Ауыл

Кіл мықтыдан ең мықтыны анықтаған күн

Әйтеке би

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әйтеке биде Балқы Базар Оңдасұлының 180 жылдығына арналған шара және Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған республикалық қазақ күресінің турнирі өтті.

Балқы Базар Оңдасұлының 180 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы» эстрада-вокал және термешілер байқауына Қарғалы, Алға,Қобда,Әйтеке би ауданының таланттарымен қатар, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облыстарынан да өнерпаздар келді.

Термешілер байқауы бойынша бас жүлдені aқтөбелік Бақыт Арыстанғалиева жеңіп алды. 1-орын қызылордалық Марат Сүгірбайға бұйырды. Эстрада-вокал орындаушылар байқауында бас жүлде Қарғалыдан келген Томирис Мақсатқа бұйырды. Байқаудың бұл түрі бойынша 1-орынды қобдалық Ердәулет Қуандық алды.

Барша өнерпаздарға арнайы дипломдармен қатар, ақшалай сыйлық берілді.

Ал Темірбек Жүргеновті еске алуға арналған турнирге еліміздің 4 өңірі мен облыстың 6 ауданынан барлығы 110 палуан қатысып, бозкілемде бақтарын сынады. Спортшылар 6 салмақ дәрежесінде күш сынасып, өзара «Түйе палуанды» анықтады.

Турнир аясында Темірбек Жүргеновке арналған танымдық-ақпараттық конференция өтті. Шараға «Т.Жүргенов қоғамдық қорының» төрағасы Сәби Әбдіқадырұлы, Жүргеновтің немере туысқаны, зейнеткер Жағыпар Нұржанов ,Жалағаш аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Асылбек Тынарбайұлы қатысып, қазақтың  қайраткер ұлы туралы пікірлерімен бөлісті.

Сәби Әбдіхалықұлы Т.Жүргенов туралы роман жазылып жатқанын,алдағы уақытта жерлесіміз туралы сериал түсірілетіндігін, бүгінгі таңда сериалдың сценариін жаздыруға тапсырыс берілгендігін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button