Басты жаңалықтарМереке

Құрметті жерлестер!

 

Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі — Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әр азаматтың ерік-жігері мен таңдауы заң аясында еркін жүзеге асып, арман-қалауы ардақталған елде ғана саяси тұрақтылық пен бейбіт ахуал орнамақ.

Барлық ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің арқауы, мемлекеттіліктің бастауы мен біртұтастығының қайнары, негізі—Қазақстан Республикасының Конституциясы.

Осыдан ширек ғасыр бұрын миллиондаған қазақстандық жаңа Конституцияның қабылдануы үшін жалпы халықтық дауысқа салумен өзінің тарихи таңдауын жасаған болатын.

Қазақ халқы —сонау тарихи кезеңдерден заң үстемдік еткен мемлекетті қалыптастырып, құқықтық жүйесін құра білген ел. Ата-бабаларымыз дала заңдарының білгірлері —билеріміздің билігіне сөзсіз бағынған. Тарихтан тағылым алған бүгінгі буын да игі дәстүрді жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзген емес.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады»,—деп атап көрсеткен болатын.

Ата Заңымыздың негізгі ережелері аясында еліміздің тұрмыс-тіршілігі айтарлықтай өзгерді, нарықтық экономика құрылып, демократиялық қоғамның негізі қаланды.

Қазақстан халықаралық аренада әлемнің оқ бойы озық шыққан елдерінің қатарынан лайықты орнын иеленді.

Кешегі тарихтан тамыр алған, ертеңгі тарихқа тұғыр болған Ата Заңымыз салтанат құрып тұрғанда еліміз толағай табыстарға одан әрі жете бермек.

Мерейлі мереке қарсаңында баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, молшылық, ашық аспан, бақ-береке тілеймін!

Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттігіміздің жүрегі болған Ата Заңымыз мәңгілік болсын!

Ақтөбе облысының әкімі

Оңдасын ОРАЗАЛИН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button