Әдебиет

Сол бір күндер…

(Эссе)

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұратын белгілі журналист, Ойыл өңірінің перзенті Сырым Бақтыгерейұлы 80 жасқа толып отыр.

«Облыстық «Ақтөбе» газеті — менің бұрынғы кәсіби зертханаларымның бірі, өткен ғасырдың жетпіс бесінші-сексенінші жылдары аралығында осында өмірлік тәжірибеден өттім. Қалам ұстаудың дерті жеңіл дерт емес, тыным таптырмайды. Өзгенің емес, өзімнің мазасыз көңілкүйімнің тапсырмасымен сол дерттің кейбір сырларын, дәлірегі сол күндерге ой сапарымды кезең-кезеңімен қағазға түсірген едім. Соның бастауына, яғни аудандық газеттегі шуақты күндеріме арналған бөлігін облыстық газет оқырмандарына ұсынып отырмын» депті қаламгер.

Біз де аға буын әріптесімізді мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, алда да шығармашылық шабыт, қалам қайратының суымауын тілейміз!

* * *

Уақыт өткен сайын, сол бір зымырап, ғайыпқа кеткен күндер өзіңе жақындай түседі… әрине, тек еске алу арқылы. Және қандай сәулелі, қандай шұғылалы сәттер еді десеңізші?! Қоштасқың келмейді. Өзіңнің кім екенің, яғни әлдебіреулерге естелік ұсынуға моральдық құқың бар ма, жоқ па…, не әрі, не бері бола алмай, ақыры өзіңе соншалықты ыстық көрінген сезімнен босанып шыға алмайсың. Және бір інімнің: «Өзіңіз қызмет еткен аудандық газетке биыл тоқсан жыл ғой, бір лебіз білдірмейсіз бе?» дегені сол сезімді қайтадан түртіп оятып, қолыма еріксіз қалам ұстатты.

Ауданымыз тарап, жұртта қалғандай, еңсемізді көтере алмай жүргенде, шампанның тығыны атылғандай, қайран көңіл аяқ астынан шалқып шыға келді. Аяқ астынан болмас, ол тек жоғарыда не болып жатқанынан бейхабар бізге ғана солай көрінеді, әйтпесе ауданның тағдырына қабырғасы қайысып, айтысардай айтысқан, шабысардай шабысқан ойылдық, яки басқа да азаматтардың «қайран тірлігін» кейін естідік қой! Кіндік қаны басқа өңірде тамса да, Ойыл туған жеріндей болып кеткен Байсалбай аға, Байсалбай Жолмырзаев ауданымызға екінші қайтара бірінші хатшы болып келді де, экономика ғана емес, әлеуметтік, рухани салалар да өз көктемі бүр ашқандай дүр сілкініп сала берді. Аудандық газет ұжымы да аз күннің ішінде шаруасын түгендеп, ертең болатын ашылу салтанатына газеттің бірінші нөмірін әзірлеп жатты. Әзірлеп емес, материалдардың бәрі жоспарланып, жазылып, теріліп, беттеліп, енді «баспахананың майымен майланып» өскен Қалеш Жақасовтың қағазды валиктің астынан өткізуге рұқсаты, яғни валикті қозғаушы нүктені басып қалуы ғана қалған. Турасын айтқанда, салтанат сыртта да, баспахана ішінде де нағыз шарықтау шағында еді. Газет және баспахана қызметкерлерінің аудан халқына қайта құрылуға байланысты қуанышты хабарларды жеткізуге асыққан сезімінде шек жоқ. Сол сезім аяқ астынан тас-талқан болуға шақ қалды. Іште аласұрған көңілкүй толқынын билей алмады ма, Қалештің: «Әзірге үнсіз жатқан мына темір құрсау бекітілмей, валикті іске қоссақ, әріптер жан-жаққа тарыдай шашылады, құрығанда екі шелек қоқыс шығады», — дегені. Бір-бірімізді итерісіп, баспа машинасының қасына топтасқан біздің зәреміз ұшып кетті. Бастығымыз, газеттің бас редакторы Нұраға, Нұрымжан Жұмағалиев: «Қара Қалеш, қасқа Қалеш, аузыңа басқа сөз түспеді ме?!» деп шыр ете қалды. Дәл солай болса, шынында да, ол біз үшін нағыз апаттан кем соқпас еді. Өйткені сол сағаттардағы рухымыздың бағасын таразыға салу мүмкін емес, сондай рухты мына шаң-топыраққа былғай салу деген не  масқара!

Нұрағаңның шыр ете қалуы да әбден орынды. Таңертең басталатын аудан салтанатына газетсіз бару не деген сұмдық?! Сол сұмдықтан Қалештің өзі құтқарды. Өз ісінің шын мәніндегі майталманы еді, өзі мүгедек, жас кезінде ме, кейін бе, жамбас сүйегі зақымданған, бір жағына шойнаңдап жүріп, шаңға баттасып жатқан әріптерді, таңның елең-алаңында өз орнына қойып үлгерді. Салтанат басталғанда газеттің жаңа нөмірі бірінші хатшының алдында жатты. Нұрағаң, күлсе жайыла күлетін, «Өй, ақ Қалеш, төре Қалеш» деп сол күлкісімен, түнімен ұйқтамай көзі кіртиіп, аздап ұрттап қоятыны бар, соны білдіргісі келмей төменшіктей берген Қалешті арқасынан қағып, мәз-мәйрам.

