Мереке

Еліміздің басты құжаты

Ботакөз МЫРЗАЛЫ,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау

департаментінің бас маманы.

Қазір еліміз, халқымыз үшін үмітке толы әрі өте жауапты, өзгерістер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз.

Еліміздің алдында ықпалды парламенті бар президенттік республика орнықтыру мақсаты тұр. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы ауқымды саяси жаңғыртулар Конституциялық реформасыз мүмкін болмайтын еді. Әрі қарайғы реформалар, халық күткен өзгерістер осы Конституциялық реформадан бастау алатынын жақсы түсіндік. Сондықтан биылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасадық.

Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер халықтың ел басқару ісіне қатысу құқын кеңейту,Парламенттің рөлі мен мәртебесін арттыру, бар азаматқа тең жағдай жасау идеясына негізделген. Міне, биылғы Конституция күні мерекесін осындай жаңалықтармен қарсы алып отырмыз. Ата заңымызға түзетулер мен толықтырулар енгізуден басталған реформалар сәтті жалғасып, халқымыздың жарқын болашағына жол ашады деп үміттенеміз.

Біздің Конституциямыз, ең алдымен, елдің бірлігі мен қоғамның

қауіпсіздігін, ұлттар мен ұлыстардың өзара ауызбірлігін, ең бастысы, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Конституцияны еліміздің басты құжаты ретінде тану, оның талаптарын білу, қастерлеу, заң үстемдігіне мойынсұну — әр азаматтың борышы. Азаматтары заң үстемдігін мойындаған қоғамда тәртіп орнап, елдің дамуына жол ашылады. Біз заңға қайшы әрекеттерден, парақорлық, жемқорлық сынды құбылыстардан біржола бас тарту арқылы ғана, лайықты өмір сүреміз және ел болашағын да айқындаймыз.

Баршаңызды мерейлі мереке — Конституция күнімен құттықтап, тәуелсіздігіміз тұғырлы бола бергей деймін.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button