Әлеумет

Нәтижелі жұмыспен қамту

  • Брифинг

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы кеңінен баяндады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 тамызына дейін 18 394 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 7227-сі — тұрақты жұмыс орны.

— Халықтың әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты азайту — өңір дамуының басым бағыттарының бірі. Бұл мақсатта облыста кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылып келе жатыр.

Бұл жобаның негізгі мақсаты — халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Ұлттық жоба аясында жыл басынан бері 31 373 жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтсақ, 728 адам қысқа мерзімді кәсіптік курс оқуға, 947 адам «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқуға жіберілді. Бизнес идеяларын іске асыру үшін 15 адамға 18,4 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз  грант берілді, — деді басқарма басшысы.

Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, биыл жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болған. Жұмыссыздар саны — 21,2 мың адам. 15-28 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі — 2,8 пайыз. Жұмыссыз жастар саны — 2212.

Бүгінде www.enbek.kz республикалық сайтының «Жұмыс» порталында 6403 бос жұмыс орны жарияланған. Порталда бос орындар бойынша деректер қоры үнемі жаңартылып отырады. Сондай-ақ өңірде жүйелі түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Биылдың өзінде 35 жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған 1302 адам қатысып, нәтижесінде 839 адам жұмысқа орналасқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық жобалар шеңберінде өңірлік жұмыспен қамту картасы қалыптастырылып, 9222 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Қазіргі таңда 2047 адам жұмысқа орналасты. Аталған бағыттар бойынша іс-шаралар жалғасады, — деді Асланбек Шүйіншалиев.

Брифинг соңында басқарма басшысы тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы қалған сұрақтарына жауап берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button