Басты жаңалықтарДенсаулық

Аллергия әлегі

Биыл маусымдық аллергия күшейіп тұр. Көшпілік орындарда көзі қызарып, мұрны бітеліп, түшкіріп-пысқырып, әлекке түскендерсоның емін іздеп әуре. Ақтөбеліктердің айтуынша, кез келген емханадан аллерголог табу қиын.  Аллергологтар қай жерде қабылдайды? Аллергияның екпіні неліктен биыл ерекше боп тұр?Одан құтылудың жолы бар ма? Осы тақырып төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллергологі, аллергологиялық орталықтың жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты Зәмзә Хайруллинамен әңгімелескен едік.

 Ақтөбеде 25 аллерголог бар

Облыста алғаш рет аллергологиялық орталық осыдан жиырма жыл бұрын, 2002 жылы теміржол ауруханасының базасында ашылды.

— Орталық құрылған жылдары біз сол жерде дәрігерлерді оқытып, аллерголог мамандарды даярладық. Бүгінгі таңда олардың көбі Ақтауда, Атырауда, Оралда, Шымкент, Қызылорда қалаларында еңбек етіп жүр. Ақтөбедегі аллергологтардың 99 пайызы — бір кездері облыстық аллергологиялық орталықта оқығандар. Мен ол кезде педагог болдым. Қазір де Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті мамандарымен бірге  аллерголог дәрігерлерді оқыту үшін, қайта даярлау курстарын ұйымдастырып, біліктіліктерін арттырамыз. Қазіргі уақытта бұрынғыдай оқуын бітірген жас маман бірден аллерголог дәрігер болуға мамандана алмайды. Міндетті түрде еңбек өтілі болуы шарт. 2014 жылға дейін оқуын бітіргендерге бұл шарттың қатысы жоқ. Ал одан кейін бітіргендер аллерголог болуы үшін міндетті түрде тағы екі жыл оқуы қажет. Яғни екі жыл резидентурадан өтуге тиіс, — дейді Зәмзә Хайруллина.

Облыстың штаттан тыс бас аллергологінің айтуынша, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында шамамен 25-тей ғана аллерголог бар. Аудандарда жоқ. Олардың бәрі де облыс орталығында жұмыс істейді. Қолданыстағы бұйрық бойынша негізі 50 мың тұрғыны бар жерде міндетті түрде аллерголог дәрігер болуға тиіс.

Орталық қандай қызмет көрсетеді?

Қазіргі уақытта облыстық аллергологиялық орталық Ақтөбе медицина орталығының базасында орналасқан. Облыстық ауруханадағы аллергологиялық орталықта40 кереуеттік арнайы стационар бар, сондай-ақ мұнда күндізгі стационар және ковидтен кейінгі оңалту бөлімі де жұмыс істейді.

Қолқа демікпесі, Квинке ісігі секілді аллергиялық ауру белгілері бар науқастарғашұғыл көмек көрсетіледі.

Мұнда жетекші аллерголог мамандар еңбек етеді. Бөлім меңгерушісі Светлана Есекеева —  білікті дәрігер, пульмонолог, аллерголог, Динара Қоңыратбаева — пульмонолог, магистр, ал дәрігер Жансәуле Сейітова аллергокабинетте отырады, басқа да жас дәрігерлер бар. Сондай-ақ облыстық ауруханада кеңес беру-диагностикалық бөлімше де бар. Бұл жерде аллерголог-иммунологтар тұрғындарды қабылдап, тексеру жүргізіп, аллергиядан туындаған барлық сауалдарға жауап береді. Тыныс жолдарының демікпесі, тері аллергосынамасына зерттеу жүргізеді.

Аллергологиялық орталыққа жеке куәлігіңізбен және тұрғылықты жеріңіздегі дәрігердің жолдамасымен барып, тексеріле аласыз. Яғни «Дамумед» мобильді қосымшасы арқылы алдын ала тіркелесіз. Тіркелген адамға орталықта. мемлекеттік тапсырыс есебінентегін қызмет көрсетіледі.

Айтпақшы, облыстық балалар ауруханасында да аллергологиялық бөлім жұмыс істейді.

Маман кеңесі

Зәмзә Хайруллина аллергияға шалдыққан науқастарға әсіресе, шілде-тамыз айларында кешкі сағат 4-5-ке дейін  көшеге шықпауды ұсынады.

Сондай-ақ бетперде тағып жүруге, бетін, көзін, мұрнын, аузын, құлағын кәдімгі сумен жиірек жууға, мүмкіндік болса, көшеден келе сала душқа түсіп алуға кеңес береді.

— Үйде аллергиясы бар адам болған жағдайда тазалық жұмыстары кезінде химиялық тазарту құралдарын пайдаланбаған дұрыс. Үйдің ішін еш қоспасыз сумен жуып-сүртіп алған тиімді. Шаң-тозаңнан қашу мақсатында әсіресе ыстық, желді күндері терезе ашпай, кондиционер қолданған абзал. Ең бастысы, дұрыс тамақтануға да маңыз берген жөн. Әсіресе бояғыштары бар, консерванттары бар тағамдарды жемеген дұрыс. Маусымдық аллергиясы бар адамның ағзасы басқа да аллергендерге сезімтал келеді. Айтпақшы, аллергияны қыстыгүні емдейді, әрі ем шаралары бірнеше жыл қатарынан жүргізілсе, тиімді болады, — дейді облыстың бас аллергологі.

Әрбір төртінші тұрғында — маусымдық аллергия

Зәмзә Хайруллинаның айтуынша,қазіргі таңда аллергиялық аурулар өршіп тұр.

