Ауыл

Ырғызда қос балабақша жөнделіп жатыр

Ырғыз

Биыл Ырғыз ауданында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында екі балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның біреуі Құтикөл ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасы болса, екіншісі — Құрылыс ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасы.

«Айгөлек» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу 1 маусымнан басталды. Оған бюджеттен  136​ млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйым — «Мұнай құрылыс сервис» ЖШС.

Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ардақ Мырзағалидың айтуынша, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сәйкес нысан қазан айында пайдалануға берілмек.

Ал Құрылыс ауылындағы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жасау үшін өткен жылы арнайы жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Биыл «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында «Аймар Строй Сервис» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба құны — 58 млн 868 мың теңге. Жөндеу жұмыстары наурыз айында басталған. Жуырда нысан пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда ғимараттың шатыры ауыстырылып, сырты толық алмастырылған. Енді ішкі жөндеу жұмыстары жасалып жатыр.

Аудандық білім бөлімінің деректеріне сүйенсек, биыл аудан бойынша 3007 оқушы жазғы демалыста сауықтыру шараларымен қамтылған. Оның ішінде аз қамтылған және әлеуметтік көмек алатын осал отбасының 645 баласы жазғы лагерьге жолдама алған.

Мысалы, маусым айында «Ракетка» лагеріне 72 білім алушы, «Нұр-Сұлтан» лагеріне 100 оқушы демалуға жіберілген. Сонымен қатар шілде-тамыз айларында «Жаңарған Түркістан — Шымкент» атты үш күндік тарихи-мәдени, рухани-танымдық  экскурсиялық саяхат бағдарламасы бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Оған 119 оқушы барған.

Биыл жаңа оқу жылында аудан бойынша 332 бала 1-сыныпқа қабылданып отыр. Жалпы аудан бойынша бүгінде 21 мектеп бар, — дейді А.Мырзағали.

Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button