Спорт

Туған күнгі сыйлық

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 3:1

Сенбі, жексенбі күндері — 20-21 тамызда кезінде кейінге қалдырылған 13-тур ойындары өткізілді.

Жеңіске жеткендерімен, «Ақжайық» та, «Мақтаарал» да соңғы 13-14 орындардан ілгері жылжи алмады. Төрт команда тең ойынды қанағат тұтты. «Астана» мен «Қайрат» қарсыластарын бір ұпай артықшылығымен ғана жеңді. Жалпы қонақ командалардың біреуі ғана ұтысқа ие болды.

Ал чемпионат басталғалы 111 кездесу өткізіліп, 267 гол соғылды. Қақпаларға орта есеппен әр ойында 2,41  голдан өткізілді.

*   *   *

Бұл күні «Ақтөбе» футбол клубының құрылғанына 55 жыл толуына арналған салтанаттан соң жерлестеріміз «Ордабасы» командасын қабылдады.

Көтеріңкі көңіл күйді одан әрі жалғастыруды мақсат тұтқан ақтөбеліктер бірден есеп ашты. 1-минутта-ақ жедел шабуылға шыққан ақтөбеліктер қонақтардың ойлануына да мүмкіндік бермеді. Оң жақ қанаттан Дмитрий Шомко қақпа алдына қарата әуелете пас тастады да, осы маңда жүрген Рожерио Шина алдына келе қалған допты сол аяқпен еңірете тепті, шымкенттік қақпашы Бекхан Шайзада орнынан қозғала да алмай қалды — 1:0.

Әрине, «Ордабасы» қарсы шабуылға көшті. Арада 10 минут шамасы өткенде біздің қорғаушыларымыздың сылбыр қимылын тамаша пайдаланған шымкенттіктер жауап гол соқты. Шебер футболшылардың бірі Эльхан Астанов дәл қақпа алдында Шохбоз Умаров арқылы өзіне еш бөгетсіз берілген допты қақпаға еш қиындықсыз енгізе салды — 1:1.

Жанкүйерлердің тынымсыз қолдауын сезінген «Ақтөбе» қайтадан шабуылға көшті. Осындай шабуылдардың бірінде алаңның орта тұсынан қақпаға қарай Юрий Логвиненко әуелете тастаған допқа тағы да Рожерио Шина жетті. Пасты дәл қақпаның қасында баспен қағып түскен ол допты бірден оң жақ «тоғыздыққа» дәл бағыттады, созыла ұмтылғанымен қақпашының қолы допқа жетпеді — 2:1.

Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда «Ордабасы» есе қайтаруға ұмтылумен болды. Алма-кезек шабуылдар жүріп жатты. 77-минутта шымкенттік Всеволод Садовский жасаған соққыдан соң доп біздің қақпамыздың маңдайшасына тиіп кері серпілді. Осыдан соң ақтөбеліктер қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Бірақ бұл шымкенттіктерді қателесуге мәжбүр етті. Есепті теңестіруге қатты құлшынған ордабасылық футболшылар жаппай ілгері шауып, өз қорғаныстарын әлсіретіп алды. Оның үстіне алаңға запастан шыққан ақтөбеліктер де командаға тың қуат қосқан еді. Қалай болғанда да, ойын соңында алаңның ақтөбелік бөлігінен Йоахим Адукор әуелете тастаған пасты Уго Видемонт қасында жүрген қарсыласынан ерекше мұияттылықпен тартып алып, өз алдына салды да, тура қақпаға қарай жүйткіді. Ал дәл қақпа алдына келгенде екі жағындағы екі қорғаушының ортасында жүріп, жүгіре шыққан қақпашыға қарсы қитұрқы соққы жасады, қақпашының оңға қарай алдана құлап түспеске амалы қалмады — 3:1.

Осылайша үзілістен кейін қайта жалғанған додада «Ақтөбе» тағы да үш ұпайға ие болып, турнир кестесінің басындағы орнын ешкімге бермеді. Рас, қарсыластар қақпасы алдында біздің футболшыларымыздың шалт қимыл жасай алмай қалған сәттері болды. Рас, біздің команда құрамында алаңға алғаш шыққан Бауыржан Байтана үздік өнер көрсете алмады. Дегенмен мұның барлығын бас бапкер Андрей Карпович кейін асықпай талдайтыны сөзсіз.

«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 3:1

Гол авторлары: Рожерио Шина, 1-минут (1:0); Эльхан Астанов, 12-минут (1:1); Рожерио Шина, 27-минут (2:1) Уго Видемонт, 90+4 минут (3:1).

Ескерту қағазын алғандар: Владимир Гинаитис, 32-минут; Темірлан Ерланов, 60-минут («Ақтөбе») — Шохбоз Умаров, 35-минут («Ордабасы»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов, қақпашы, Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Владимир Гинаитис (Әділхан Таңжарықов, 46-минут), Юрий Логвиненко, капитан (Руслан Камболов, 33-минут), Артурас Жулпа (Йоахим Адукор, 83-минут), Бауыржан Байтана (Рамазан Оразов, 69-минут), Уго Видемонт, Рожерио Шина, Сердер Сердеров (Виталий Балашов, 69-минут).

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Арман Кеңесов, Максим Самородов, Эрнест, Жерар Гоу.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

21 тамыз 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 13 400 адам.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 16 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 32. Доп айырмашылығы — 25:18.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 3 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 3 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 3 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ақсу»-«Қайрат» — 1:2

«Тобыл»-«Тараз» — 2:2

«Шахтер»-«Атырау» — 0:0

«Ақжайық»-«Каспий» — 2:0

«Мақтаарал»-«Тұран» — 2:0

«Астана» — «Қызылжар» — 1:0

*   *   *

16-турдан соң командалар турнир кестесіне төмендегідей ретпен орналасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 32 ұпай
  2. «Астана» (Нұр-Сұлтан) — 30 ұпай
  3. «Ордабасы» (Шымкент) — 26 ұпай
  4. «Тобыл» (Қостанай) — 26 ұпай
  5. «Қайрат» (Алматы) — 26 ұпай
  6. «Тараз» (Тараз) — 24 ұпай
  7. «Атырау» (Атырау) — 22 ұпай
  8. «Каспий» (Ақтау) — 22 ұпай
  9. «Шахтер» (Қарағанды) — 21 ұпай
  10. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 17 ұпай
  11. «Тұран» (Түркістан) — 16 ұпай
  12. «Қызылжар» (Петропавл) — 15 ұпай
  13. «Ақжайық» (Орал) — 15 ұпай
  14. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 13 ұпай

«Тұран» мен «Ақжайықтың» басқалардан бір кездесуі кем екендігін еске саламыз.

*   *   *

17-тур ойындары 26-27 тамыз күндері өтеді.

26 тамыз, жұма

«АҚТӨБЕ» — «АҚСУ»

«Мақтаарал» — «Шахтер»

«Ақжайық» — «Атырау»

27 тамыз, сенбі

«Каспий» — «Қайрат»

«Тобыл» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Астана»

«Қызылжар» — «Тұран»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button