Басты жаңалықтарМереке

Шекарашылардың мерейлі белесі

Биыл Шекара қызметінің құрылғанына — 30 жыл. 1992 жылы 18 тамызда Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылған еді.

Айтулы датаны еліміздің шекарашылары кең көлемде атап өтті. Кәсіби мерекесі қарсаңында ақтөбелік 50 шекарашы марапатталып, ел тыныштығы жолында жасап жатқан жұмыстары үшін алғысқа бөленді. Ақырғы демі таусылғанша антына адал болып, қызмет барысында қаза тапқан шекарашыларды құрметпен еске алды.

Шалқар ауданының тумасы Ерлан Ниязов — сондай қызметкерлердің бірі. 2007 жылы контрабандашылармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан шекарашыға қайтыс болғаннан кейін, «Мемлекеттік шекараны үздік күзеткені үшін» медалі беріліп, «Сарыағаш» шекара заставасының тізіміне енгізілген болатын.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында Шекара қызметінің 30 жылдығына орай ескерткіш бой көтерді. Отан сақшыларының құрметіне арналған ескерткіш астанадағы Мұстафин-Момышұлы  көшелерінің қиылысында орналасқан. Мүсіннің жалпы салмағы — 15 тонна, ал ұзындығы — 440 см.

Ескерткіштің этнодизайнері Қарабдал Ерболат мүсіннің жасалу тарихы мен идеясы жайлы:

Мүсінді бір жарым айдың ішінде жасап шығардық. Жұмыс барысына генералдардың өздері қатысты. Бұл ескерткіш — ортақ идеядан туындаған дүние,шекарашыларға құрметтің бір белгісі. Мүсінді стеклопластиктен жасадық. Сынбайды, майыспайды, — деді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button