Білім

Балдырған

Көктем

Көктем келді жадырап,

Дала — жасыл шаңырақ.

Жұпар иіс аңқиды,

Аспанда құстар қалқиды.

Аизия ЕЛТАЕВА,

№31 қазақ орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы

Жасыл желек қарсы алған,

Бозторғайлар ән салған.

Бұл ғажайып керемет,

Қыздар, ұлдар тамсанған.

Нұрай ҚОҢЫРБАЙ,

С.Бәйішев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Өтірік өлең

Сүйреп әкеп қоянды,

Үй қасына байладым.

Сойып беріп тышқанды,

Қонақ етіп жайладым.

Әмірлан ТАБЫЛДИНОВ,

Мұғалжар орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Ана

Аппақ анам, ақ анам,

Ақ сүтін беріп өсірген.

Әлдилеген аяулы үн

Кетпейді еш есімнен.

Қарағанда жаутаңдап

Сырымды ұққан көзімнен.

Қуат алам күн сайын

«Күнім» деген сөзіңнен.

Темірлан ТАЙМАҒАНБЕТ,

Мұғалжар мектеп-балабақшасының оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

Балдәурен

Сағыныш

Жақында көгілдір Көкше төрінде, екінші Швейцария атанып кеткен Бурабайдың бөктерінде орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып қайттым.

Біздің ауысым «Туған жер — алтын бесік» деп аталды. Сондықтан да «Балдәурен» төрінен нағыз қазақылықтың лебі есіп тұрды. Себебі бұл ауысымда ұлттық салт-дәстүр өрбіп, қазақ өнері өрледі. Ауысымның ашылуы мен жабылуы аралығында өткізілген кештердің барлығында дерлік ұлттық әдебиетіміздің тереңіне қайтадан үңіліп, қазақ өнері түрлеріне қанық болдым.

«Балдәуренде» өткен 20 күн ішінде жаңа достар да таптым. Туған жерімізге қайтарда бір-бірімізді қимай, жылап қоштастық. Қазір олардың бәрімен де хабарласып, хат алысып тұрамын. Бәрі маған өте жақын болып кетті. Ал «Балдәуреннің» Ар-намыс кодексі, ұраны, әндері әлі жүрегімде сайрап тұр.

«Балдәурен» тек бақытты балалар мен жүрегі мейірімнен жаратылған, ыстық ықыласқа тұнып тұратын, іші нұрға толған жып-жылы ақ үй секілді.

«Балдәуренде» өткен күндерімді, тәрбиеші ұстаздарымды сондай сағынып жүрмін.

Алтын күн ақ сәулесін төккенінде,

Келдім мен Бурабайдың бөктеріне.

Жүрегім лүп-лүп соқты бір тыншымай,

Самал жел беттен құшып өпкенінде.

Қайыңдар бишілердей мың бұралған,

Таулар да шәлі тағып тұр мұнардан.

Тіл жетпейтін табиғат әсерінен

Жүрегімнен толқынды жыр құралған.

Гүлдерай БИДАҒҰЛОВА,

Құрылыс ауылы,

Ырғыз ауданы.

Болашақ

Сенім

Жастар — еліміздің болашағы. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге Қазақстандағы жастардың да дүниеге көзқарасы өзгерді. Енді біз елімізді терең біліммен, озық ғылыми ізденістермен ғана өрге бастыра алатымызды ұғындық.

Қазақтың атақты ақыны Шәкәрім Құдайбердиев «Жастарға» атты өлеңінде Абайдан үлгі алып, білімді сол кісіден іздеуге үндеген. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жастарын білім-ғылымға талпынып, үнемі ізденіп, қазіргі өмір талабына сай алдыңғы қатарда болуға шақырады. Президентіміз жастардың ел экономикасын дамытып, республикамызды ең алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына шығаратынына сенеді.

Әйгілі ақынымыз Мағжан Жұмабаев өзінің «Мен жастарға сенемін» атты өлеңінде:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін,

деген. Сол сенімді қазақ жастары ақтауға тиіс.

Ақмаржан РАУШАНОВА,

Ғ.Ақтаев атындағы № 6 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Жасыл әлем

Сұлулыққа құштарлық

Көктем келді! Қандай тамаша! Көктемнің сұлулығы көз тартарлық, тіпті айтарға сөз таппайсың. Көктемнің жайма-шуағы мен шапағаты, нұры мен жылуы, бәрі-бәрі сондай әсем.

Міне, қар еріді, су ақты, күн ұзарды, үй жануарлары өріске шықты. Балалар асыр салып ойнап, адамдар қызу тірлігіне кірісті. Ал бұған бұлақтың сыңғыры мен құстардың сайрауық үндері қосылса, ғажайып музыка әуенін құрамай ма?! Енді алқаптар жасыл кілемге айналып, алуан гүлдер бой созатын болады.

Осынау сұлу табиғатқа қарап, мен табиғатты сүю, қамқор болу оған деген құштарлықтан, сұлулыққа тәнті болудан басталады деп ойлаймын.

Назерке НАЖМАДИНОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button