«Ұрттап қоятыны бар» дегеннен шығады, сондай дерттен зардап шеккен аяулы ағаларымыздың бірі — Сәрсен Жұмағалиев. Өте жайсаң, жұмсақ мінезді, байсалды жүзіне жымия күлімсірегені жарасып тұратын, ешқандай артық сөзі жоқ, өте мәдениетті жігіт еді. Білімді, бірақ оны білдіргісі келмейтін, Идош түртпектеп, сөз тартқанда ғана, аздап ашылғанынан-ақ әдебиет әлемінің қызықты баяны қылт етіп, мұндай ортаға енді ғана келген бізді елең еткізетін. Идош, толық есімі Ибатолла Асқаров, аудандық партия комитетінен нұсқаушылықтан келді. Ойы ұшқыр, сергек, әсіресе әдебиет, әдебиет болғанда әлем әдебиетінің арғы-бергі тарихын білуге құштар, қаламы жүйрік журналист. Бірде анау-мынау емес, Шекспир әлеміне саяхаттап, Отелло мен Дездемонаның қайғылы махаббатын көңілі шалқи баяндай бастағаны сол еді, Табыл ағамыз кіріп келді де: «Әй, Идош, сүйегі баяғыда қурап қалған Отеллоның басын қатыра бергенше, давай, он жол… мана айтып кетіп едім ғой, қайда сол он жол…, ана газеттің тетігін мен немен бітеймін?» деп әп-әдемі әңгіменің астан-кестенін шығарып, қуырып ала жөнелді. Шынында да, жауапты хатшы редакция мен баспахананың арасындағы елші сияқты, екі жақтың да кем-кетігін толтыруға бірінші кезекте басы ауыратын қызметкер. Аудан басшылары редакция қызметкерлерін әзірге шыдай тұрыңдар деп, қай ғасырда бой көтергені белгісіз ғимаратқа орналастырған-ды. Ал баспахананың жағдайы одан да мүшкіл, дұрысы салтанатты көңілкүйді босаңсытпай, үн шығармаған жөн.

Қою, бұйра шашы кең маңдайына төгілген, қыр мұрынды, дөңгелек жүзді, күлімкөз сұлу жігіт Табыл ағамыз, Табыл Құлиясов, қызметіне келгенде ештеңеден тайынбайды. Өзі белгілі сықақшы, талай «дөкейлердің телпегін қайырған» шымшыма сөздің шебері, кітаптары бірінен соң бірі шығып, атағы дүрілдеп тұрған жауапты хатшы айтса бітті, әңгіме тынады, әсіресе біз, жас журналистер, қағазға қайтадан шұқшия қаламыз. Табыл кетеді, сәл тыныштықтан соң жаңағы әңгіме қайта басталады. Енді, Сәрсен аға, сәл жымиып қойып, махаббаттағы қызғаныш пен әдебиеттегі шеберліктің ұштасуы жайлы қоңыр толғауға көшеді.

Сәкең, студент, КазГУ-дің филология факультетінде оқитын кезінде-ақ қаламының ұшқырлығымен көзге түседі. Жазушылар одағының жас әдебиетшілермен жұмыс бөлімі оны әлем әдебиеті туындыларын аудару ісіне тартады. Сәрсен аға Марк Твеннің «Принц и нищий» («Ханзада мен қайыршы») атты әңгімелер жинағы, Берды Кербабаевтың «Айсолтан из страны белого золота» («Ақ алтынды аймақтың Айсолтаны») повесі, А.С.Макаренконың «Педагогическая поэма» («Ұстаздық дастан») сияқты классикалық дүниелерді мемлекеттік тілде сөйлетті. Аударма әдеби ортада өте жоғары бағаланды. Университеттен кейінгі алғашқы жылдар жас таланттың болашағынан көп үміттендірген де еді. Ол тіпті қалалық кеңестің депутаттығына сайланған болатын. Алайда талай таланттың жолын кескен дерт, яғни «шабыт шақыру» кеселі асқына келе, Сәрсен ағаны шығармашылық жолдан тайдырды. Жас отаудың берекесі кетіп, сүйіп қосылған жары Ханзададан ажырасты. «Сәрсен ағаның: «Марк Твеннің Ханзадасы менің Ханзадам да, мен — Марк Твеннің қайыршысымын ғой», — дегенін естігенде, сырттай ұстамды, шыдамды көрінетін ағаның іштей қалай күйрейтінін сезіп, тұлабойым сыздап қоя берді» деген-ді бірде Идош. Астанадан облысқа, облыстан ауданға, яғни жерлестерінің ортасына оралған аға мұнда да сол дертінен айыға алмады.

