Басты жаңалықтар

Табиғаты туризмге жол ашатын өлке

Фестиваль

28-29 тамыз күндері Қарғалыда өткен «QargalyFest» музыкалық фестивалін көруге 25 мыңнан астам адам барған. Облыста бұрын-соңды мұндай шара болмағанын айтқан ақтөбеліктер өз әсерін әлеуметтік желілерде бөлісіп жатты.

Саяхатқа құмар ақтөбеліктер жаздың соңғы күндерін Қарғалы су қоймасының маңында өткізді.

Сұлу сарқырамасы, әсем табиғаты бар Қарғалыны туристер «екінші Швейцария» деп атайды. Осындағы  Қасқыр сарқырамасын көру үшін Қарғалыға жылына мыңдаған турист келеді екен. «QargalyFest» музыкалық фестивалі ауданның туристік әлеуетін тағы бір көтеріп тастады.

Фестиваль аясында сұлу Қарғалының бойында киіз үйлер тігіліп, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ішкі туризмді дамыту, кеңінен насихаттау мақсатында өткен шара барысында  «Qazaqman» триатлон жарысы өтті.

Сонымен қатар шара барысында мүсін және дизайн бағытындағы шеберлік сағаттар, саздан мүсін жасау, макраме, қыш ісі, садақ ату бойынша мамандардың көрмесі мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, балаларға арналған анимациялық алаңдар, фуд-корттар және ұлттық-мәдени мұраны сақтауға арналған этноауыл жұмыс жасады.

Ал қаланың қым-қуыт тірлігінен бір сәт қол үзген тұрғындар қайықпен серуендеп, ашық аспан астында тынығып, жұлдызды кештің куәсі болды. Мұнда қауіпсіздік шараларына да аса мән берілген.

Қарғалы су қоймасы еліміздегі ең үздік 50 туристік орын тізіміне кірді. Алдағы уақытта бұл жерде үлкен демалыс орталығы құрылады. Егер тұрғындардың көңілінен шығып жатса, осындай ашық аспан астындағы шараларды алдағы уақытта да ұйымдастырып тұратын боламыз, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Фестивальға арнайы Ақтөбе қаласынан барған қолөнер шебері Гүлнар Шұлғабаева қолынан шыққан бұйымдарын алып келіпті. Құрақ көрпелері, қолдан тоқыған түрлі бұйымдары мен жүннен жасалған моншақтары көздің жауын алады.

— Бүгін өте тамаша демалыс болып жатыр. Адамдар бір мезгіл қаланың у-шуынан демалып, түрлі шеберлік сағаттарының куәсі болды. Осы шара болатынын естіген срң енем екеуміз жасаған бұйымдарды алып келуді жөн көрдім, — деді ол.

Ал Қарғалының бойындағы аққұмда отбасымен демалып жатқан қала тұрғыны Нұрлан Ахметов бұл маңға жиі келіп тұратынын айтты.

— Ақтөбе айналасында да көрікті жерлер көп. Қарғалының бойына бұған дейін де келіп тұратын едім. Қолым бос кезде балық аулағанды жақсы көремін. Бүгін үлкен шара болатынын естіген соң отбасымды алып келдім. Барлығына ұнап жатыр, — дейді ол.

Ал Қарғалы ауданына қарасты Степное ауылынан келген Сағадат Рысмағанбет «QargalyFest» музыкалық фестивалінің жастар үшін де маңызы зор шара екенін айтты.

— Мұндай мәдени шараның әсіресе біз секілді жастар үшін маңызы зор. Рухани демалыс кеші болды. Ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз, — деді.    

Концерттік бағдарлама барысында арнайы шақырылған Qanay, «Орда» тобы, Kali, Maqlao, Ka-Re және Abdr  секілді эстрада әншілері өнер көрсетті. Шара отшашумен аяқталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button