Ауыл

65 бригада жұмылдырылды

Ырғыз

Биыл Ырғыз ауданында жоспар бойынша 197 800 тонна қысқы мал азығы дайындалуға тиіс. Бүгінде бұл тапсырма артығымен орындалған. Қазір аудан бойынша шаруалар 202 579 тонна шөп жинаған. Көрсеткіш 102,4 пайызға жетіп отыр.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Есет Молыбаевтың айтуынша, қысқа дайындалған шөптің 163 599 тоннасы немесе 80,8 пайызы тасып алынған. Тасылған шөптің 101 784 тоннасы немесе 62,2 пайызы мал қыстақтарына, 61 815  тоннасы немесе 37,8 пайызы жеке тұрғындарға үлестірілген.

Биыл мал азығын дайындауға аудан бойынша 65 бригада және 355 ауыл шаруашылығы техникасы, атап айтсақ, 90 трактор, 88 прицеп, 72 косилка, 48 шөп престегіш, 57 тырма жұмылдырылды. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде ауданда 299 ауыл шаруашылығы құрылымы бар болса, оның 265-і — шаруа қожалығы, 15-і — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10-ы — өндірістік кооператив, 9-ы — ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Жыл артқан сайын шаруашылықтарда мал басы көбейіп келеді, — дейді ол.

Жалпы биыл ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 6 млрд 16 млн 900 мың теңгеге жетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артық.

Сондай-ақ биыл аудан бойынша барлығы 390 гектар жерге бау-бақша дақылдары егілген.  Тапсырма 100 пайызға орындалған, қазір шаруашылықтар бақша өнімдерін жинап жатыр.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button