Алды кең, мінезі жұмсақ, талантты-ақ адам. Қазан төңкерісінің елу жылдық мерекесі қарсаңында-ау деймін, Қарасуда Шығанақ Берсеевке ескерткіш орнатылды. Орнатылды емес, Шығанақ жайлы терең зерттеулер жүргізіп, сүбелі еңбек жазған Идош айтқандай, дұрысы ол «дала академигінің Мәскеудегі Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі, оның Қазақстан бөлімшесінің кіреберісі алдында жыр алыбы Жамбылмен қатар тұрған, елу сегізінші жылы-ау деймін, көрме жабылғанда Мәскеуден Ақтөбеге әкелінген алып ескерткіші еді. Ескерткіш содан қозғаусыз, елеусіз жерде жата берді де, ауданның бірінші хатшысы Байсалбай Жолмырзаев пен аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Кемейдолла Төлеубаевтың табанды өтініші негізінде Ш.Берсеев өз топырағында қайтадан бой көтерді».

Сонымен, бірінші хатшы Б.Жолмырзаев ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеуге тиіс, оның мәтінін әзірлеу аудандық партия комитетінің нұсқаушысы Әли Ілиясовқа тапсырылды. Әдетте мұндай тапсырма жүктелген қызметкерлер Сәкеңе жиі келетін, әрине, көмек сұрау үшін… сол жолы да солай болды. Бірақ баяғы сол дерт, Сәрсен аға қолға түспейді, ашығын айтқанда, ішіп кетеді. Әлекең ағаның айығуын күтіп, екі-үш күнін өткізіп алды, сөйтіп, ескерткіштің ашылатын уақыты да жетті, яғни ертең… Әли редакцияда, Сәрсен аға үйінде, жартылай аш, жартылай мас… қайтесің, ақиқаты сол… Әли Сәрсенді емес, Нұрекеңді қинайды, «қызметкеріңе айтсайшы» дейді, бас редактор болғанмен Нұрекеңнің Сәрсенге сөзі өте бермейді, талантты адамның таланты,  ол айыққаннан кейін бәрін жуып-шайып жібереді. Бұл жолы, күтетін уақыт жоқ. Нұрекең шөпірін жұмсап, «қандай күйде болса да, машинаға мінгізіп, жеткіз осында» деді. Бастық айтты, бітті, тапсырма орындалды. Сәкеңнің үнжұрғасы түсіп кеткен, басын көтере алмайды. Бізге, жас журналистерге, оның мынадай күйде жұмыс істеуі, мүлдем мүмкін еместей көрінеді. Жоқ, шамасы бірінші рет емес-ау деймін. Дембелше, домаланған Қалима үнсіз келіп, машинкасына отырды, Әли машинка жанындағы үстелге газет қиындыларын жайды, Сәкеңді сүйемелдеп, машинка қасындағы орындыққа отырғызды. Сәл үнсіздіктен соң, қиындыларды шола сүзіп шыққан Сәрсен аға, тілі күрмеліңкіреп, диктовкасын бастады. Қалиманың клавиатурада үзік-үзік сыртылдаған саусақтары бірте-бірте ойнақши бастады, шамасы Сәрсен аға ұйқысынан оянса керек. Бірақ ол ойнақшу ұзаққа бармады, бір кезде ағамыздың үні шықпай, Қалима Әлиге қарады, Әли қырлы стақанға құйылған арақты ағаның алдына қойды, ол сылқылдатып екі-ақ рет жұтқанда, стакан босап қалды, өлшеулі ғана дүние болса керек. Сәкең қабағын шытып, Әлиге көз салды, Әли машинканы ымдады. Қалиманың саусақтары клавиатурада қайтадан ойнақши жөнелді. Бірінші хатшы ертесіне Әлиге сөзді әдемі дайындағаны үшін алғыс айтыпты деп естідік. Қайран Сәкең, құдай берген талантын талақтап өтті ғой.

Аға қысқа әңгіме жазудың да шебері еді, бірақ ол оны кәсіп етпеді. Бірде, бөлмеде үш-төрт адамбыз, тыныштықты Сәкеңнің мырс еткен күлкісі бұзып жіберді. Елең ете қалдық. Ағаның қараторы жүзі қызғылттанып, алдындағы қағазға үңіліп отыр. Өзі жазғанын өзі қызықтайтын әдеті бар еді, бұл жолы да сол әдетіне басса керек. Нұрланып сәл отырды да, жазғандарын умаждап, үстел астындағы ыдысқа лақтыра салды.

— Аға, неге лақтырдыңыз, оқуға бола ма? — дедік әуестігіміз ұстап.

Жауап берудің орнына ол:

— Жаңа радионы тыңдадыңдар ма? — деп қарсы сұрақ қойды.

— Жоқ.

— Радиодан тыңдаушылардың хаттары бойынша концерт берілді ғой.

— Ал …

— Сексенге келген шал кемпірінің туған күніне арнап радиодан ән орындауды сұрапты. Ән орындаушы: «Сүйемін сені, сүйкімдім менің» деп белгісіз бір сазгердің әнін шырқап тұр. Кемпірі қалай қабылдады екен деп күлкі қысқаны…

Бәрімізді де күлкі буып:

— Е, несі бар, махаббат жас талғамайды ғой, — деп жарыса мәз болдық.

