Мәдениет

Жаңа деңгейдегі оқулық

Қай кезде де білім беру саласының барлық буындарында жақсы бағдарламалар мен соған сәйкес жазылған оқулықтардың орыны ерекше. Алайда, монографияға қарағанда, оқулыққа ерекше талаптар қойылады. Ең бастылары: оның құзырлы министрлік ұсынған бағдарламаға сәйкестігі, тілінің жатық және түсініктілігі, нақтылығы, жастардың қабылдау ерекшеліктерінің ескерілуі. Сондай-ақ оқулық көпсатылы талдаулар мен талқылаулардан, тексеріс-бақылаулардан өтеді.

Әуелі  кафедра деңгейінде талқыланып, сонан соң оқу орнының ғылыми кеңесінің талқысына ұсынылады, онда мақұлданған жұмыс шешім шығару үшін министрліктің республикалық  оқу-әдістемелік кеңесіне жіберіледі. Біз пікір білдіріп отырған танымал философ, профессор Алтай Тайжанов пен тәжірибелі ұстаз, аға оқытушы Гүлдариға Симұқанованың «Философия» пәнінен оқулығы осы талаптардан өткен және республикалық оқу-әдістемелік бірлестік шешімімен Қазақстан Республикасының барлық жоғары оқу орындарына пайдалануға ұсынылған еңбек.

Философия пәнінен жазылған бұрынғы оқулықтар мен оқу құралдары авторлардың жеке бастамаларымен немесе ескі оқу бағдарламалары негізінде дүниеге келген. Ал өткен оқу жылында философия пәнінен жаңа типтік оқу бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама тақырыптарының мүлдем жаңа болуы және соған сәйкес оқу құралдарының жоқтығы ұстаздар қауымына, әсіресе, жас оқытушыларға сабақ өткізуде белгілі деңгейде қиындықтар туғызды.

Еліміздегі және жалпы әлемдегі пандемия туғызған дағдарыс білім беру саласын да айналып өткен жоқ, ұстаздар студенттерді қашықтан оқытуға мәжбүр болды. Алайда бұндай жағдайға бейімделген оқулықтар бізде жоқ еді. Міне, осындай жағдайдан шығу мақсатында тәжірибелі ұстаздар осы оқулықты жазуды қолға алған болатын. Оқулықтың басты ерекшелігі, ол бұрынғыша дәстүрлі түрде қолдануға да, онлайн форматта оқытуға да ыңғайландырылып жазылған.

Оқулықтар мен оқу құралдарын жазу барысында психологиялық-педагогикалық талаптарды сақтау басты қағидалардың бірі болып есептеледі. Авторлар бұл қағиданы да назарларынан тыс қалдырмаған. Психологиялық-педагогикалық зерттеулер нәтижесінде ұсынылған кеңестер бойынша студенттерге берілетін дәрістерде білім алушылардың белсенділігіне, қызығушылығына көңіл бөлінуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда авторлардың барлық тақырыптар бойынша ұлтымыздың этномәдени болмысына қатысты материалдар беруі студенттер үшін де, еңбек жолын енді бастап жатқан жас ұстаздар үшін де зор маңызға ие. Бұл айтылғандар, әсіресе, оқулықтың ұлттық танымға, ұлттық санаға, тілдік танымға, халқымыздың этикалық болмысы мен эстетикалық әлеміне қатысты талаптарынан ерекше көрінеді, студенттер тарапынан рухани тарихына деген қызығушылық туындайды. Бұны оқулық авторларының дәріс материалдарын баяндау мен қолданудағы жетістіктері деп бағалағанымыз жөн. Оқулық студенттерге арналғандықтан, оның тілдік нормаларды, тіл тазалығын сақтауы, логикалық тұрғыдан ұстанымдылығы, ой анықтығы басты шарт болуы тиіс. Тәжірибелі ұстаздар бұл талаптарды толық сақтаған.

Жоғарыда біз жаңа типтік бағдарламада оның тақырыптарының түбегейлі өзгергендігі туралы айттық. Солардың бірқатары бүгінгі білім алушылардың сұраныстарынан туған. Бүгінгі білім мазмұнының тез өзгеретінін айтпағанда, білім алушылардың ел тарихын, оның рухани-мәдени болмысын білулері – заман талабы. Сондай-ақ рухани жаңғыруға қол жеткізуіміз керек.

Авторлардың жаңа бағдарламадағы: ойлау мәдениетіне, ұлттық санаға, еркіндік мәселесіне, қазіргі заманғы дінге, Қазақстанның жаңа философиясына назар аударулары осы қажеттіліктерден туған деп білеміз. Авторлардың оқулыққа енген тақырыптардың практикалық сұрақтары мен қолданыстарына назар аударғандықтары оның баяндау әдісінен де, ішкі мазмұнынан да көрініс тапқан. Ал оның өзектілігі — оқулықтың жаңа типтік бағдарламадағы алғашқы оқулық болуында және оның сол бағдарлама бойына республикамыздағы бірінші оқулық екендігінде.

Авторлар өздерінің педагогикалық және психологиялық көпжылғы тәжірибелері мен білімдерін пайдалана отырып, білім технологиясын сақтауға да ерекше назар аударған.

Оқулықтың тағы бір ерекшелігі — жоғарғы оқу орындарындағы бұрынғы дәстүрлі білім беру процесінің басты элементтерін сақтай отырып, қазіргі заманғы қашықтан оқыту әдісіне де бейімделіп жазылғандығы. Ал бұл өз кезегінде оқулықтың әдістемелік деңгейінің жоғары дәрежеде екендігінің көрсеткіші.

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Педагогика-психология институты» директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, доцент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button