— Бүгінде әр отбасында аллергиямен ауыратын бір емес, бірнеше адамды кездестіруге болады. Мәселен, 100 мың адамға шаққанда аллергиямен сырқаттанушылық көрсеткіші 50 мыңнан асатын болса, онда эпидемия болып есептеледі. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 132,2 екен. Өкінішке қарай, бұл өте жоғары. Облыстың әрбір төртінші тұрғынын маусымдық аллергия мазалайды. Өкінішке қарай, аллергия жасарып барады. Бұрын екі жасқа дейінгі балаға қолқа демікпесі диагнозы қойылмайтын. Ал қазір көп бала аллергияның осы түрімен ауырады, — дейді облыстың бас аллергологі. 

Өңірлік электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметіне сүйенсек, қолқа демікпесімен 2010 жылы 1700 адам диспансерлік есепте тұрса, өткен жылғы есеп бойынша тіркеуге алынғандар саны 4017 адамға жеткен.

Зәмзә Хайруллина аллергиямен ауыратын науқастардың жыл сайын көбеюі ең әуелі экология мен тамақтануға байланысты екенін айтады. Сондай-ақ өндірістегі зиянды заттар да аллергиялық ауруды өршітеді. Жөн-жосықсыз пайдаланылған дәрі-дәрмектің де аллергия қоздыруға ықпалы бар. Бас аллергологтің айтуынша, аллергия — иммундық жүйенің түрлі сыртқы факторларға берген жауабы. Көбіне созылмалы ауруы бар ересектер мен балалардың иммунитеті түсіп кетеді, аллергияға солар жиі ұшырайды.

 Ақтөбеде циклахена көбейіп барады

Әдетте маусымдық аллергияға шалдыққандар арамшөптердің тозаңдалуынан қиындық көреді екен.

— Былтыр салыстырмалы түрде маусымдық аллергия баяу өтті. Ал биыл аллергия өршіп тұр. Оған бірден-бір себеп — 2020 жылы елімізде локдаун болды да, барлық адамдар медициналық бетперде тақты. Бетперде режимі аллергиясы бар адамдарды маусымдық әуреден едәуір қорғады. Көпшілік қашықтан жұмыс істеді, сыртқа көп шықпады. Осының бәрі аурудың бәсеңдеуіне ықпал етті.

Биыл климат та басқаша болып тұр. Жаздың басы жылы әрі жаңбырлы болып, арамшөпқаулап шықты. Біздің өлкеде аллергенді өсімдіктер өте көп. Мәселен,біздің жақта жусанның 8 түрі кездеседі. Бұған дейін аллергиялық ахуалдың себебін жусанмен байланыстырып келдік. Негізі «кінәні» аллергиялық ауруды қоздырғыш қасиетке ие циклахена деген өсімдіктен іздегеніміз дұрыс. Жусан тектес саналатын бір жарым метр, кейде одан да биік болып өсетін циклахенаны Ақтөбеде кез келген ауладан көруге болады. Исі өткір арамшөп он жылдан бері жыл сайын күш алып, көбейіп барады. Циклахена біздің өңірге бір кездері Америкадан әкелінген картоппен бірге келіпті, — дейді облыстың бас аллергологіЗ.Хайруллина. 

Арамшөптердің көбі шілденің соңы мен тамыздың басында гүлдейді. Осы кезде шаң-тозаңы көтеріліп, аллергиялық аурулар да асқынады. Биыл біздің өңірде шілде-тамыз айларында күн ыстық әрі желді болды. Тұрғындар медициналық бетпердені көп тақпайды. Маусымдық аллергияның өршуінің тағы бір себебі — осы.

Қала тұрғындары не дейді?

Қуандық Төлемісов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Маусымдық аллергия мені бала кезден мазалайды. Жаздың ыстығы мен желін сол үшін де ұнатпаймын. Жауын-шашын болып, шаң-тозаң басылса, рақаттанып қаламын. Бес жыл бұрын аллергологтарға барып, тағайындаған дәрілерін алып іштім. Пайдасы болмаған соң, дәрі ішуді тоқтаттым. Аллергияға қарсы дәрілердің бағасы да қымбат. Алайда мұрынға тамызатын дәрілерін маусым бойы қолданамын. Онсыз күнім жоқ, әйтпесе мұрным бітеліп, мазам болмайды. Дәрігерлер қыста тексеріліп, бірнеше жыл қатарынан емделуге кеңес береді. Бұл туралы жақында білдім.

Руслан Қапашев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Биыл аллергиялық аурулар өршіп тұр. Оны жеті жастағы қызым ауырғанда білдім. Өйткені осы жасқа дейін қызымның бір нәрсеге аллергиясы барын байқамадым. Биыл көзі қызарып, мұрны бітеліп, түшкіріп, мазасы қашты. Аллергологқа апардық, иммуноглобулин көрсеткіші де жоғары болып тұр. Дәрігер берген дәрілерді алып, кешенді ем қабылдап жатырмыз. Аллергологтың айтуынша, ең қиыны иммунитетті көтеру екен. Ол үшін тазалықты сақтап, дұрыс тамақтануға көңіл бөлуіміз қажет.

P.S.Биыл облыстық аллергологиялық орталыққа 20 жыл толып отыр. Облыстың аллергологтары онжылдықты кеңінен атап өтті, халықаралық конференция ұйымдастырып, фильм әзірледі. Аллергологтар жиырма жылдықты да ойдағыдай өткізуге дайындық үстінде.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button