Сәкең, ерінбей-жалықпай, умаждалған қағазды алып, бізге оқып берді де, қайтадан лақтыра салды. Әп-әдемі жазылған «Радио алдындағы концерт» деп аталатын әзіл әңгіме қоқыс арасында кете барды.

— Құрекеңнен шығады, — деп тағы күлімсіреді Сәкең.

Сәкеңнің Құрекең деп отырғаны — Құрал Тоқмырзин. Берсеев атындағы колхозда тракторшы болып жұмыс істеп жүрген Құралды Табыл қоярда-қоймай редакцияға қызметке алдырған еді. «Өлең жазады, қаламының желі бар» деп Нұрекеңді әбден үгіттеді. Ал бас редактор онша ықыласты емес. Ол кезде редакцияға қызметкер алу үшін аудандық партия комитетінің келісімі керек болатын. Нұрымжан қасына бас редактордың орынбасары Жандай Тәукебаевты қосып, бірінші хатшыға Табылдың өзін жұмсады. Табыл ағамыздың бір ренішті сәтте: «Алды ауыр, сөзге сараң кісі ғой. Түйіліп отырды да, «тапқан адамдарың сол болса, редакторыңа айт, өздерің шешіңдер» деп орнынан тұрып кетті. Сөйтіп, қызметке алдыртып едім» дегізген Құрекең ғой. Аудандық байланыс торабынан радио хабарын беретін аздаған сағат бөлінген-ді, фотограф ретінде тіркелгенмен Құрекеңе берілген тапсырма сол уақытты пайдаланып, хабар тарату. Сол хабарларының бірі Сәрсен ағаның әзіл әңгімесін тудырып еді.

Өмірдегі қандай құбылысты болсын, әркім өзінше қабылдайды. Құрекеңді Отар Қылипанов ағамыз: «Сары тракторын дұрыстап жүргізе алмай, ұрыстан арылмаған Құрал ма жазушы, онда сол жазушылықтың өзі онша қастерлейтін кәсіп болмады ғой», — деп кекете түйреп отыратын. Отекең Берсеев атындағы колхозды басқарды да, Құрал сонда трактор айдады. Жалғасбай ағаның Отекеңе арнаған мынадай әзіл шумағы бар: «Ақша ағаң ақкөңіл ғой аңқылдаған, Қияқбай қытымырлау қалтылдаған. Шаруаның шежіресі Отаржан ғой, «высшийды» бастауышпен алқымдаған».

Айтса айтқандай, бастауыш біліммен-ақ, қоян жылының «қырғынынан» тәлтіректеп шыққан шаруашылыққа директор болып барып, аз жылда оны облыстағы алдыңғы қатарлы деңгейге көтерген Отекеңе қалай айтсаң да жарасады. Шаруашылық «Құрмет белгісі» орденімен, өзі Ленин орденімен марапатталды. Әдебиет «шежіресін» тарқата алмағанмен, «шаруаның шежіресін» бес саусағындай білетін Отекеңе не сын бар. Құрал да өз жолын өзі біледі. Романдар мен әңгімелерді бірінен соң бірін жариялатып, «менімен де санас» дейтін қаламгерге айналды. Шымшыма сөздерінің біразы ауылдастарының есінде қалды.

1967  жылы-ау деймін, облыс орталығында журналистердің республикалық деңгейдегі үлкен басқосуы болды. Мерзімдік басылымдардың беделі шарықтап тұрған кез. Басқосуға «Правда» газетінің Қазақстандағы меншікті тілшісі Степнов қатысатын көрінеді деген сөз гу-гу етеді. Қазір меншікті тілші түгіл, сол кездің тілімен айтқанда, «Правда» газетінің бас редакторы қатысады деп те ешкімді селт еткізе алмайсың. Сонымен, редакторымыз Нұрымжан, редактордың орынбасары Жандай, радио тілшісі Құрал үшеуі редакцияның салдырлақ «Газигімен» жаңағы басқосуға кетті.

Олар жолшыбай бір аға шопанның үйіне түнейді. Шопан егде тартқан кісі екен де, бәйбішесі өзінен әлдеқайда жас, көрікті әйел көрінеді. Есімі Көкітай. Нұрымжан ағамыздың да қырықтың қырқасына шыға қоймаған кезі. Шай үстінде кесесін ұсынған сайын: «Көкітай,  қызылын молырақ!», «Көкітай, кішкене қаймағынан!»—деп Көкітай сөзін мәнерлеп қайталай береді. Ертесіне, таңғы шай алдында таза ауада тұрған Нұрекең аулада балпаңдап жүрген үйректерді, ұйқылы-ояу күйінде байқамады ма, «мына тауықтардың семізін-ай» деп қалады. Әрі қарай жолға шыққан жігіттерге ермек керек, шөпірдің қасында отырған Нұрекең Құралға: «Сен осы ақынсың ғой, қане, маған өлең шығаршы», — дейді. Құрекең миығынан күліп, аяқ астынан: «Үйректі үйрек демей тауық дедің, түнімен арақ ішіп ауып па едің. Біреудің келіншегін Көкітайлап, Нұреке, неткен өзің қауіпті едің» дейді…

Бұның бәрі сол кездің қызық оқиғалары ғой…

«Еңбек таңы» газеті («Ойыл» сол кезде солай аталатын) мен табалдырығынан аттаған алғашқы басылым да, Нұрымжан Жұмағалиев — менің ұзақ жылғы қаламгерлік тәжірибемдегі алғашқы ұстазым. Өмір көп нәрсеге үйретті, көп басшының алдынан өттім. Қанша қарапайым болса да, Нұрекеңнің мектебін кейінгі үлкен мектептердің ешқайсысынан кем көрмеймін.

