Ауыл

Егін жинау науқаны жалғасып жатыр

Мәртөк

Облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды. Аудандағы егін жинау науқанымен танысып, бірқатар шаруа қожалықтарын аралады.
Қазір жеміс-жидек пен көкөністің саудасы қызып тұрған шақ. Мәртөкте 2017 жылдан бері көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың бірі — «Мәртөктің эко-өнімдері» жеке кәсіпкерлігі. Шаруашылықта көлемі 12,5 текше метр болатын 4 ұңғыма бар. Биыл көктемде 5 гектар аумаққа құлпынай, 2 гектар жерге жүгері, 1 гектарға қара бүлдірген мен қарақат егіп, маусым айында 15 тонна өнім жинаған. Шаруашылық өнімдерін Ақтөбемен қатар, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне де экспорттады.

Ал «Рад-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 502 ірі қара мал және 750 қой бар. Биыл жыл басында шамамен 2800 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдарын еккен. «Родники-Агро» серіктестігі бидай, тары, күнбағыс, мақсары, судан секілді дәнді дақылдар егіп, бүгінде мол өнім алып отыр. Егін жинау жұмыстары 19 комбайнмен жүргізіледі. Сондай-ақ мұнда сыйымдылығы 14800 тонна астық сақтауға арналған 7 қойма мен астық тазалау машинасы бар.

Айта кетейік, Мәртөк ауданында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Өткен сенбіде жәрмеңкеде 1,5 тонна қарбыз, 1 тонна қауын , 200 келі қияр, 100 келі қызанақ пен қырыққабат, ет және сүт өнімдері сатылды.  Сондай-ақ бір бума шөп бағасы 500, ал бір тонна шөп (арбада) бағасы 50 мың теңгеден болды.
Жәрмеңкеде тауар өндірушілер барлығы 10 тоннадан астам түрлі өнім әкелді.

А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button