңіс сыйлады.

Осылайша Премьер-Лиганың айбынды командасы Бірінші лига өкілінен ұтылып қалды.

«Қайрат»-«Ақжайық» — 1:2

Гол авторлары: Сергей Кейлер, 79-минут (1:0); Вячеслав Васин, 87-минут, автогол (1:1); Оралхан Өміртаев, 90-минут (1:2).

45+1 минутта В.Швырев («Қайрат») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін алаңнан қуылды.

*   *   *

Өз алаңында «Астана» чемпионат турнирінің көші соңында келе жатқан «Мақтааралды» қабылдады.

Осы кездесудің фавориті болып есептелген астаналықтар ұдайы шабуылдаумен болды, ал қонақтар қауіпті қарсы шабуылдар ұйымдастыра білді. Дегенмен мол тәжірибе мен жоғары шеберлік дегеніне жетті. Соның өзінде де астаналықтар жеңіске әзер қол жеткізді. 90-минутта Камо Оганесян тастаған пасты Килан Лебон тиімді пайдаланып, жібек торды бүлк еткізді.

«Астана»-«Мақтаарал» — 1:0

Гол авторы: Килан Лебон, 90-минут (1:0).

*   *   *

«Тараз» өз алаңында «Шахтерді» қабылдады.

Әрине, жанкүйерлердің көпшілігі чемпионаттың соңғы кездесулерінде «Тобылмен» де, «Астанамен» де тең ойнаған тараздықтар жартылай финалға шығатындығын болжаған болатын. Солай болды да. Бірақ бұл жеңіс қолға оңай түскен жоқ, екі тайм да, қосымша тайм да тең аяқталған соң, пенальтилер сериясына кезек берілді де, бұл ретте «Тараз» футболшылары мергендік көрсетті.

«Тараз»-«Шахтер» — 1:1 (пенальти бойынша — 4:2)

Гол авторлары: Роман Мұртазаев, 66-минут (0:1); Абылайхан Жұмабек, 68-минут (1:1).

*   *   *

Пенальтилер сериясы қызылордалық «Қайсар» өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдаған кездесуді де айналып өткен жоқ.

Бұл ойында Премьер-Лига өкілі жарқырай көрінді, бірақ бірінші таймда қызылордалық команда қақпасының кілтін табудың сәті түспеді. Екінші таймда сол кілт табылған да болатын, бірақ «Қайсар» қарымта гол соқты. Қосымша тайм есепке еш өзгеріс енгізбеді де, пенальтилер соғылды. Бұл тайталаста «Ордабасының» бағы жанды.

«Қайсар»-«Ордабасы» — 1:1 (пенальтилер сериясы — 1:4)

Гол авторлары: Всеволод Садовский, 56-минут (0:1); Амал Сейітов, 74-минут (1:1).

*   *   *

Енді жартылай финал 19 қазан күні өткізіледі.

«Астана» өз алаңында «Ордабасы» командасымен ойнаса, «Ақжайық» өз алаңында «Таразды» қабылдайды.

Е.АХАТҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button