Өмірлік кәсібіме қадам басқан кездегі жастық алып-ұшпа көңілмен ортаға тез бейімделгім келеді. Ал ол оңай емес. Қалештің бәріміздің зәремізді ұшырған ең бірінші нөмір әзірленіп жатқан ең алғашқы сынақта-ақ оңбай құладым. Бас редактордың орынбасары Жандай бір тақырып берді де, «бес жолдан асырма» деді. Бес жолдың қандай болатыны маған белгісіз, қысқа жазсам тақырып ашылмай қалатындай, әдемі сөздерді ойша тергілеп әлекпін. Жандай екі келіп, «бұл суреттеме емес, жай хабар ғой» деп екі қайтара ескертті. Ақыры, қолын бір сілтеді де, өзі сүйкей салды. Жалпы, журналистің өзін әр  сөзге ерекше мән беріп, шүйлігу мен қысылмай, ойға еркіндік беру арасында қалыптастыратынына талай рет көз жеткіздім.

Нұрекең сырттай өте сақ, кейде тапсырмасын қайта-қайта тексеріп, мазасыз жандай көрінетін. Кейін байқадым, керек жерінде шешім қабылдауға батыл басшы екен және тапсырмаға ынтамен кіріскеніңді көрсе, тіпті жайсаң, алыстан ғана көз салып қояды. Облыс орталығынан үш жүз шақырымдай жердегі, шиқылдақ, ескі автобусқа, көбіне ПАЗ, жолаушылар сыйса сыйды, сыймаса ашу мен реніштен булығып, адами «цензура» қойылған сөздердің біразын бұрқыратып, бұлқан-талқан үйіне қайтатын жағдайдағы, теміржол тартылмаған, ұшақ ұшпайтын шалғайдағы өңірге газет-журналдар, пошта хабарлары да кешігіп жетеді. Аудандық газет ұжымы да мына дүниеде болып жатқан жаңалықтарды кешігіп естиді. Шаруашылығы қамды болса, басқаға басы көп ауырмайтын Отекең сияқтыларға болмаса, жаңалық жаршысы редакция ұжымына бұл жараспайды.

Бірде былай болды. Жаңалыққа құлағы елеңдеп жүретін Идош: «Сырым, бүгін ғарышкерлер ұшты ғой, КазТАГ-тан хабар келгенше қашан, дұрысы, радиодан тыңдап, өзіміз жазып алайық!» — деді. «Жазғанда не істейміз?». «Газетке береміз». «Кім оған рұқсат етеді, ресми хабарлар тек КазТАГ-тың құзырында, бәлеге қалмаймыз ба?». «Жоқ, ә, ондағылар да біз сияқты байланыс желісінен алып, бізге жөнелтеді, біз де сол байланыс желісін пайдаланамыз, тек мұқият жазып алу керек». Ойланып қалдым, солай ма, солай емес пе, білмеймін, бірақ «ондағылар да біз сияқты байланыс желісінен алып, бізге жөнелтеді, біз де сол байланыс желісін пайдаланамыз» дегені, жалындап тұрған кезіміз ғой, намысымды қозғап жіберді, «жарайды» дедім. Деуін дегенмен, үстімізде бастығымыз отыр, Нұрекең «болмайды» десе, қайтеміз?! Жоқ, ол мәрттік жасады, «жақсы, жазып алыңдар» деді.

Сонымен, ғарышкерлер ұшты, Мәскеуден хабар берілді, хабарды жазып алдық. КазТАГ-тан келгенше ол хабарды газетімізге жариялап та жібердік. Белсенділік те жақсы-ау, бірақ құзырымызда жоқ үкімет ісіне бүйірден араласқандай жүрегіміз лүпілдеп, байқамай қалыппыз, хабар соңында орындалған «Кеңес Одағының гимні», әлде «Интернационал», қазір есімде жоқ, екеуінің орнын ауыстырып алыппыз, яғни «Кеңес Одағының гимні орындалды» деудің орнына «Интернационал» орындалды» деппіз немесе керісінше хабарлаппыз. Оны естігенде жүрегіміз зірк ете түсті. Бірақ ол іле-шала басылды.

