АуылБасты жаңалықтар

Байғанин ауданы ауыз сумен жүз пайыз қамтылады

  • Ауыл — ел бесігі

Қазіргі таңда Байғанин ауданындағы Көлтабан ауылдық округіне қарасты Жарлы ауылында құрылыс жұмыстары қарқын алды. Атап айтсақ, елді мекенде орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатса, ал әкімдік ғимараты мен спорт кешені жаңадан бой көтермек. 

Осы уақытта Байғанин орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында мұндағы балалар қасбеті мен жылу жүйесі жаңарған, ауласы ретке келтірілген екіқабатты білім ордасына бармақ.
—  Жылу жүйесі жаңартылып, мектептің ауласына тас төселу үстінде. Сондай-ақ спорт алаңы салынбақ. Осы мақсатта бюджетен 112 миллион теңге бөлінді. Ауылдан 7 адам жұмысқа тартылды. Жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін бәрі аяқталады, — дейді Көлтабан ауылдық округінің әкімі Сүлеймен Бітімбаев.
Оның айтуынша, білім мекемесінде 400-ге жуық бала оқиды. Мұғалімдердің саны — 72.
Ал Жарлы ауылындағы әкімдік қызметкерлері енді су жаңа ғимаратта отырмақ. Күзге салым аталған нысан пайдалануға беріледі.
— Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Негізінен, Отандық материалдар қолданылды. 6-7 адам қазір құрылыс басында жүр. Бұйыртса, осы тамыз айының соңында ашылу рәсімі болмақ, — дейді мердігер ұйым — «Стронеф» ЖШС өкілі Әлихан Убайдуллин.
Жергілікті әкімдік ғимаратының құрылысына 106 миллион теңге берілген. Ғимараттың аумағы — 255 шаршы метр. Мұнда әкімдік қызметкерлерімен бірге учаскелік дәрігер мен мал дәрігері кеңсесі болады.
Әкімдіктің бұрынғы ғимаратынды енді балабақша орналаспақ.
Бұдан бөлек, жарлылықтар жаңа спорт кешеніне баратын болды. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған ғимаратқа спорттық құрал-жабдықтар жеткізілген бойда салтанатты ашылуы өтеді.
— Кешендегі залда спорттың сан түрімен айналысуға болады. Ғимаратта күрес залы да бар.
Негізінен,  құрылыс жұмыстары маусым айында бітті. Ғимаратты салуға 256 миллион теңге аударылды. Енді тек спорт құралдарын күтіп отырмыз. Кешен қыркүйек айына таман ашылады. Мұнда 22 адам жұмыспен қамтылмақ, — деп атап өтті Байғанин аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Болатбек Қонаров.
Айта кетейік, Байғанин ауданында барлығы 3 спорт кешені бар. Келер жылы басқа ауылдарға осындай 2 ғимарат салу жоспарланып отыр.
Байғанин ауданының орталығы — Қарауылкелді ауылында жаңадан тұрғын алабы пайдалануға беріліп, көппәтерлі үйлер салынып жатыр. Тиісінше газ, су, жарық желілері тартылып, жұртшылықтың жайлы өмір сүруіне мән берілуде.
Қазіргі уақытта аудан орталығындағы Жаңа құрылыс-1 көшесінде газ құбыры тартылып жатыр. Мұнда барлығы 138 учаске бар.
— Жобаға 112 миллион теңге бөлінді. Құрылыс басында 10-нан астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. 26 тамызда барлығын бітіреміз деген жоспар бар, — дейді «Ақ жарық энерджи» ЖШС директоры Барлық Мыңбаев.
Сол сияқты Әуежай көшесінде де құрылыс жұмыстары ерекше қарқын алған. Бұл жерде 16 пәтерлі һәм 2-қабатты жалдамалы үйдің іргетасы қаланған. «Жобаға 186 миллион теңге бөлінген. Ғимараттың аумағы — 1083 шаршы метр. Қазіргі уақытта қабырғаларын соққалы отырмыз. Жалпы, құрылыс материалдарының 80 пайызы келіп тұр. Дені — отандық өнімдер. 15 адамнан құралған жұмыс тобы еңбек етіп жатыр. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы басталған құрылыс биылғы қазан-қараша айында аяқталады», — дейді «Design school» ЖШС өкілі Қолдас Қошмағамбетов.
Ресми деректерге сүйенсек, Байғанин ауданында әртүрлі санаттағы 225 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бірер айда соның 16-сы жоғарыда аталған тұрғын үйге қоныстанбақ.
Қарауылкелді ауылындағы «Болашақ» тұрғын үй массиві де жыл санап кеңейтіп  келді. Мұндағы 1007 учаскенің 204-і — газбен, 315-і — электр желісімен, 320-сы сумен қамтылған. Бүгінгі таңда тұрғындарға 665 жер телімі беріліпті. Бірақ баспанасын салып, қоныстанғандардың саны — әзірге 43. Жергілікті билік инфрақұрылым игіліктері толығымен жеткен соң мұндағы тұрғын үйлердің көбейетініне бек сенімді.
— Биылғы жартыжылдағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, біз біраз салалар бойынша жоспарды орындадық. Тек инвестиция тарту мен бөлшек сауда жағынан жетіспеушіліктер бар.
Аудандағы орташа еңбекақы мөлшері — 273 мың теңге. 576 жұмыссыз адам бар.
Ауданда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді, төрт түлік жыл санап көбею үстінде: 24 мың жылқы, 48 мың ірі қара, 144 мың қой-ешкі, 4 мыңға жуық түйе бар. Қазіргі уақытта қыс мезгіліне мал азығын дайындап жатырмыз. Жоспардағы меженің 34 пайызы әзір тұр. Жұртшылықтың ыңғайлылығы үшін шөп жәрмеңкесін өткізуді қолға алдық.
2024 жылға дейін ауданның жүз пайызын ауызсумен қамтуды жоспарлап отырмыз.  Былтыр 5 ауылға — Алтай батыр, Қораши, Көкбұлақ, Қосарал және Қопаға орталықтандырылған ауызсу желісін тарту жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқталғалы отыр. Биыл Жаңатаң, Баршақұм, Дияр ауылдарына су құбырын салу ісі басталды. Сонымен қатар халқы аз қоныстанған елді мекендерге кешенді блок-модуль орнатылмақ.
Газбен қамтуға келсек. Өткен жылы Жарлы, Ноғайты, Кемерши ауылдарына газ жеткен еді. Енді сондағы клубтарды көгілдір отынға қосып жатырмыз, — деді баспасөз туры аясында ұйымдастырылған брифингте Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.


Сонымен бірге, аудан әкімі журналистерге «Ақ шағала» тұрғын алабында салынған шағын көпірді көрсетті. Демеушілердің көмегімен тұрғызылған көпір, әсіресе, көктем-қыс айларында әрі-бері қатынау қиындық тудырғанда тұрғындарға жақсы болды. Сол арқылы орталыққа барып-келу жергілікті халықты енді  әбігерге салмайды.

­­Айбек СЕРІКҰЛЫ,
Ақтөбе-Байғанин-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button