Эфирден берілген: «30 июня 71 года все находившиеся на борту корабля «Союз-11» космонавты, командир корабля Георгий Добровольский, инженер-исследователь Виктор Пацаев и бортинженер Владислав Волков погибли во время возвращения на Землю. Причиной катастрофы стала разгерматизация спускаемого аппарата, которая произошла из-за преждеврменного раскрытия клапана дыхательной вентиляции» деген хабар төбемізден жай түскендей әсер етті. Дегенмен өткен нәрсе өтті, бәрібір күнделікті тіршілік өз жолымен жалғаса береді, ал редакциядағы жұмыс сырттай бұйығы көрінгенмен, іштей бұрқ-бұрқ қайнап жатады.

«Ана өлгендердің суреттері қайда, келіп пе?» деген дауысқа жалт қарасақ, Нұрекең. Ғарышкерлер емес, оның ішінде Пацаев жерлесіміз, ақтөбелік, колхоздың бір бұқасы өліп қалғандай, жүзі байсалды. Күлермісің, жылармысың?! Иә, өлер адам өлді, біздің қайғырғанымыз кімге керек, ал газеттің бірінші беті ғарышкерлердің суретін күтіп, бос тұр, пошта жеткізе алды ма, жоқ па, кешігуге болмайды, қаралы хабарды суреттерімен бүгіннен қалдырмай беру қажет.

Нұрымжан ағаны кейде түсіну қиын. Қызметі жоғарылар алдында өзін терезесі тең адамдай ұстамды ұстағанмен, қызметі төмен, мысалы, аудандық партия комитетінің қатардағы нұсқаушысы келсе, асты-үстіне түсіп, әбігерлене қалады. Бірде облыстағы тікелей басшысы Жүсіп Әлпейісовпен телефон арқылы сөйлесіп отырғаны үстінен түстім. Нұрекең орындығының арқалығын сындырып жіберердей шалқайып, достарының дастарқаны үстіндегідей жайдары отыр, тіпті ара-арасында әзіл-шыны аралас бұйрық райлы сөздерді де араластырып жібереді. Телефон тұтқасын орнына қойғаннан кейін, ағаға, жайыма қарамай әзілдесетінім бар еді: «Нұраға, бастығыңыз емес пе, кішкене сыпайылау, былай… қатардағы нұсқаушы келгенде ғой, бүйтіп шалқаймайсыз?!» деп сұрақ қойдым. Аға жайыла күліп алды да: «Сырымжан-ау, сен студент болдың ғой, аспиранттарға зачёт тапсырып көрмедің бе, жаныңды жеп жібере жаздайды. Ал профессорлар ондай емес. Нұсқаушы да сол сияқты және қасыңда, дікеңдеп мазаңды алады, сондықтан дипломатия керек, дипломатия…»деп арқамнан қақты. Нұрағаңның «дипломатиясы» шынында, кейде пайдаға асып кететінін кейін өмір де көрсетті.

Ылғи да көпшілік арасында, кермегі бар, дүрмегі бар ірілі-уақты уақиғаларға қоян-қолтық араласып кететіндіктен, солардың бәрі журналист үшін тақырып, объект, яғни материалыңның шикізаты болғандықтан қайсысын таңдарыңды білмей миың ашиды. Мысалы, Табыл ағамыз өйтпейді, біресе қыздардың көрінеу қолаң, қою шашын кестіріп, шоштитып қойғанына «Кесілген бұрым» фельетонымен сын жебесін жаудырса, үстелге отырмай, жерге жастанып тамақ ішкендерді де сықаққа айналдырып, әйтеуір, тыным таппайды. Біреу тыңдайды, біреу тыңдамайды, біреуге жағады, біреуге жақпайды, ақыры соңғысы көбірек болды-ау деймін, бала-шағасын шұбыртып, басқа облысқа көшті де кетті. Ол іші толған удай сын қырықшақты кітаптың авторы, еліміздің танымал сықақшылар сарбазы, көптеген үкімет марапатының иесі болуы. Ал мен үйте алмаймын, өмірдің жақсы жақтарын көбірек көргім келеді, мөлдіретіп соны жазғым келеді. Бірақ, қайда..а.. мен жақсы деп қабылдағанды басқалар жақсы деп қабылдамайды…

Ақыры, тақырыптың ұшы шыққандай болды. «Ауданымыздың тарихи тұлғаларын таныстыруымыз керек» деді бірде Нұрағаң. «Кімді?». «Жерлесіміз Ишанбай Қарақұловты, еліміздің денсаулық сақтау саласын екі дүркін басқарған белгілі тұлға». Ал керек болса?! Ондай тұлғаны жазуға игі ниет, албырт құштарлық аздық етеді, білік, белгілібір деңгейде сұхбаттаса алатындай дағды, тәжірибе керек, ол менде жоқ. Дегенмен тәуекел деп, бір еңбек демалысымда Ишанбай ағаны іздеп Алматыға бардым. Сескенуім бекер, аға өте қарапайым, күлімсіреуінің өзінде магниттей тартып тұратын бір сиқыры бар келісті адам екен. Үлкен бір бөлме әртүрлі салалық әдебиеттерге толы, танымдық құжаттар, жазбалар мұқият сараланып, жинақталған. Мемлекеттік архивке тапсырылмаған кезі, бай мұраға тап болғанмен, оны игеруге шамам жетпеді. Дегенмен ағаның үйінде оншақты күн болып, біраз деректерге қанықтым. Елге оралып, сол деректер негізінде Нұрағаңның тапсырмасын орындауға кірістім. Бұрынғыдай емес, ағаның рухы жебеді ме,   редакторымның рухани қолдауы дем берді ме, материал тез жазылды. Аптасына үш рет шығатын аудандық газетіміздің әр нөмірінің арасында материалды келесі нөмірге үлгеріп беріп отырдым, сөйтіп, Ишанбай ағаның балалық өмірі жайлы хикаятым газетіміздің алты санында үзбей жарияланды.

Қазір сол материалдарды қарап отырсам, сәулелі, нұрлы күндер есіме түсіп, бойымды  жанға жайлы, шәрбат сезім билейді. Анау-мынау емес, ұлы Мұқаңа, Мұхтар Әуезовке еліктеп, жаңағы Ишанбай аға жайлы хикаятымның тарауларын «Екіндіде», «Ымыртта» деп қойыппын. Кейін, Алматыға бір барғанымда, Ишанбай аға астананың іргесіндегі «Горный гигант» колхозында тұратын ағасы Бақтыгерейдің үйіне қонаққа шақырды. Қонаққа кімдер келді дейсіз ғой… Медицина ғылымының докторы, Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, елімізден Қызыл Армияның Бас штабына тұңғыш қызметке алынған қазақ офицері, белгілі әскери-барлаушы Қуаныш Мәкіров, филология ғылымының докторы, Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Әнуар Дербісалин, екеуі де ойылдық жерлес ағаларымыз, сосын есімін ұмыттым, фамилиясы Әбуов-ау деймін…, Брежневке тың көтеру кезіндегі солақай саясат туралы  атышулы хат жазған азамат екен, сөз арасында сол хат жайында да қызу айтысып жатты. Бірақ қайран жиырма бестің қызуы басқа «қызуға» бой алдырмай, өз жазбаларым төңірегіндегі пікірлерге ғана құлақ түріп отырып, мән бермеппін. Әйтпесе журналист үшін қажет, тағылымдық хат еді.

Бірді айтып, бірге кетіп жатырмын, ағалардың ескертпелері мен ұсыныс-кеңестерін арқалап, елге қайттым. Жастықтың буы көңілге желік кіргізді ме, аудандық кеңістік шығармашылық өрісімді тарылтатындай сезім пайда бола бастады. Астанаға барғым келеді, жазушылардың қанаты астында қалықтасам деп қиялданатын болдым. Бұл кезде алғашқы драмалық шығармамды облыстық шығармашылық үйі қабылдап, аудандық театрларға таратқан еді. Ойыл аудандық халық театры аудан орталығында екі күн қатарынан қойды, сосын аудан шаруашылықтарын аралап, көрермендердің кәдімгідей ықыласына бөленген-ді. Облыстық газеттің  бас мақаласында аталып, аудандық газетте сәт сапар тілеген мақала да жарық көрді. И.Тургеневтің «Литературные и житейские воспоминания» атты еңбегінен «Қара сөзбен жазылған жырларын» қазақ тіліне аударып, аудандық газетте алғашқыларын жариялай да бастаған едім.

Бірі сәтті, бірі сәтсіз ізденістер, өмірдің өзінің табиғатына сай, ауыс-күйіс құбылып, сүріндіріп-қабындырып өтіп жатты. И.Тургеневтің жырларына араға жарты ғасыр өткен соң қайтадан оралып, оның сексен үш көркем этюдін түгелдей мемлекеттік тілге аудардым. Бұл өзі орыс әдебиетінің алыбы, әлемдік әдеби кеңістікке кең танымал қайраткердің өмірінің соңғы жыл, соңғы күндерінде жазылған толғаулы ой тамшылары еді. Бұл қаламгер қаламынан туған ең соңғы көркем дүниелер болатын. Ол түгелдей «Фолиант» баспасының жанындағы «Әлем әдебиеті» журналының 2011 жылғы 3-нөмірінде жарық көрді. Аударма әдеби ортада жоғары бағаланды.

Ал Ишанбай аға жайлы хикаяттарым, ауданда сахналанған тұңғыш драмалық шығармам алғашқы ізденістің ғана жемісі ретінде қозғаусыз қалды. Кейін Біріккен Ұлттар ұйымы жанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғылыми сарапшысы, еліміздің денсаулық сақтау саласын екі дүркін басқарған әйгілі ғалым ағамен, қоғам және мемлекет қайраткерімен етене жақын танысып, жиырмашақты жыл қасында болған кезімде бұрынғы жазғандарымның жалаң жастық қиял елестері деңгейінен аса алмағанына көзім жетті. Қаншама жыл қасында болсам, соншама жылым ізденумен, естеліктер жазып алумен өтті, астанамыздағы мемлекеттік мұрағатқа бірнеше қайтара барып, ондағы аға тапсырған құжаттармен таныстым. Оның бір парасы «Ойыл» атты кітабымда жарияланды. «Егемен Қазақстан» газетінде Ишанбай аға туралы бір беттік материалым жарық көрді.«Ертегі адам» атты эссем «Ана тілі» газетінің тұтас бетін алып, оқушы қолына тиді. Бұлар көңілге демеу болғанмен, ағаның тұтас бейнесін сомдайтын сүйекті дүние жазу ойымнан кеткен емес, оған қажетті материалдар толық дерлік қолымда.

Ал сахналанған тұңғыш драмалық шығармамды, жасандылығы тұнып тұрғандықтан, жылы жауып қойғанмын. Бұл қалам ұстағанның дерті таусылмайды, соғыста мүгедек болып, масылдық жегі оймен өз тағдырын өзі тәлкекке салған жігіт пен таза махаббат дертіне ұшыраған әйелдің трагедиялық өмірі бәрібір ойымнан кетпеді. Жетпісінші жылдардың соңында-ау деймін, «Известия» газетінде генерал шенді бір әскери корреспонденттің, Кеңес Одағы Батырының, фамилиясын ұмыттым, тап осы тақырыптағы циклды материалы жарияланды. Қатты тебірентті. Қолыңнан келмесе, о баста қалам ұстамаған жөн еді, бірақ жандағы ала құйындай қайта-қайта оралып, сезім пернесін баса берген көңіл күйі, ақыры жарты ғасырдан кейін сол дүниемді қайта қарауға, былайша айтқанда, мәжбүр етті. Жақында «Жаным-ау, неге бездің зарықтырып?!» атты шығармама нүкте қойдым.

Бұларды ежіктеп отырған себебім, мұның бәрі сол аудандық газетте қызмет істеп жүрген кезде басталған шуақты күндер еді. Қазір ойлап отырсам, сол ағалардың қай-қайсысы болсын маған ерекше ыстық, өйткені әрқайсысы жеке мінез-болмыстарымен өмір деген құпия әлемге сын көзімен қарауға үйретіпті. Отандық әдебиеттен әлемдік әдебиетке дейінгі ғажайып кеңістікке қызығу сезімін оята білген Сәрсен Жұмағалиев, аудандық газетті шын мәнінде аудан айнасына айналдыра алған басшымыз Нұрымжан Жұмағалиев, ол өлке тануды да ұйымдастырушы, белгілі қазан төңкерісі кезіндегі оқиғалар жайлы республикалық газет-журналдарға мөлдіретін мақалалар жариялатты, аудандық газет редакторының орынбасары, кейінгі облыстық радио комитеті басшыларының бірі, дәлірегі бас редакторы Жандай Тәукебаев, кейінгі облыстық «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы, бас редакторы, Шығанақ әлемін кең шарлаған, ол туралы академиялық, тамаша танымдық дүниелер жазған, қаламынан өңіріміздің ХIХ ғасырдағы тарихи оқиғаларын, оның ішінде ұлт-азаттық қозғалыстың белгілі басшыларының бірі Әзберген Мұңайтпасовтың қиямет тағдырын кәсіби тарихшылардай баяндаған, атының өзі сөйлеп тұрған «Рухтың оянуы» атты кесек дүние иесі Идош Асқар, аудандық партия комитетінің идеология саласын басқарған, өзі де қаламгер, «Ат үстіндегі аттаныс» атты шығармасымен белгілі Қарылға Кереева, басында айтқанымыздай, қаламын уға малып жазатын, қазақ сықағының атасы Асқар Тоқмағанбетовтен бата алған, батаның бағасын қадірлеп қырықшақты уытты дүниелерді өмірге әкелген Табыл Құлияс сияқты аға-апаларымыз  шалғайдағы шағын аудан редакциясында қызмет бабында басы қосылған соң, редакцияның  тұрымтайдың ұясындай шағын бөлмесін шығармашыл шалқар көңілкүйге толтырмағанда қайтеді.

Қазақта «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?!» деген қанатты сөз бар.Сол «көк дөнен көңіл» аудан кеңістігіне сыймай, астанаға тартты да тұрды. «Лениншіл жас» газетінің Батыс Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшісі Фариза Оңғарсынова «Пионер» журналына бас редактор болып бекіп, орны босапты. «Лениншіл жастың» беделі дүрілдеп тұр, табалдырығынан аттауға «жүрек жұтар» батылдық керек. Ал Фариза Оңғарсынованың, оның алдында сол өңірде тілші болған Әнес Сараевтың есімдері ел аузында, қаламгерлік мектебін қалыптастыра бастаған дарындар. Солардың ізін басып, ісін жалғастырудың тәуекелі өз алдына бір асқар тау. Дегенмен «тәуекел ет те, тас жұт», мұндай мүмкіндік кездесе бермейді.

Ағам Бақыт аудандық тұтынушылар одағында бас есепші болып қызмет істейтін, одақтың Алматы түбіндегі демалыс үйіне жолдама алып берді де, төрт жарым жыл қызмет еткен ұжымыма «Хош, аудандық газет!»  деп, астанаға тартып тұрдым. «Мен келдім, «Лениншіл жас», қабыл аласың ба?» деймін іштей жүрегім лүпілдеп…

Басқа жаңалықтар

Back to top button